Заң мен тәртіп – қоғам дамуының тірегі
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Оған барлық құқық қорғау органдарының бірінші басшылары қатысып, полиция департаментінің басшысы Серік Ергешов баяндама жасады.
Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды бастамаларының бірі – «Заң мен тәртіп» қағидаты. Бұл қоғамның дамуына, адамдардың қауіпсіздігі мен бостандығына негіз болады.

Қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күресу – құқық қорғау органдарының негізгі міндеті. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Кейінгі төрт жылда полиция органдарының ағымдағы шығындарына, материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға және цифрландыруға жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.
Аймақ басшысы қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуда, азаматтардың қауіпсіздігі және халықтың полицияға деген сенімін арттыруда жедел шаралар қабылдап, жұмысты жетілдіру керек.
Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алуда профилактикалық жұмыстарды күшейту, бейнебақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру, заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет.
Сонымен қатар, полиция органдары халықпен кері байланысқа, азаматтардың өтініштері мен мәселелеріне жедел ден қоюы тиіс. Орын алған жағдайлар, тіркелген қылмыстар, құқықбұзушылықтар туралы ақпаратты дер кезінде таратып, туындаған сауалдарға кешіктірмей жауап беру керек.

Заңға бағыну, тәртіп сақтау – орнықты дамуымыздың басты ұстанымы. Қылмыс пен тәртіпсіздікке жол берілмейтін қауіпсіз қоғам құрудағы жүйелі жұмыс жалғаса береді.
Барша жерлестеріміз, жастар заң үстемдігінің маңызын түсінуі тиіс. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген батыр Бауыржан Момышұлының сөзі бүгінге бағдар болуы керек», – деді Мұрат Ергешбаев.
Қазір барлық ауданда 616 бейнекамера және 54 жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылып, жедел басқару орталықтары іске қосылған.
Құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи технологияларды кеңінен қолдануға басымдық берілген. Әсіресе, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы құқықбұзушылықты жедел анықтау және алдын алу жетілдіріліп келеді.
Осы мақсатта 2025-2026 жылдары 1400 бейнекамера, 20 зияткерлік қиылыс және 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш орнатылды. Сондай-ақ, жол қозғалысын бақылауға арналған 25 «Сұңқар» арнайы кешені іске қосылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі









