Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пошташының бір күні

Пошташының бір күні

Өзім осы баспа саласына қызметке орналасқалы бері арагідік «газетім келмей қалды», «ұшып кетіпті», «пошташы дұрыс қыстырмапты, үйіме кіргізіп қолыма беріп кетсін» деген даулы мәселені құлағым шалып жатады. Содан осы салада тер төгіп жүрген қызметкерлердің күні қалай өтеді екен деген оймен мен де газетімді дорбаға салып алып, қолымдағы мекенжай бойынша қызметімді уақытша газет тасымалдаушыға ауыстырдым.
Келген газетті мекенжай бойынша сұрыптап алған соң, өзіме берілген бесінші мөлтек ауданын бағытқа алып келемін. Шайтан арбамен таратқан тиімді деген соң, оны да меңгеріп алдым. Темір жол өткелінен өтіп, мөлтек ауданға да кірдім. Алғашқы көшені бойлап, төрт үйдің газетін жәшігіне қыстырып кеттім. Кейбір үйлердің дарбазасынан газет қыстыратын қиыс таппай қиналдым. Пошта жәшігі де некен-саяқ үйде ғана бар.
Өзімше мәзбін, бұл бір жақсы жұмыс екен ғой деп қоямын. Екінші көшені де орталап қалдым. Бұл мөлтек ауданның үйлері тығыз орналасқан, көшелері шым-шытырық екен. Кенет Алтынсарин көшесіндегі 16-шы нөмірлі үйді таба алмай ұзақ жүрдім. Басына қайта барып, қайта шығып, шыр айналдым. Сол сәтте «көшеміздің пошташысы тағы өзгерген бе?» деген бейтаныс үнге жалт бұрылдым. Анадайдан егде тарқан аға маған қарай бағыт алып келеді екен. Жаныма жақын келіп:
– Амансың ба, қызым? Сен жаңадан келдің-ау, шамасы. Көшені таппай шатасып тұрсың ба? – деп сұрады менен.
– Иә, аға, мына бір 16-шы үйді таба алмай жатырмын, – дедім.
– Еее, алғаш келгенде бәрі солай шатасады. Ол үй мынау, қуыстан көтерілгеніңде алдыңда тұрған көк дарбазалы үй ғой, – деп кішкене қуыс көшені нұсқады.
Қуанып кеттім. Әлгі аға біразға дейін менің жанымда жүріп, шатасқан мекенжайларымды табуға көмек көрсетті. Осындай ақжарқын адамдардың барлығына қуандым. Тіпті көшеде доп қуалап жүрген кішкене балақайлардың да «Сәлем бердік, тәте, сізге газет таратуға көмектесейік пе?» деген періште пейілдерін естіп, риза болып, ішім жылып қалды.
Сөйтіп жүріп, үш көшені бітіріп тастаппын. Қолымдағы газетім де азайып, салмағы жеңілдеп келеді. Біртіндеп бұл жұмысқа да бойым үйреніп қалды. Күн де қара көлеңкеленіп келеді. Жұмыстан қайтқан көліктердің нөпірі көбейіп, көшенің иттері де машинаның дауысынан ытқып шығып, төбе көрсетіп жатыр. Абалаған иттердің дауысы жиі естіліп кетті. Менде аздап қорқыныш пайда бола бастады. Әр үйдің есігіне газетін қыстырып жатып, иттің дауысын естісем, діріл қағатын болдым. Жұмысты тастап қайтуға да болмайды. Өйткені «газет шыққан күні қолыма тиетін болсын» деп шегелеп тапсырып, шарт қойған оқырмандар бар. Неде болса тәуекел, деп бағыт алып келемін. Жарығы жоқ жаңадан бой көтерген үйлері бар, қараңғы көшеге ендім. Телефонымның жарығын қосып алып, үйлердің маңдайшаларын қарап келемін. Шайтан арбам да шиқылдай берген соң жаяулатып, оны ілдіріп алып келе жатырмын. Енді 4-5 үйдің газетін қыстырсам, мендегі газет те таусылады. Бір сәтте көшенің келесі бетінен алма-кезек қарап келе жатып, жаныма жақын келген итті байқамай қалдым. Мойнында қарғы бауы бар ит ызалы үн шығарып, ырылдап тұр. Сол сәтте мелшиіп орнымнан қозғалмай тұра қалдым. Енді қайттім, қорыққаннан тұла бойым мұздап барады. "Болды, бітті қазір ол мені талайды. Мен ауруханаға түсемін. Үйдегі кішкентай емізулі баламның халі не болады екен?" деген уайым мен қорқыныш бойымды билеп барады.  Осы орайда оқырмандарға айтпағым, газет тасымалдаушылардың жұмысына түсіністікпен қарасаңыздар екен. Себебі олар да адам. Көмектес, газетін тарат демейміз. Тек тек газет салатын пошта жәшіктерін қауіпсіз әрі жарықтау жерге орнатып, жұмыстарының жеңілдеуіне жағдай жасасақ екен. Жан-жақты ойлап жатырмын. «Кет» деген дауысым қатты шықса керек, бұрыштағы үйден иесі шығып, итті алып кетті. «Уф» деп бір терең демалып алып, тез қайтуға бекіндім.
Жол бойы ойланып келемін. Қандай қиын десеңші?! Газет тарату да оңай шаруа емес екендігіне көзім жетті. Жауыны бар, желі бар, ауа райында халыққа газетіңнің қалыпты жетуі үшін тасымалдаушылардың еңбегі ерен. Кейде бізге жеңіл жұмыс сияқты көрінеді. Бірақ әртүрлі мінезді халықпен жүздесіп, ауыр газетті асынып, табанынан тоза жүріп нәпақасын тауып жүрген жандардың еңбегін бағалай білген жөн секілді.
Н. Маратқызы.
06 қазан 2020 ж. 525 0