Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ: Аймақ бітірушілері үшінші рет үздік

ҰБТ: Аймақ бітірушілері үшінші рет үздік

Қызылорда облысының оқушылары ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша жоғары көрсеткішін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өңір түлектері ҰБТ-ның орташа балы бойынша үш жыл қатарынан республикада көш бастап келеді.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде атап өтілді. Президент білім беру саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, мұғалім тапшылығын азайту, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, өңірлер арасындағы білім сапасы айырмашылығын қысқарту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін мектеп жүйесіне енгізу қажеттігін айтты.
Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың қабілетін дамытуға қолайлы орта қалыптастыру және тәрбие жұмысының маңызын күшейту мәселелеріне де назар аударылды.
Аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты көрсеткіштерді сөз еткен Президент биылғы ҰБТ қорытындысына тоқталып, жоғары нәтижеге қол жеткізген өңірлер қатарында Қызылорда облысын да атады.
Мемлекет басшысы білім көрсеткіші төмен аймақтарға әдістемелік әрі практикалық қолдау көрсетудің маңызын атап, бұл бағытта жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруда үздік нәтиже көрсеткен мектептердің тәжірибесін кеңінен қолдану қажеттігін айтты.
Биыл Қызылорда облысында мектеп бітірушілердің басым бөлігі ҰБТ-ға қатысты. 10340 түлектің 10140-ы тестілеуге қатысып, бұл жалпы көрсеткіштің 99,55 пайызын құрады. Өңір бойынша орташа нәтиже 74,90 балл болды. Ал 100 және одан жоғары балл жинаған түлектер саны 1616-ға жетіп, олардың үлесі 16 пайызды құрады.
Өңірдегі білім сапасының тұрақты өсуіне соңғы жылдары салаға бағытталған жүйелі қолдау мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да ықпал етіп отыр. Кейінгі төрт жылда сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен аймақ бюджетінің 45 пайызы білім беру саласына бағытталды.
Нәтижесінде өңірде жаңа білім беру және қосымша білім беру нысандарын салу жұмыстары қарқын алды. Қазіргі таңда жаңадан пайдалануға берілген мұндай нысандардың саны 46-ға жетті.
Олардың қатарында жаңа мектептер мен балабақшалардан бөлек, Оқушылар сарайлары, Өнер мектептері, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық орталығы, «Ai-kerim» оқу-сауықтыру орталығы және Ботаникалық бақ секілді балалардың білімін, шығармашылығын және жан-жақты дамуын қолдайтын нысандар бар.
Жалпы, білім беру инфрақұрылымына салынған инвестиция мен оқушыларға жасалған жаңа мүмкіндіктер Қызылорда облысының білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді. Өңір түлектерінің ҰБТ қорытындысы бойынша үш жыл қатарынан үздік нәтиже көрсетуі – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі.
"Толқын" ақпарат
31 тамыз 2026 ж. 35 0