Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мен анамын, мен де адаммын» немесе жазасыз «қылмыс»

«Мен анамын, мен де адаммын» немесе жазасыз «қылмыс»

Кішкентай кезімде жақында «ана» атанған жеңгемді анам көбінесе үй шаруасына жұмсамайтын. Тіпті 40 күнге дейін бөлмесіне ас-суын тасығанымен қоймай, бізге үнемі «бала бағу оңай емес, інілерің 2 жастан асқанша, жеңгелеріңе барынша жұмыс істетпеңдер, шай-тамақты өзіміз дайындаймыз, үйді де жинауды сиретіп, денсаулығына барынша мән беріңдер» деп отыратын. Сіңілім екеуміздің алғашында таңырқағанымыз бар. Бұрындары үй жиналмаса ашуланып, өзі кірісіп кететін анам соңғы уақытта сабырлы болып кеткені рас. Жеңгем де қарап отырмай, алғысын айтып, түрлі тәтті пісіріп, қолдан келгенше тез қалыпқа келуге тырысатын. Ал қазіргі жағдай қалай?
АҚШ-тағы ашық сот
Босанудан кейінгі депрессия төңірегінде 2023 жылдың қаңтарында АҚШ-тың Массачусетс штатында болған қайғылы оқиға әлем жұртшылығын дүр сілкіндірді.  36 жастағы бұрынғы акушер-медбике Линдси Клэнси үш кішкентай баласының өмірін қиып, кейін өзі де терезеден секіріп кеткен. Алайда аман қалып, өзі мүгедектер арбасына таңулы. Сырт көзге ол балаларына жақсы қарайтын, отбасы мен жұмысының арасында жүрген қарапайым ана. Сондықтан оқиға қоғамда үлкен пікірталас туғызды. Бір тарап оны жасаған әрекеті үшін қатаң айыптаса, енді бірі қайғылы жағдайдың ар жағындағы медициналық және психологиялық себептерге назар аударды. Кейінгі деректер Линдсидің босанғаннан кейінгі ауыр психозбен және терең депрессиялық күймен күрескенін көрсетті. Ол бірнеше рет дәрігерлерге жүгініп, психотроптық препараттар қабылдағанымен, жағдайы толық бақылауға алынбаған.
Жақында сот отырысы болған Линдси барлығын мойындаған. Бірақ «мен қылмыс жасау кезінде бөтен ер адамның «балаларыңды өлтір, олардан құтыл» деп айтқанын анық естідім» дейді. Осы сөзінің арқасында «жазасыз қылмыскер» қатарында. Яғни шешім қабылдаушы 3 ер мен 9 әйел адамның 11-і оны «кінәсіз, себебі депрессия салдарынан жақсы мен жаманды ажырата алмаған» десе, 1 ер адам «ешқандай ана баласын өлтірмейді» деп, адвокат Кевин Реддингтонды тыңдаудан бас тартқан.

Сандар сөйлейді
Бұл оқиға босанғаннан кейінгі әйелдің психологиялық жағдайына немқұрайлы қараудың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Депрессияны көп жағдайда жай шаршау, көңілсіздік немесе уақытша күйзеліс ретінде қабылдаймыз. Ал шын мәнінде, оның белгілері адамның күнделікті өміріне, қарым-қатынасына және өзін бағалауына қатты әсер етуі мүмкін. Ұзақ уақыт бойы көңіл-күйдің түсуі, әлсіздік, ұйқы мен тәбеттің өзгеруі, еш нәрсеге қызықпау, себепсіз үрейлену сияқты белгілерге назар аударған жөн. Әсіресе әйелдің өзіне немесе сәбиіне зиян келтіру туралы ойлары пайда болса, жағдайды жай қалдыруға болмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 280 миллионнан астам адам депрессиямен өмір сүреді. Ал босанған әйелдердің шамамен 10-20 пайызы босанғаннан кейінгі депрессияның әртүрлі белгілерін бастан өткереді.
Ал Орталық Азия аймағында бұл тақырыптың тым табулануына байланысты арнайы ұлттық статистикалық есеп жүргізілмейді. Дегенмен, тәуелсіз сарапшылар мен психологтардың зерттеулеріне сәйкес, біздің өңірдегі әрбір 4-ші ана босанғаннан кейінгі депрессивті бұзылыстарға ұшырайды. Өкінішке орай, бұл жағдайлардың басым бөлігі ресми түрде тіркелмейді, ал келіндердің психологиялық соққысы қарапайым «тұрмыстық шаршау» ретінде елеусіз қалады.
Гормондар дабылы
Босанғаннан кейін әйел ағзасында елеулі өзгерістер жүреді. Эстроген мен прогестерон деңгейінің төмендеуі, ұйқының бұзылуы, дененің әлсіреуі мен босанудан кейінгі қалпына келу кезеңі әйелдің көңіл-күйіне де әсер етеді. Оған сәби күтімінің тәулік бойғы жауапкершілігі қосылады. Түнде бірнеше рет оянып, баласын емізіп, күндіз үй шаруасын атқару адамды біртіндеп қажытуы мүмкін. Мұндай кезде әйелге «ана болған соң шыдау керек» деген талап қою оның жағдайын жеңілдетпейді. Керісінше, өзіндегі өзгерістерді жасырып, көмек сұраудан тартынуына себеп болуы ықтимал. Өйткені қоғамда анадан әрдайым қуанышты, сабырлы әрі бәріне үлгеретін адам бейнесі күтіледі.
Қазақы ортада бұл мәселенің тағы бір қыры бар. Ол – жас келінге қойылатын тұрмыстық және әлеуметтік талаптардың көптігі. Жаңа босанған әйел сәбиді бағып қана қоймай, үй жинап, тамақ әзірлеп, қонақ күтіп, үлкендердің көңілін табуға тырысатын жағдайлар әлі де кездеседі. Ағзасы толық қалпына келмей жатып, бұрынғы үй шаруасына кірісу оның физикалық шаршауын күшейтеді. Ал «Баяғыда апаларымыз далада туып, шөп шапқан» деген сөз кейде жас ананың бүгінгі жағдайын түсінбеуге әкеледі. Бұрынғы буынның бастан өткерген қиындығы бүгінгі әйелдің де сондай жүктемені көтеруі керек дегенді білдірмейді. Әр адамның ағзасы мен психологиялық жағдайы әртүрлі болғандықтан, біреудің тәжірибесін екіншісіне өлшем ету дұрыс нәтиже бере бермейді.
Пікір алаңы
«Мұндай жағдайда жас келіндердің кейбірі өз жағдайын айтуға қиналады» дейді кейіпкеріміз Әлия Таубай.
– Есімде,алғаш босанғаннан кейін барлық денем ауырып, өзімді үнемі жайсыз сезінетінмін., Маған үйдегілер де «жатып демалып ал, саған көп ауыр жұмыс істейге болмайды» деп айтпайтын. Сондықтан бар жанымды салып, күні-түні үй шаруасын жасап жүре беретінмін. Баламның жылағаны мен жұмыстың бітпейтіні мезі қылғаны сонша, кейде өз балама жақындағым келмей, өзімді әлемдегі «ең жаман ана» ретінде сезінетінмін. Бірақ мұны енеме айту «ұят» болғандықтан, іштей өлі адамдай жүре бердім. Кейін ғана әлеуметтік желіден күйзеліс туралы оқып, үй шаруасын да, басқа жұмыстарымды да әліме қарап істеп, көпбірек демалатын болдым, – деген пікірінің өзі осының қаншалықты ауыр сезім екенін аңғартады. Әйел баласын жақсы көре отырып та одан шаршауы мүмкін. Кейде бірнеше сағат жалғыз қалғысы келуі немесе ешкіммен сөйлескісі келмеуі де ықтимал. Мұндай сезімдер оны бірден жаман анаға айналдырмайды. Керісінше, бұл кезде оның жанында болып, жағдайын түсінуге тырысқан жөн.
Ал үлкендердің көзқарасы көбіне басқаша қалыптасқан.
– Бұрын біз де босандық, бес-алты баланы қатар өсіріп, отбасының да, отын-судың да шаруасын қатар алып жүрдік. Қазіргі келіндерге барлық жағдай жасалған, кір жуғыш машина мен памперс бар, сонда да олар «шаршадым» деп шығады. Мұның бәрі ғаламтордан көріп алған еркелік пен шыдамсыздықтың белгісі деп ойлаймын, – дейді зейнеткер Райса Темірғалиқызы. Біз екі буын арасындағы түсінік айырмашылығын анық көре аламыз. Шынында да, бұрынғы әйелдер көптеген қиындықты бастан өткеріп, бала тәрбиесі мен үй тіршілігін қатар алып жүрді. Бірақ ол кезеңдегі қиындықты бүгінгі әйелдің психологиялық жағдайына тікелей өлшем ету мәселені шешпейді. Қазіргі жас аналардың өмірінде тұрмыстық жағдай жеңілдегенімен, эмоционалдық қысымның басқа түрлері пайда болды. Әлеуметтік желідегі мінсіз отбасы, мінсіз ана бейнесі де әйелдің өз өмірін өзгелермен салыстыруына әсер етеді.
Маманның пікірі бұл мәселені басқа қырынан түсінуге мүмкіндік береді. Кәсіби психологтың айтуынша, босанғаннан кейінгі депрессия әйелдің өз еркімен таңдайтын көңіл-күйі емес, гормоналды және нейрохимиялық өзгерістермен байланысты психологиялық жағдай.
– Жаңа түскен келінге психологиялық бейімделусіз, ұйқының созылмалы қанбауы мен ауыр физикалық еңбекті таңу бұл жағдайды одан ары ушықтырады. Оны елемеу және жас ананы жалғыз қалдыру сәбидің жүйке жүйесіне де әсер етіп, ананың психозға ұшырау қаупін арттыруы мүмкін, – дейді маман Ш.Дуанаева. Сондықтан әйелдің шаршағанын айтуын әлсіздік ретінде қабылдауға болмайды. Оған кейде ақылдан бұрын тынығу, қолдау және түсіністік қажет. Ал көңіл-күйдегі өзгерістер ұзаққа созылып, күнделікті өмірге кедергі келтірсе, маманға жүгінген дұрыс.
Медицина медеті
Босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдің психологиялық жағдайын ертерек анықтауға медициналық скрининг те көмектеседі. Перзентханаларда және алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында Эдинбургтің босанғаннан кейінгі депрессия шкаласы сияқты құралдарды пайдалану әйелдің жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай тексеру диагноздың орнын баспайды, бірақ қосымша көмек қажет болуы мүмкін әйелдерді анықтауға жол ашады. Депрессия анықталған жағдайда емдеу тәсілі адамның жағдайына қарай таңдалады. Психотерапия, қажет болған жағдайда психиатрдың бақылауындағы дәрі-дәрмекпен емдеу қолданылуы мүмкін. Бала емізіп жүрген әйел кез келген дәріні өз бетімен қабылдамауы керек, препаратты дәрігер ана мен баланың жағдайын ескеріп белгілейді. Ал өзіне немесе сәбиіне зиян келтіру қаупі байқалса, шұғыл медициналық көмек қажет.
Түсіністік терапиясы
Мәселенің шешімі тек дәрігер кабинетінен басталмайды. Отбасындағы қарым-қатынас та жас ананың жағдайына тікелей әсер етеді. Күйеуінің түнде баланы бірге қарауы, үй шаруасының бір бөлігін өз мойнына алуы, әйеліне бірнеше сағат тыныш ұйықтауға мүмкіндік беруі үлкен қолдау бола алады. Ене де жас келіннің жағдайын түсініп, «сен демала бер, баланы мен қарай тұрамын» деген қарапайым сөз арқылы көп нәрсеге көмектесе алады. Өйткені кейде әйелге ұзақ ақыл айтудан гөрі, оның жанында болып, сөзін тыңдау маңыздырақ. Жаңа босанған келіннен үйдің барлық шаруасын бұрынғыдай мінсіз атқаруды күтудің орнына, оған бейімделуге уақыт берген жөн. Анаға көрсетілген қолдау сәби күтімінің сапасына да оң әсер етеді.
Бала дүниеге келгенде бар назардың нәрестеге ауып кететіні түсінікті. Оның денсаулығы, ұйқысы, тамағы, салмағы туралы бәрі сұрайды. Алайда осы кезде «Анасы қалай?» деген қарапайым сұрақ та ұмыт қалмауы керек. Өйткені сәби мен ананың жағдайы бір-бірімен тығыз байланысты. Анасы ұйқысы қанбай, үнемі жылап, өзін жалғыз сезініп жүрсе, оған сырттай ғана «мықты бол» деу жеткіліксіз. Оның күнделікті жүгін азайту, эмоциялық қолдау көрсету және қажет кезде маманға жеткізу маңызды. Ана болу әйелден барлық сезімін жасырып, үнемі күліп жүруді талап етпейді. Анаға да кейде көмек қажет екенін қалыпты қабылдайтын орта керек.
ТҮЙІН: Линдси Клэнсидің оқиғасы – орны толмас трагедия. Оның үш баласынан айырылғаны да, өзі жасаған әрекеттің салдары да ешкімге жеңіл тиетін жағдай емес. Бірақ осындай оқиғалардан кейін тек кінәлі адамды іздеу арқылы мәселенің себептерін толық түсіну мүмкін болмайды. Босанған әйелдің психологиялық жағдайына дер кезінде назар аудару, отбасындағы жауапкершілікті бөлісу және қоғамдағы ескі түсініктерді қайта қарау қажет. «Шыда», «бәрі босанады», «баяғыда біз де көрдік» деген сөздің орнына «саған қандай көмек керек?» деген сұрақтың жиі қойылғаны дұрыс. Себебі кейде бір адамның жағдайын дер кезінде байқау үлкен қайғының алдын алуы мүмкін. Анаға қамқорлық жасау – оның қолына сәбиін ұстатып қоюмен шектелмейді, оның өзін де қорғаудан басталады.
Г.САҚТАПОВА
22 қыркүйек 2026 ж. 28 0