Әскери тәртіп – темірдей талап
Заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және әрбір әрекетке жауапкершілікпен қарау – әскери қызметтің басты талаптарының бірі. Әскери ортада тәртіптің орны бөлек. Өйткені әскери бөлімдегі күнделікті қызметтің жүйелі орындалуы, жауынгерлік даярлықтың нәтижесі мен жеке құрамның ұйымшылдығы ең алдымен темірдей тәртіпке байланысты.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қоғамда орнығып келе жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты әскери қызметшілер үшін де маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Осы талапты жеке құрам арасында кеңінен түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметшілермен тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында әскери қызметшілерге заң талаптарын сақтау, әскери жарғы нормаларын орындау, қызметтік тәртіпті бұзбау және өзара сыйластықты қалыптастыру мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Кездесуге Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры, әділет аға лейтенанты Сұлтан Тельмухамет арнайы қатысып, сарбаздарға әскери қызмет барысында туындауы мүмкін құқықтық мәселелер жөнінде түсінік берді.
Әскери прокуратура өкілі өз сөзінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 440-бабына ерекше тоқталды. Аталған бап әскери қызметшілер арасындағы бағыныштылық қатынастар жоқ кезде әскери тәртіп ережелерін бұзу жағдайларына қатысты жауапкершілікті қарастырады.
Сарбаздарға заң талаптарын бұзудың салдары нақты мысалдар арқылы көрсетілді. Дәріс барысында әскери қызметші Толстов В.А.-ның оқиғасы негізінде арнайы бейнематериал ұсынылды. Қызметтесіне жасалған бір ғана соққының өзі оның денсаулығына ауыр зиян келтіріп, істің әскери сотқа дейін жетуіне себеп болғаны түсіндірілді.










