Терезеден қатер төнбес үшін сақтық қажет

Жаз басталса дәрігерлердің кішкентай пациенттерден қолы босамайды. Ал жел қақтыру үшін ашқан терезеден ауып құлаған сәбилердің статистикасы мүлдем қорқынышты. Олардың бірлі-жарымы жарақаттан жеңіл құтылса, бірі мерт болады. Көп жағдайда медицина әлсіз, бала мүгедек болып қалуы мүмкін.Жоғары қабаттан балалардың абайсызда құлау оқиғалары бойынша тіркелген мәліметтерге сүйенсек, олардың жасы әлі беске де толмаған. Еңбекке жарамды азаматтар арасында мұндай жағдайларға көбінесе құрылыс мамандары ұшырайды. Әсіресе, егде жастағы азаматтар үшін құлаудың салдары өте ауыр болады. Ата-аналарға көпқабатты үйлерде балаларды терезеге жақындатпай, мұқият болуларын ескертеміз, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлім бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Жанболат Бақбергенов.
Статистикаға сүйенсек, қайғылы жағдайлардың көбісі ата-ананың қарауынсыз қалғанда немесе салғырттықтан болады. Ойын баласының кез келген нәрсеге әуестеніп, қолды-аяққа тұрмай, мазасыз болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан сәбиіңіздің өміріне қауіп төнбес үшін, оның әр қадамына абай болғаныңыз абзал.
Мәселен, жақында ғана орын алған оқиғадан көпшілік үркіп қалды. Қызылорда қаласында жеті жасар ер бала бесінші қабаттан құлап кетті. Оқиға 12 шілде күні сағат 12:45 шамасында Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінде болған.
Бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатынан 2016 жылғы ер бала құлап кеткен. Ол алған дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл Нұрманова.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері жеті бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Оның арасында біреуі алған дене жарақатынан көз жұмды.
kyzylorda-news.kz