Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Таза Қазақстан» – ортақ іске ұйысқан елдің бастамасы

«Таза Қазақстан» – ортақ іске ұйысқан елдің бастамасы


Тазалық – қоршаған ортаны абаттандырумен ғана шектелмейтін, ел азаматтарының туған жерге деген жауапкершілігін танытатын маңызды құндылық. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы осы мақсатты көздей отырып, халықты ортақ іске жұмылдырып, қоршаған ортаны қорғауға деген азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Таза Қазақстан» жобасының негізгі мақсаты – елімізді көркейту, жұртшылықты ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ пен бірлікті нығайту екенін атап өтті.
Бүгінде бұл бастама еліміздің барлық өңірінде кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері республика аумағында 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Ауқымды жұмыстарға 7 миллионға жуық азамат қатысып, елді мекендер мен табиғи аумақтарды тазартуға өз үлестерін қосты.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде 130 мыңнан астам гектар жер тазартылып, ел бойынша 1,3 миллион тал көшеті егілді. Бұл – табиғатты қорғауға бағытталған нақты істердің ауқымын көрсететін маңызды көрсеткіштер.
«Таза Қазақстанның» мәні тек сенбілік өткізіп, аумақты тазартумен шектелмейді. Оның басты құндылығы – адамдардың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруында.
Ортақ іске атсалысқан әрбір азамат елді мекеннің тазалығы мен көркеюіне ғана емес, қоғамдағы өзара ынтымақ пен бірліктің нығаюына да үлес қосады.
Мемлекет басшысы ел көлемінде атқарылып жатқан бұл жұмыстарға жоғары баға беріп, бастамаға белсенді қатысып жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Президенттің айтуынша, мұндай еңбек – азаматтардың Отанға деген таза ниеті мен шынайы қамқорлығының, ең бастысы, еңбекқорлығының көрінісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев нақты іске белсене атсалысқан азаматтарды мемлекет тарапынан марапаттау қажеттігін де атап өтті. Алдағы Тәуелсіздіктің мерейлі тойы қарсаңында ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға лайықты құрмет көрсету міндетін орындайтынын жеткізді.
«Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыратын ұзақ мерзімді қоғамдық мәдениеттің негізі. Табиғатты қорғау, елді мекендерді таза ұстау, ағаш отырғызу, аулалар мен көшелерді абаттандыру сынды жұмыстарға әр азаматтың қатысуы – туған жерге деген құрметтің нақты көрінісі.
Бүгінде еліміздің әр өңірінде жүзеге асып жатқан игі істер қоғамның ортақ мақсат жолында біріге алатынын көрсетіп отыр. Таза орта – таза сана мен жауапкершіліктен басталады. Ал туған жерді көркейту – баршаға ортақ міндет.
21 қыркүйек 2026 ж. 57 0