Цифрлық теңге: Ақшаның жаңа мүмкіндігі
Ақша – адамзат қоғамындағы ең маңызды экономикалық құралдардың бірі. Ғасырлар бойы оның түрі мен қолданылу тәсілі заман талабына қарай өзгеріп отырды. Бір кездері айырбас құралы болған заттар кейін металл тиынға, қағаз ақшаға, ал уақыт өте келе банк карталары мен электронды төлемдерге орын берді. Бүгінде технологияның қарқынды дамуы ақша айналымына да жаңа өзгерістер әкеліп, ұлттық валютаның цифрлық формасын қалыптастыруға жол ашты. Қазақстанда бұл бағыттағы маңызды жаңалықтардың бірі – цифрлық теңге.Цифрлық теңге – Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің цифрлық нысаны әрі заңды төлем құралы. Ол жай ғана телефондағы немесе банк қосымшасындағы ақша емес. Цифрлық теңгенің айналымы арнайы цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылады. Оның ерекшелігі – болашақта қаражатты белгілі бір мақсатқа бағыттау немесе оны пайдалану шарттарын цифрлық түрде белгілеу мүмкіндігінің болуы.
Мұндай мүмкіндікті күнделікті өмірден алынған қарапайым мысалдар арқылы түсіндіруге болады. Мәселен, дүкенге 21 жасқа толмаған азамат энергетикалық сусын сатып алуға келді делік. Егер цифрлық төлем жүйесінде сатып алушының жасы мен тауарды сатуға қойылған заң талаптарын тексеру мүмкіндігі қарастырылса, оның жасы белгіленген талапқа сәйкес келмеген жағдайда төлем жүргізілмейді. Яғни шотта қаражат болғанымен, заңға қайшы болғандықтан, сатып алу операциясы орындалмайды. Сол сияқты ата-ана баласына цифрлық теңге аударып, белгілі бір тауарларға шектеу қоя алады. Мысалы, анасы баласының зиянды деп санайтын немесе жасына сәйкес келмейтін тауарларға ақшасын жұмсамауын қаласа, тиісті шарт белгіленген жағдайда мұндай тауарды сатып алуға төлем өтпейді. Ал үшінші жағдайда, мемлекет азаматқа нақты мақсатқа, айталық, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражат бөлді делік. Цифрлық теңгенің бағдарламаланатын мүмкіндігі пайдаланылса, бөлінген ақша басқа мақсатқа емес, тек белгіленген қажеттілікке жұмсалатындай етіп ұйымдастырылуы мүмкін. Осы үш мысалдың өзі цифрлық теңгенің жай ғана электронды ақша емес, қаражатты пайдалану мақсатын белгілі бір талаптармен байланыстыруға мүмкіндік беретін жаңа технологиялық құрал екенін көрсетеді.
Цифрлық теңгенің басты ерекшелігі – оның арнайы цифрлық платформа арқылы айналымға енуі. Ол төлемдерді жылдам әрі ыңғайлы жүргізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, қаражатты белгілі бір мақсатқа бағыттауға жағдай жасайды. Әсіресе мемлекеттік төлемдер мен әлеуметтік жобаларда бұл мүмкіндік қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар цифрлық теңге қолма-қол ақшаны немесе банк карталарын бірден алмастырмайды. Ол – теңгенің жаңа цифрлық формасы. Цифрлық теңгені қолдану арқылы әлемдік нарыққа шығуға жол ашамыз.
Қорыта айтқанда, цифрлық теңге – ұлттық валютаның жаңа цифрлық формасы. Оның басты ерекшелігі – төлем жасаумен қатар, қаражатты белгілі бір мақсатқа бағыттап, пайдалану шарттарын технология арқылы ұйымдастыру мүмкіндігі. Бұл – Қазақстанның цифрлық экономикаға қарай жасаған маңызды қадамдарының бірі.
Ақниет ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ









