Qalqan жобасы 16 медициналық ұйымға артты
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмекті қаржыландырудың төрт негізгі бизнес-процесін: жоспарлау, сатып алу, мониторинг пен төлем жасауды кезең-кезеңімен Qalqan цифрлы сервисіне көшіруді жалғастыруда.Медицина қызметкерлері бұрыннан қалыптасқан медициналық ақпараттық жүйелерде жұмысын ары қарай жалғастыра беретінін атап өту маңызды. Qalqan көрсетілген медициналық көмек туралы қажетті мәліметтерді ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады, деректерді қайтадан қолмен енгізу қажеттілігі жоқ, әрі медицина қызметкерлері емдеу жұмысына алаңдамайды.
Бірінші кезеңде медициналық көмекке төлем жасау процесін цифрлық платформаға көшіру жүргізілуде. Бүгінгі таңда Qalqan арқылы төлем жасаудың толық циклі Астана қаласының үш медициналық ұйымы базасында жүргізілді. Төленген медициналық көмектің жалпы сомасы 2,97 млрд теңгені құрады.
Медициналық көмектің 92 түрі мен 20 кіші тармағы бойынша төлем жасаудың толық циклі сынақтан өтті. Тағы 60 түрі мен кіші тармағы бойынша 16 медициналық ұйым базасында пилоттық сынақ жалғасуда. Сынақтан өткізу аяқталуына қарай пилоттық жоба кезең-кезеңімен кеңейтіле береді.
Төлем процестерін сынақтан өткізу кезеңіндегі негізгі жаңашылдықтардың бірі – бөлшектеп актілеу. Бұған дейін төлем жүргізу үшін медициналық көмектің барлық түрлері бойынша бірыңғай жиынтық актінің қалыптасуын күту талап етілетін. Енді есептеулерді көрсетілген көмек пен қызметтердің нақты түрі бойынша бөлек жүргізуге болады. Бөлшектеп актілеу жүйесін енгізу төлемді жеделдетуге және қаржыландыру процесін икемді етуге мүмкіндік береді.
Келесі кезеңде қалған бизнес-процестер де бірыңғай цифрлық контурға көшеді. Бұл жұмыс аяқталғанға дейін тиісті операциялар қолданыстағы ақпараттық жүйелерде жалғасады. Барлық төрт процесті цифрландыруды биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Пилоттық режимде төлемді енгізумен қатар Qalqan жүйесінде медициналық ұйымдар мен олардың өндірістік алаңдары туралы, соның ішінде лицензиялар, кадр құрамы, жабдықтар, қолда бар қуаттылық пен т.б. бойынша мәліметтер енгізіліп, өзектендірілуде. Бүгінгі таңда 1,7 мыңнан астам медициналық ұйым мен 12,4 мың өндірістік база туралы мәлімет жүйеленді.
Деректердің шынайылығы мен толықтығына ерекше назар аудару маңызды, өйткені алдағы уақытта қаржыландыру көлемін дұрыс есептеу және медициналық көмекке төлем жасау тікелей осы мәліметтерге байланысты болады.
Медициналық ұйымдар мен қосымша орындаушылар Qalqan жүйесіндегі тиісті мәліметтерді өз бетінше толтырады.
Жобаны сүйемелдеу және өнім берушілермен жедел кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдарды Қор Басқармасы Төрағасымен тікелей байланыстыратын «Жедел шешім» арнасы іске қосылды. Арнайы QR-код арқылы өнім берушілер төлемнің кешіктірілуі, қаржыландыру мен шарттық қатынастар мәселелері, мониторинг бойынша келіспеушіліктер, ақпараттық жүйедегі ақаулар, коррупциялық және басқа да мәселелер туралы хабарлай алады. Түскен өтініштерді Қор басшылығы жедел қарастырып, бақылауға алады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының
баспасөз қызметінің ақпараты бойынша










