Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көшенің жарық шамдарын өшірген бүгін кім екен?

Көшенің жарық шамдарын өшірген бүгін кім екен?

Түн ортасынан ауып барады. Мен әдеттегідей кітаптың қызығына кіремін деп уақыттың өткенін де байқамаппын. Кітапқа бетбелгісін салып, енді төсегіме қисая бергенімде терезеден ауладағы бақтың ішіндегі сұлбаны көзім шалып қалды. Қайран, жеңешем-ай! Көкем қайтқалы күнделікті осы жүрісі. Мен бастапқыда аздап қорыққаныммен қазір үйренісіп те қалдым. Кей күндері жеңешемді бақылап ұзақ отырамын. Кейде тіпті оның үйге кіргенін күтетін кездерім бар. Оның бәрі алаңдағанымнан ғой. Көкем қайтқанда бәрімізге ауыр тигенімен, біз қазір ол қиындыққа үйренгендейміз. Ал жеңешем ше? 5 жыл отасқан жарын ақтық сапарға шығару оған қаттырақ батқаны анық. Ертеңгі 100 күндіктің өзі де қайта жараны тырнайтындай...
Біздің ауыл кішкентай болғандықтан барлық адам бір-бірін жақсы танитын. Жеңешемнің отбасымен біздің отбасымыз жақсы араласатын. Аяулым жеңешемді де менің отбасым оқушы жасынан жақсы көрді. Кейде апамдар «осы Аяулымды келін қыламын. Отбасын танимын, өздерің де жақсы араласасыңдар» деп көкеме әзілдейтін. Кейін көкем екеуі қалаға да бірге кеткен. Аяулым жеңешемнің ата-анасы үнемі көкеме қыздарын тапсыратын. «Үлкен қала ғой. Кенже әрі жалғыз қызымыз болған соң қиын екен. Еркін, сен өзің көз қырыңды салып қоярсың. Ешкімге тиіскізбе» деп үнемі ескертуші еді. Солай жүріп екеуі жақынырақ араласса керек. Оқуын аяқтап елге келген соң әңгімесінің шет жағасын айтқанда ата-анамның қуаныштан төбелері көкке жеткендей болған. Менің оқушы кезім. Бәрін түсінбесем де «Аяулым жеңешемді үйге әкелемін» деген көкемнің сөзінен асқан бақыт жоқтай еді.
Біршама уақыттан соң біздің әулет дүркіретіп той жасаған. Әулетке түскен алғашқы келінді 30 күн ойын, 40 күн тойымен қарсы алды. Жеңешем де бізді қатты жатырқаған жоқ. Ата-анам да оны өз қызындай көріп, барлық еркелігіне, кемшілігіне түсіністікпен қарады. Көкем екеуінің махаббатына жұрт қызығып та, қызғанып та қарайтын.
Араға екі жыл салғанда біздің отбасымыз тағы бір жанға толыққан. Ондағы қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Көкемнің ізін жалғайтын атұстары дүниеге келіп, бүкіл ауылға көкпар шаптырып, той жасағанбыз. Сол сәттен бастап өзімді үлкен аға сезініп, өзімше жауапкершілік алғаным әлі есімде.
Бұдан кейін жеңешемді одан да қаттырақ жақсы көріп кеткем. Екеуміздің оңашада сырласатындай дәрежеге жеткенімізге, менің артымнан ерген бауырым бар болғанына риза едім. «Серік, ойлашы, біз көкең екеуміз тынбай жұмыс жасап жатырмыз. Болашақта үй салсақ саған бар ғой жеке бөлме дайындап береміз» деп маған үнемі айтып отыратын. Інімді ойнатып, үй шаруасына көмектескен сайын тәтті тағамдарды молынан пісіретін. Жұмыстан қайтарында мен үшін арнайылап дүкенге соғуды әсте ұмытқан емес. Мектеп бітірген шағымда да бітіру кешіме, қаладағы оқуыма арнайылап алып барып, шаруаларымды реттеуге көмектескен осы жарқын жеңешем-етін.
Осы жаздың басында демалысқа келгенімде-ақ үйдегі өзгерісті байқағам. Ағамның да ерекше салмақтылығы, ашық жеңешемнің үй шаруасына көбірек мән беруі маған қызық көрінген. Бір кеште көкемнің үйден ашулана шығып бара жатқанын байқап қалдым. Үйге кірсем Аяулым жеңешем үнсіз төмен қарап, жылап отыр екен. Біраз уақыт үндемей жанында отырдым. Бір уақытта жасын сүртіп, «көкең соңғы кездері жұмыстан кеш қайтып, үйде тұрмай кетті. Содан не болғанын сұрасам жұмысты сылтауратады. Бүгінде сол үшін аздап кикілжіңге келіп қалдық. Ештеңе етпейді, отбасы болған соң ондай жағдай кездеседі» деп, еріксіз жымиды.
Екеуміз де бұл жағдайды ұмытып, кешкі астың қамына кіріскенбіз. Өзімше жеңешемнің көңілін аулағым кеп, бәрін істедім. Ыстық асты да, тәттілерді де пісіріп, дастарқанды жайып қойдық. Ендігі көкемнің келгенін күтіп, тағатсызданып отырмыз. Далаға қараңғы түсе бастағанда үйге ең суық қоңырау соғылған болатын. Тұтқаны алған жеңешеме қала шетінде жылдамдықты асырып жүру салдарынан көлік апаты орын алғанын, оқиға орнында 2 жанның қаза тапқанын айтқан. 5 жылдың керемет махаббат оқиғасы сол сәтте көз алдымнан өткен. Бәрінен де көкемнің ашулана үйден шыққан бейнесі есімде мәңгі қалатындай еді.
Содан бері жеңешем күнделікті кешке, адам аяғы басылған шақта баққа шығып, көз жасына ерік беретін әдет шығарды. Менде оны бақылап, қолымнан келсе жеңешемнің үйге кіргенін көргеннен кейін ғана ұйықтайтын болдым. Бүгін де сол әдетінше сыртта жүргені ғой. Зымырап өткен 99-ыншы күннің түні қараңғы. Бүгінгі көшенің жарығын кім сөндірді екен? Мүмкін бұл жеңешемнің ішкі алапатын бейнелеу үшін шығар...
Г. САҚТАПОВА
22 шілде 2023 ж. 337 0