БКМ ҚОЛДАНУ ТӘРТІБІ: ТАЛАП ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты салықтық әкімшілендіру жүйесінде де бірқатар жаңашылдықтар енгізілуде. Соның бірі – сауда және қызмет көрсету орындарында бақылау-касса машиналарын (БКМ) талапқа сай пайдалану. Бұл жүйе ақшалай есеп айырысуларды бақылауға, салықтық есептілікті жетілдіруге және көлеңкелі айналымның алдын алуға бағытталған.БКМ қолдану тәртібі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексінің 8-тарауындағы 110 және 111-баптарда айқындалған. Заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысу кезінде мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдану міндетті.
Ақшалай есеп айырысуға қолма-қол ақша, төлем карточкалары немесе мобильді төлемдер арқылы тауар сатып алу, жұмыс орындау және қызмет көрсету үшін жүргізілетін төлемдер жатады. Демек, кәсіпкер осындай есеп айырысу жүргізген кезде БКМ қолдануы қажет.
Дегенмен заңнамада БКМ қолданудан босатылатын жекелеген тұлғалар мен жағдайлар да қарастырылған. Олардың қатарында жеке тұлғалар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен медиаторлар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, екінші деңгейдегі банктер, діни бірлестіктер, сондай-ақ ортақ пайдаланымдағы телекоммуникация желісі жоқ жерлердегі кейбір салық төлеушілер бар. Бұдан бөлек, заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес «e-Salyq Business» арнаулы мобильді қосымшасы арқылы ақшалай есеп айырысу жасайтын кәсіпкерлер де БКМ қолданудан босатылады.
Кәсіпкерлер үшін маңызды талаптың бірі – сатып алушыға берілетін чектің мазмұны. Жаңа Салық кодексінің 111-бабына сәйкес, БКМ чегінде салық төлеушінің атауы мен сәйкестендіру нөмірі, БКМ-нің зауыттық және тіркеу нөмірлері, чектің реттік нөмірі, сатып алу күні мен уақыты, тауардың немесе қызметтің бағасы, атауы, саны мен өлшем бірлігі, сатудың жалпы сомасы және басқа да қажетті деректемелер көрсетілуі тиіс.
Сондықтан чек басып шығару кезінде тауардың, жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің нақты атауын көрсетуге ерекше мән берген жөн. Бұл талап Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 24 қазандағы №626 бұйрығымен де нақтыланған.
Мәселен, чекте сатылған тауардың нақты атауының орнына жай ғана «Позиция» деп көрсету белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Мұндай чек фискалдық деректер операторына беріліп, фискалдық белгі қалыптастырылған жағдайда фискалдық чек болып қала береді. Алайда кәсіпкерлер алдағы уақытта осындай сәйкессіздіктерге жол бермеуі тиіс. Яғни чек рәсімдеген кезде тауардың нақты атауы, саны және өлшем бірлігі толық көрсетілуі қажет.
БКМ-ды талапқа сай қолдану – кәсіпкердің заң алдындағы міндеті. Қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, БКМ-ды белгіленген тәртіппен қолданбау, оны тіркемеу немесе сатып алушыға кассалық чек бермеу фактілері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 284-бабына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Осыған байланысты Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерлерді бақылау-касса машиналарын пайдалану кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе әрбір есеп айырысу бойынша фискалдық чек беріп, онда тауардың немесе көрсетілетін қызметтің нақты атауын, санын және өлшем бірлігін дұрыс көрсету маңызды.
Салық талаптарын сақтау – тек жауапкершіліктен сақтану ғана емес, кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етудің де маңызды шарты.
Н. МАРАТҚЫЗЫ










