Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағдарлама аясындағы ауқымды істер

Бағдарлама аясындағы ауқымды істер

Жергілікті жерлердің инфрақұрылымын арттыру мақсатында Елбасының бастамасымен «Нұрлы жер» бағдарламасы құрылған болатын. Бүгінгі күні көпшіліктен қолдау тапқан бұл бағдарлама аясында республика көлемінде қыруар жұмыстар тындырылып келеді.
Біздің ауданымызда да осы бағытта жүргізіліп жатқан бірқатар тындырымды істер бар. Бағдарламаны жүзеге асыру негізінде жеке тұрғын үй салатын алаңдарды инфрақұрылыммен жайластыру үшін Арал қаласындағы №4 мөлтек ауданды электрмен жабдықтау жүйесінің құрылысы 2014 жылы қаржыландырылып, сол қаржыға 9249 шақырым электр желісі тартылып, 3 дана трансформаторлық қондырғы орнатылды.
Ал, екі жылдан кейін, яғни, 2016 жылы Арал қаласындағы №2 мөлтек ауданын электрмен жабдықтау жүйесінің құрылысына 96, 930 млн. теңге бөлініп, 11,455 шақырым электр желісі тартылып, 4 дана трансформаторлық қондырғы алынды.
Осы екі мөлтек ауданына су желісін жүргізу жұмыстарының құжаттамасын әзірлеуге 2017 жылы аудандық бюджеттен 19,884 млн. теңге бөлініп, толықтай дайындалды. Ендігі мақсат, жобаны жүзеге асыру жұмыстары. Қазіргі уақытта бұл жұмыс та шешімін тапты десек болғандай. Үстіміздегі жылы республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланып, нәтижесі күтіліп отыр. Жұмыстар толығымен шешімін тапқанда 811 адамға тұрғын үй салу үшін жер телімі берілетін болады.
Сондай-ақ, қаладағы №1 мөлтек ауданында да жоғарыда аталғандай жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр.
Сонымен қатар, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде қаланың аумағын кеңейту мақсатында ашылған №5 мөлтек ауданның жобасын әзірлеуге Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен қаржы қаралып отыр.
Арал тұрғындары алдағы уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасының рахатын сезінетін болады.
Ж. Қуанышбаев.
26 ақпан 2018 ж. 1 085 0