Жасанды интеллект және адам: Технология дамыған сайын не өзгереді?
Бүгінде ақпараттық технология адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ғылыми-технологиялық даму қарқын алған сайын цифрлық мүмкіндіктер күнделікті өмірде, білім беру, медицина, өндіріс және ақпарат салаларында кеңінен қолданылуда. Бір сәтте қажетті ақпаратты тауып, күрделі тапсырмаларды орындауға көмектесетін жасанды интеллект адамның уақытын үнемдеп, мүмкіндігін кеңейтуде. Алайда жасанды интеллект адам өмірін жеңілдеткенімен, оның қоғамға тигізетін әсері де бар. Мұны еңбек нарығынан, білім беру жүйесінен, адамның ойлау қабілеті мен қарым-қатынасынан байқауға болады.Еңбек нарығы тоқтаусыз дамуда. Кейбір қайталанатын жұмыстарды жасанды интеллект атқара бастайды. Мысалы, мұғалімдер тест жұмыстарын тексеруде, сабақ өткізу тәсілдерін әзірлеуде ЖИ мүмкіндіктерін пайдаланып жүр. Гарвард білім беру орталығының зерттеушілері «Ақпарат беру қызметін технология оңай атқара алады. Сондықтан мұғалімнің негізгі рөлі — ақпарат таратушы емес, оқушының бойындағы жаңа қабілеттерді ашатын фасилитатор әрі бағыттаушы болу». Бұл білім беру үдерісінің өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Мұғалімдер оқушының жаңа қабілеттерін дамытуға, оған бағыт-бағдар беруге және ізденуіне жол көрсетуге көбірек көңіл бөледі.
Адамзаттың ой өрісінің тарылуы ықтимал. Жасанды интеллект кез келген дайын материал мен сұраққа жылдам жауап бере алатындықтан, адам өз бетінше ақпарат іздеу, ойлану және саралау қабілетін әлсіретіп алуы мүмкін. Мысалы, бұрын қажетті мәліметті адам көз-майын тауысып кітаптан, газеттен парақтап іздейтін. Ал қазір ЖИ сұраққа көзді ашып-жұмғанша жауап береді. Бұл адамның бірнеше материалды салыстырып, ақпаратты талдау дағдысына әсер етуі ықтимал. Сондықтан ақылды технологияны қолданған кезде өз қабілетімізді жоғалтып алмауды да ескеруіміз қажет.
Білім беру саласы өзгереді. Оқушы мен студент қажетті ақпаратты тез тауып, күрделі тақырыптарды цифрлық көмекші арқылы оңай түсіне алады. Мысалы, ғылыми немесе күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіріп, тапсырманың орындалу жолын көрсетуге мүмкіндік бар. Бірақ дайын ақпаратқа шамадан тыс сүйену оқушының немесе студенттің өздігінен ізденіп, ойлану мүмкіндігін әлсіретуі мүмкін. Сондықтан технологияны білім алудың негізгі құралы емес, оқу үдерісін жеңілдететін көмекші ретінде пайдаланған дұрыс.
Адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да әсер етеді. Алыс ағайынмен виртуалды сөйлесу жырақтан жақынға бағдарламасын қосып бергендей болды және достармен хабар алмасуды жеңілдетті. Алайда экран арқылы сөйлескенде бетпе-бет қарым-қатынастағыдай адамның эмоциясын, дауыс ырғағын және көңіл күйін толық сезіну мүмкін емес. Адамның ішкі жай-күйін оның көзқарасынан, дауысынан, қимылынан аңғару – шынайы қарым-қатынастың маңызды бөлігі. Технология алыстағы адамдарды жақындастыруы мүмкін, бірақ адамдар арасындағы шынайы эмоция мен сенімді толық алмастыра алмайды.
Жауапкершілік мәселесі де туындайды. Жасанды интеллект ақпаратты жылдам өңдеп, адамға қажетті жауапты ұсына алады. Дегенмен оның берген мәліметтері әрдайым дұрыс бола бермейді. Мысалы, ғылыми зерттеуді немесе кәсіби білімді қажет ететін салаларда ЖИ қате ақпарат ұсынуы мүмкін. Сондықтан алынған мәліметті тексеру, ақпараттың дереккөзін анықтау және сыни тұрғыдан бағалау маңызды. Сонымен қатар жеке мәліметтерді қорғау, жалған ақпаратты ажырату және цифрлық сауаттылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түседі.
Адамның орны қандай болады? Ең басты сұрақ осы. Жасанды интеллект қанша дамып, адамның күнделікті жұмысын жеңілдеткенімен, ол адамды толық алмастыра алмайды. Өйткені адамға тән мейірім, ар-ұят, сезім, шығармашылық ойлау және моральдық таңдау сияқты қасиеттерді технологияның толық қайталауы қиын. Белгілі бір мәселенің шешімін табуда адам тек ақпаратқа ғана емес, өзінің тәжірибесі мен сезіміне, адамгершілік ұстанымдарына да сүйенеді.
Қорыта айтқанда, болашақта адам технологияға толық тәуелді болмай, оны өз мүмкіндігі мен мақсатына дұрыс бағыттай білуі керек. Технология қанша дамығанмен адам орнын алмастыра алмайды. Сондықтан да нейро жүйе адамды алмастыратын құрал ретінде емес, оның мүмкіндігін арттыратын көмекші ретінде қабылдаған жөн. Себебі технология қаншалықты жетілгенімен, адамға тән мейірім, сезім, шығармашылық ойлау, ар-ұят пен жауапкершілікті толықтай алмастыра алмайды. Ең бастысы – жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, адамдық құндылықтарды жоғалтпау.
Ақниет ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ










