МӘМС 2.0 және Qalqan: денсаулық сақтаудың цифрлық трансформациясы
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының орталық аппараты өкілдерінің Қызылорда облысының медицина қауымдастығымен кездесуі өтті. Басты тақырыбы – МӘМС 2.0 жаңа моделін және Qalqan бірыңғай цифрлық платформасын енгізу.Қор өкілдерінің айтуынша, МӘМС 2.0 медициналық қызметтерге ақы төленгеннен кейінгі бақылаудан медициналық ұйымдарға қаражат аударылғанға дейін тәуекелдерді алдын ала анықтауға көшуге мүмкіндік береді. Бұл үшін талдау құралдары, үлкен деректермен жұмыс істеу технологиялары және тәуекелге бағдарланған алгоритмдер қолданылады.
Qalqan медициналық көмекті қаржыландырудың негізгі процестерін - жоспарлау мен көлемдерді бөлуден бастап, көрсетілген қызметтерді бақылау және олардың ақысын төлеуге дейін – бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіреді. Бұл ретте платформа дәрігерлер пайдаланатын медициналық ақпараттық жүйелерді алмастырмайды. Оның негізгі мақсаты – қаржылық процестердің ашықтығын арттыру, автоматтандыруды күшейту және адами фактордың ықпалын азайту.
Жаңа модельде деректердің сапасы мен дәлдігіне, процестерді автоматтандыруға және адами фактордың әсерін барынша азайтуға ерекше мән беріледі. Медициналық ұйымдар берілетін ақпараттың дұрыстығына жауап береді, Қор қаржыландыруды басқару және деректерді талдау жұмыстарын жүзеге асырады, ал платформаның техникалық сүйемелдеуін «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ қамтамасыз етеді.
Қор өкілдерінің мәліметінше, Qalqan платформасы кезең-кезеңімен енгізілуде. Пилоттық кезеңде платформа арқылы медициналық көмектің жекелеген түрлеріне ақы төлеу жүзеге асырылып жатыр.
Реформаның басты назарында - пациент. Цифрлық сервистер медициналық қызметтердің алынғанын растауға, соның ішінде eGov Mobile қосымшасындағы QR-код арқылы растауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта көрсетілген және ақысы төленген медициналық көмек туралы ақпаратты қамтитын пациенттің электрондық қаржылық паспортын дамыту жоспарлануда.
Кездесу барысында медициналық ұйымдардың өкілдері өз сұрақтарын қойып, жаңа модельге көшуге қатысты практикалық мәселелерді талқылады.
МӘМС 2.0 - бұл денсаулық сақтау жүйесін барынша ашық, тиімді және пациентке бағдарланған жаңа деңгейге көшіру.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының
Қызылорда облысы бойынша филиалының ақпараты бойынша









