Отбасы институтын нығайту – демографиялық және моральдық даму негізі
Отбасы – қоғамның берік негізі, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың алтын діңгегі. Отбасының тұрақтылығы мен берекесі елдің демографиялық дамуына ғана емес, қоғамдағы адамгершілік құндылықтардың қалыптасуына да тікелей әсер етеді.Отбасын қолдау орталығында көпбалалы аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерімен «Отбасы институтын нығайту – демографиялық және моральдық даму негізі» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті.
Кездесуде көпбалалы отбасыларды қолдау, ана мен балаға жасалып жатқан әлеуметтік мүмкіндіктер, тұрғын үй мәселелері, салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпараттар берілді. Аналар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарымен пікір алмасты.
Кездесуге Отбасы қолдау орталығының, «Отбасы банктің», аудандық кірістер басқармасының және қоғамдық даму саласының мамандары қатысып, көтерілген мәселелер бойынша нақты түсініктемелер берді.
Басқосу барысында отбасының қоғамдағы рөлі, бала тәрбиесі, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және отбасы құндылықтарын дәріптеу мәселелеріне де назар аударылды.
Кездесу соңында елдің демографиялық дамуына үлес қосып, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап жүрген аяулы аналарға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.












