Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Күн астындағы қала (хикаят)

Күн астындағы қала (хикаят)

Түскі тамақ үстінде көкем оң қолының бес саусағымен қайратты қара шашын артқа бір қайырып қойып:– Қалаға жүресің, жолға дайындал, –  деді.
Үйде көкем, жеңешем үшеумізден басқа ешкім жоқ еді. Асқар мен Баян тамағын ішіп алыпты, сыртта ойнап жүргендерін көргенмін. Өзім түстікке кешігіп келгенмін, Ертай екеуміз белесебет оңдаймыз деп уақыттың қалай өткенін білмей қалыппыз.
Көкемнің айтқаны жеңешемді таңдандырмады. Екеуі алдын ала келісіп алған ғой, мен аң-таңмын.
–  Қашан?! Кіммен?! –дедім асыға.
Мен асыққанмен, көкем асықпады. Кеседегі шайын баппен ішіп алды. Болдым дегендей алақанымен кесенің бетін жапты, өзіне жарасатын қияқ мұртын оң қолының саусақтарымен сипап алды да:
– Ертең жүреміз. Таңертең автобус келеді, соған мінеміз.  
Қап, әттегене-ай! Асқар мен Баянның біреуінің де үйде болмағанын қарашы! Көкемнің мына айтқанын естісе Баян:
– Мен ше? Мен қашан қыдырамын? Қалаға неге бармаймын? Аңсарды еріткенше, мені неге ерітпейсің? – деп жыламсырар еді. Жыламсырағаны ештеңе емес, пора-пора болып, боздап алар еді. Ерке болғасын бірдеңе болса, көз жасы дайын тұрады. Жеңешем айтатын «тостағанын жуып тұрмаса», көңілі көншімейді.
Баян зар еңіресе де, ешқайда бармайды, жеңешем оған алдаусыратып бірдеңе айтар. Айтқанға көнсе жақсы, көнбесе өзі білсін. Жылай берсін. Ал көкемнің шешімі  өзгермейді. Көбіне Баянның сөзін сөйлейтін әжем де мұндайда ештеңе істей алмас.
Менен екі жас үлкен ағам Асқар не істер еді? Көкемнің айтқанын естігенде, үнсіз қалар. Үндемегені іштей қызғанғаны. Осындайғы әдеті мұрнын жиі-жиі тарта береді, көңілі алабұртқасын танауындағы дүниелер де босайтын болар. Үндемесе де ішінің қыз-қыз қайнап тұрғаны белгілі. Мен болсам, Асқарға аузымды қисайтып, Баянға мұрнымды кіржитемін.  Олардың жыны келсе келе берсін, менің шаруам қанша?
  Жазғы үш ай демалыста қалаға қыдыру деген барлық ауыл баласының арманы ғой. Жақын туыстарың қалада тұрып, оларға біраз уақытқа қыдырғанға не жетсін! Ұзағырақ болса тіпті жақсы. Көкпен таласқан зәулім үйлерді көресің. Оқтай түзу, айнадай жалтыраған көшелермен жүресің. Қызылды-жасылды, әр түсті жеңіл машиналарға, автобус, троллейбустарға мінесің. Аспанмен таласқан биік ағаштардың саясында серуен құрасың. Айта берсең, қала қызықтары таусылмайды. Онда тұратын туыстарың көп болса, бірінен соң бірінің үйіне қыдырасың. Менің онда Ерлан, Ұлан, Нұрлан ағаларым бар.
Жарайсың, көке! Басқаны емес, мені алып кетпек болғаның үшін мың алғыс!
Биылғы жазда көкемнің Алматыға баратынын білетінбіз, біреуімізді  ала кететіні де анық еді. Білмейтініміз: оның кімді ерітетіндігі еді. Алматыға баруға Асқар да, мен де, Баян да іштей дайындалып жүргенбіз. Енді менің әсем қалаға қыдыратыным белгілі болды. Көкемнің таңдауы маған түсіпті. Егер мен болмай, Асқар мен Баянның біреуі болса, не істер едім?
Қаланы айтқанда, әжем менің бұрын онда болғанымды айтады. «Сен қалада туып, ауылға машинамен әкелгенбіз», – дейді. Әжем көргенін айтады. Бірақ дүниеге жаңа келген кіп-кішкентай нәресте не білуші еді?  Кеше ғана перзентханадан шыққан көршінің немересі не біледі? Ештеңені де, мен де сондай болғанмын.
Жеңешем маған: «Беске толған жылы аудан орталығына барғанбыз. Одан пойызға отырып, Нүркен ағаның тойына бардық», – дейді. Мұны да білмеймін.
Бұл жолы көкеммен тү-үүу алыстағы Алматыға барамын. Қалима апай айта беретін әсем Алматыға. Апайымыз сонда оқыған, оның жанында басқа қалалар кішкентай ғой.
Күндегімнен ерте ояндым. Қара көлеңкелеу бөлме ішінен еш нәрсе айыра алмағанмын. Көзім үйренгесін, жан-жағымдағыларды көре бастадым. Кеше менің қыдыратынымды естігенде үндемей қалған Асқар төсегінде кесе-көлденең жатыр. Үстіндегі көрпесін теуіп тастапты. Жатарда екеумізге қатар салынған, қазіргісі – мынау. Түнде екі рет мені теуіп жібергені бар. Ал қазір танауы пысылдап ұйқыны соғып жатыр. Былайынша уақытта танауын не жалаңаш денесін жыбырлатып, мазасын алған болар едім, бұл жолы қозғамадым, қайта оның еш қаперсіз ұйықтағаны дұрыс.
Асқар үш ай демалыста ұйқы соқпағанда не бітіреді? Екі сиырды өріске айдап, бұзауларын жіберуден басқа жұмысы жоқ. Ал мені алдымда бейтаныс қала қызықтары күтіп тұр. Енді бір аптадан кейін қайда жүріп-тұрарымды өзім де білмеймін.
Алматы дегенде көз алдыма басын қар шалып жатқан Алатау, оқтай түзу көшелермен зымыраған машиналар, көкпен таласқан биік көп қабатты үйлер келді. Онда күн бұлттаса, жаңбыр жауатын көрінеді. Біздің жақтағы ыстық Алматыда болмайды, қыстың күндері қар жауғанмен, еріп жатады. Мұны бізге Қалима апай  айтатын.  
– Ау, бұл не ұйқы? Көкең бағанадан бері сені  күтті, оятқанға тұрмадың. Автобус келіп, кетіп қалды, –  деді жеңешем.
Әжем екеуі шай ішіп отыр екен.  Жүрегім зу ете қалды, көңілім су сепкендей. Шынымен бе? Көкемнің кетіп қала қойғаны ма? Уәдесі қайда?
Біраздан кейін жеңешемнің мені алдап отырғанын біле қойдым. Өзім «әй» десе атып тұратындай сергек жатқанмын. Керек десе көкем әлі шайын да ішпеген,  дастарқан үстінде шай ішілген бос кесе жоқ. Дәу де болса сыртта шаруа істеп жүр. Бәсе, жеңешемнің көзі күлімдеп кетіп еді, мені қорқытпақ болғаны ғой. 
– Тездетіп шайыңды іш. Автобустарың да келіп қалар, – деді әжем.
Жеңешем  шайды алдыма қойды. 
– Аңсарға сүттің қаймағын әкеліп бер, жолда қарны ашар,  –  деді әжем тағы да. 
Жеңешем отырған орнынан қозғала қоймады, үнемі солай, асықпайды. Дүние қапылып жатса да, саспайды. 
– Құдай оңдағыр-ау, тездетсеңші. Жолаушының жол жүруге дайын отырғаны жақсы.
– Қаймақты қызына берейін деп отырған ғой.
 Жеңешем қаймақты көбіне Баянға береді, ол отырғанда бізге қаймақ жоқ.  
Енді болмаса қаймаққа әжемнің өзі баруы мүмкін. Жеңешем  шай кесеге салынған жаңа піскен сүттің қаймағын алдыма қойды. Қою қаймақты нанға қосып соғып отырмын. Бір жағынан әжемнің ақылын тыңдаймын.
– Қалқам, қалаға барғанда абайлап жүр.
– Иә, –  деймін мен.
– Онда машина көп дейді.
–  Бағдаршам бар ғой.
– Сонда да жалғыз жүрме.
– Жарайды.
– Көкеңнің айтқанын қыл.
–  Мақұл.
– Айналайын, ақылды бол! Балапаным сол!
Әжемнің «балапаным» дегенін қалжың қылғым келіп кетті. Шиқ-шиқ етіп, дәл өзіміздің қара тауықтың балапанындай дастарқандағы нан қиқымдарын теріп жей бастадым. Әр қиқымды алған сайын шиқылдап қоямын. Менің мұныма әжем де, жеңешем де күлісіп алды.
– Тентек болма, айналайын, –  деді әжем, –  үлкен қалада адасып кетіп жүрме, қала ауыл емес.
– Қалай адасамын? Көшесін білсем болды емес пе?
–  Сонда да қасыңа адам ерітіп жүр.
Барлықтарыңның әжелерің бар шығар-ау. Бәрілерің де әжелеріңді жақсы көресіңдер. Өзім білерде әжесін жақсы көрмейтін бала жоқ. Амантай да, Қуаныш та, Айзат та әжесін жақсы көреді. Мен де әжемді жақсы көремін.
Әжем орта бойлы, жүзі әжімді, жүрісі ширақ, қимылы жылдам кемпір. Ой, не деп кеттім?! Кемпірі несі? Әжем кемпір емес. Кемпір деген Айзаттың әжесіндей аяғы, белі ауыратын, таяққа сүйеніп жүретіндер ғой. Ол мектепте ұзақ жыл мұғалім болған. Ұстаздықтан зейнетке шыққан. Көптеген аға-апаларға сабақ берген, кейбіреулері әжеммен әлі күнге дейін хабарласып тұрады.
Әжем бізге ешқашан ұрысып көрген емес. Оның айтатыны – «құдай оңдағыр, балапаным, ботам, айналайын, шырағым», ылғи осындай сөздер. Біз әжемнің «балапандарымыз, боталарымыз, айналайындарымыз».
Әжемнің білмейтіні жоқ. Ол кез келген есепті шемішкедей шағады, көп ертегі оқып береді. Бірде сынып жетекшіміз Қалима апай:
– Кәне, кім ертегі айтып береді? – деген. Ешкім үндемеді. Бірдеңе сұраса, қолын көтеріп, тақтаға шығып тақылдай жөнелетін Берік те тіл қатпады.
Мен шықтым. Жақында ғана әжемнен естіген ертегіні зуылдата жөнелдім. Балалар аң-таң. Барлығының ауыздары ашылып қалыпты. Білгіш Беріктің де іштей қызғанып, қыж-қыж қайнап отырғаны анық. Ылғи бірінші болып үйренгесін сөйтеді ғой. Қалима апай:
– Жарайсың, Аңсар! – деп арқамнан қақты.
Әжемнің қолынан келмейтіні жоқ. Әдемілеп ою ояды, жылы тоқыма тоқиды. Бізге қолғап, шұлық тоқитын –  әжем,  жұмыс істесе қолы-қолына жұқпайды. Мен оның бос отырғанын көрген емеспін. Үнемі әлдене істеп тыным таппайды, сәбіз қосып бастырған палауы қандай?! Тіліңді үйіреді, дәмі таңдайыңнан кетпейді. Бұрыштап пісірген мантысы қандай, қанша жесең де жей бергің келеді?!
Енді өзім жайында, атым – Аңсар,  ата есімім –  Серғали. Биыл төртінші сыныпты бітірдім. Сабағым жақсы, тәртібім жаман емес. Атымды осылай қойған әжем екен. Мен дүниеге келгенде Бертай ағам әскерде болыпты, ағамды сағынып жүрген әжем осы есімді жөн көріпті. Менің құрдастарымнан бойым биік, сыныптың ең алдында тұрамын. Күрессем, Берікті де, Амантайды да жеңемін. Әжем бойың атаңа тартқан деп отырады. Түрім сары, көзім бақырайған, аласы көп үлкендеу, мұрын мәселесі қиындау. «Әу» деп жаратылғанда әдемі қыр мұрын емес, тымпиған кішкентайы маған тиесілі болыпты. Менің «сары тыйпық» атануым мұрынның кесірінен.
Осы кезге дейін өзімнің кімнен туғанымды білмей келемін. Жеңешемнен туған емеспін, оның баласы Баян. Кімнен туғанымды сұрасам әжем: «Көкеңнен «аһ» дегенде аузынан түскенсің», –  дейді. Бірақ көкемнің аузынан түспегенімді соңғы уақытта біліп жүрмін. Әр адамның аузынан мен секілді балалар түсе берсе, не болмақ? Менің дүниеге келуіме жеңешемнің де қатысы бар-ау. Кейде оңашада еркелеткісі келеді, еркелетсе өзінің Баянын еркелетсін. Менде несі бар?
Біздің ауылдан қалаға үлкен жасыл автобус қатынайды. Су жаңа, ызылдап тұр.  Жүргізушісі алпамсадай үлкен аға, біз оны Дәуаға дейміз. Автобустың келіп кеткені біз үшін мереке, келгенде жиналып қарсы аламыз, кеткенде шығарып саламыз. Кейде оның артына тырмысатынымыз бар, мұны Дәуаға білсе, оңдырмайды.
Дәуаға деп жүрген жүргізушінің шын есімі – Дәуренбек. Дәуренбектің бірде мені ұстап ала жаздағаны бар. Кінә өзімнен болды, жай жүріп келе жатқан автобусқа бірнеше бала сүйретіліп келе жатқанбыз.
–  Келіп қалды! Келіп қалды! – деп бір бала жүгіре жөнелді. Кімнің келгені белгілі, бәріміз тым-тырақай қаштық. Дәуаға енді бір-екі аттағанда ұстап алады екен, зорға құтылдым. Әжем айта беретіндей құдай сақтады, әйтпесе жүргізушінің қолына түскенде аман бол, қырық төртінші размерлі бәтеңкемен май құйрықтан бір тепкенде, не жаным қалады? Сосын үш-төрт күн артыңды ала алмай жүргенің. 
Сөйтсек, Дәуаға айнадан қарап отырыпты. Өзімізден де бар, жайымызға тыныш жүре алмаймыз, әйтпесе жүргізуші бізді не қылсын?
Көкем екеуміз аялдамаға бет алдық. Аялдамамыз ауылдағы ескі дүкеннің маңы. Дүкен иесі ескісін бұзып, қайтадан салып, қаладағыдай әп-әдемі етіп қойған. Ауылымыздың әкімі аялдама саламыз деп уәде берген, онысы әлі жоқ. Жолаушылар осында жиналады, автобусқа отырады.
Біздің сөмкелерімізді шығарып салушылар көтеріп алған. Олар көп-ақ, көршіміздің қара күшігі де аяғыма оратылып,  құйрығын бұлғаңдатады. Онысы «жолың болсын, базарлықты молдау әкелерсің» дегені сияқты. Асқар маған:
– Белесебеттің камерін ұмытпа, – деді.
– Ұмытпаймын.
Бір жағымнан Баян:
– Маған әдемі шаш қыстырғыш әкел, Нәзікен тәтемдікіндей...
Өзінің бәлесін қарай гөр. Кеше ғана екеуміз допқа таласып қалғанбыз, сонысын дәл қазір ұмытып тұр. Допқа таласқанымыз үшін жеңешемнен тиісті шапалағымды жеп алғанмын. Жеңешемнің әдеті бірдеңе болса, Баянның сөзін сөйлейді. «Кішкентай қарындастарыңды ойнатыңдар, айтқанын істеңдер» дейді. Кішкентай қарындасымыз бізді тыңдамайды, өз білгенімен жүреді.
Біз келгенде, автобустың жанында көп адамдар жиналыпты. Біреулер – шығарып салушылар, біреулер – жолаушылар. Жүргіншілерден шығарып салушылар көп. Дәуаға мені көргенде:
– Ал, батыр, автобусқа мінесің бе, әлде артына тырмысасың ба? – деді.
Мен үндемедім, айыпты адам не деуші еді? Сонау қалаға дейін автобус артына сүйретілуім керек пе, тапқан екен ақымақты. Жолаушылар орындарына жайғасқан соң, Дәуаға есігін жапты.
–  Жолдарың болсын!
–  Аманшылықпен қауышайық!
–  Қош болыңдар! 
Автобус ауыл көшесінің шаңын бұрқыратып зымырай жөнелді, ашық терезеден іштегілерге самал соқты.
Дәуаға тазалықты жақсы көреді-ау. Автобус орындықтары, терезелері  таңертең ғана жуылып, сүртілгенін әйгілеп тұр. Жолаушылар өзді-өзі әңгімеге көшкен. Кішкене төбешіктер бізбен жарыса түсіп қалады, жол жақсы, автобус жаңа, зымырап келеді.
Көкеммен бір орындыққа жайғасқан бақташы Бекет ауылдан шыққалы әңгімелесуде. Олардың күңгір-күңгір айтқандарына құлақ түріп келемін. Алыстағы ауылымызға қатынайтын жалғыз автобус екен. Аптасына екі рет қатынайды. Аяқ астынан шаруасы шыққандарға, ауырып-сырқағандарға қиын көрінеді. Биылғы қыс қатты болып, қар қалың түсіпті. Жайылымдық шөптің шығымы жақсы, жердің көгі болған соң, мал да қоңды, бірақ қасқыр жаудай, тіпті маза бермейді. Аңдысып, бақылап отырғанда да малға тиеді. Бекеттің ертеңгілік енесімен кеткен бота кешкілік оралмаған, іле іздеп барса, жауыз қасқыр жас ботаның қарнын жарып кетіпті. Бірді айтып, бірге кетеді. Осы үлкендер-ақ әңгіме айтудан шаршамайды.
Мен жалыға бастадым, ұйқым келді. Дәл Асқардың мойны кеткен белесебетіндей мойным босап, басым кеудеме құлай берді. Ағам көлігінің мойнын алмастырып, жөндеп алатын. Менің де қылдырықтай мойнымның бұрандасы босады-ау деймін, азғана ұйықтап алсам... 
Алғашқыдағыдай емес, автобустың шоқақтауы жиіледі, жүрісі өнбеді, кейде бір жерде тұрып алып секіреді. Онысы өзіне ұнайтын сияқты. Осындай кезекті бір секірісінде алдымдағы отырғыш арқалығына маңдайымды соғып алдым. Бұлғақтаған бас бүлдіріп тынды, көзімнің оты жарқ ете қалды, жылап жіберуге шақ қалдым. Жігіт басыммен жылағаным ұят қой, қолыммен соққы тиген жерді сипап едім, лезде ісіп кетті.
– Шоқаңдауы көбейіп кетіп еді, ескі жағалауға келген екенбіз ғой, – деді бір жолаушы.
– Теңіз орны ғой, бұл жердің ой-шұңқыры көп болады, – деді екіншісі.
–   Баяғы балық жатқан жерлер осындай болмаушы ма еді?
Автобустағылар бірінің айтқанын бірі қоштады.
–  Көке, – дедім мен .
– Ау, немене?
– Жағалау деген не?
– Е, бұрынғы теңіз жағасы ғой.
–  Ал шұңқыры несі?
– Балық жатқан жерлер ғой.
– Балықтар неге онда жатады?
– Олар уылдырық шашады.
– Уылдырық дегенді жеуші едік қой?
Балықтар уылдырық шашып көбейеді.
– Сонда қалай?
– Ол ұзақ әңгіме.
Өтебай СЕРӘЛІ,
Ақбасты ауылы
(Басы. Жалғасы бар)
09 қыркүйек 2020 ж. 567 0