Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Салық органдарына көп қойылатын сұрақтар

Салық органдарына көп қойылатын сұрақтар

Сұрақ: Кәсіпкерлер есептілікті қалай және қайда тапсыра алады?
Жауап: Салық төлеуші салық есептілігін Басқармада орналасқан «өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышы арқылы cabinet.kgd.gov.kz сайтына кіре отырып немесе кез келген интернет желісі қамтылған жерде «е-salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы есептілікті тапсыра алады.
Сұрақ: Декларациялаудың 3 кезеңінде қандай мәліметтер көрсетілу керек?
Жауап: Жалпыға бірдей декларацияның 4 кезеңі бар: 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларымен, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар жұбайларымен; 2023 жылғы 1-қаңтардан бастап – мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері жұбайларымен; 2024 жылғы 1-қаңтардан бастап – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары. 2025 жылдың 1-қаңтарынан бастап халықтың қалған санаттары тапсырады.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңіне орай төменде көрсетілген тұлғалар тапсыруға міндетті:
Заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары.
Шаруа қожалық төрағалары мен мүшелері және олардың жұбайлары.
Дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 630-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, 2024 жылдан бастап «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларациясын» (250.00 нысанды) ұсыну міндетемесі туындаған жеке тұлғалар үшін, салық есептілігі нысанының түрі «бастапқы», салық төлеушінің «Б санаты» бойынша, 2024 жылғы салық кезеңі үшін ұсынылады. 250.00 нысанды декларацияда көрсетілетін мәліметтер: ҚР шегінен тыс жерлердегі жылжитын, жылжымайтын мүліктерін, банктердегі салымдарын және ҚР шегінен тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысты үлесі; ҚР-дағы және оның шегінен тыс жерлердегі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша ғимараттағы үлесі, бағалы қағаздары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, дебиторлық және кредиторлық берешегі, 10000 еселенген мөлшер шегінен аспайтын қолма-қол ақша;
Сұрақ: Декларацияны уақытылы тапсырмаса қандай шара көріледі?
Жауап: Мемлекеттік кіріс органына салық есептілігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбау ескерту жасауға әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – 15 АЕК-тен - 70 АЕК-ке (55380-258440 теңге) дейінгі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Сұрақ: Мобильді аударым қабылдаудан бас тартқан жағдайда қайда шағымдануға болады?
Жауап: Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады. Себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған (25-бап). Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы).
Сұрақ: Бақылау-кассалық машиналарды қолдану тәртібі қандай?
Жауап: Бақылау-касса машиналарын (БКМ) қолдану тәртібі Салық кодексінің 165-169 баптарында айқындалған. Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және беру функциясы бар БКМ мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi. Ақшалай есеп айырысулар – қолма-қол ақша және төлем карточкаларын және мобильдік төлемдерді пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін жүзеге асырылатын есеп айырысулар. Осылайша, ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде барлық салық төлеушілер бақылау-кассалық машинасын қолдануға міндетті.
Сұрақ: Дара кәсіпкер ретінде тіркелу және есептен шығудың сатылары қандай?
Жауап: Дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны, яғни тіркелуі туралы хабарламаны 2 тәсілмен жіберуге болады. Бірінші онлайн режимде e-gov порталы арқылы elicense.kz порталында тіркеліп, немесе Каspi kz,Halyk Bank банктік қосымшалары және де «е-salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы. Еінші келу тәртібімен қағаз түрінде Мемлекеттік кірістер органдарының қызмет көрсету орталықтары немесе «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы.
Негізінен, ДК жабу кезінде бірнеше талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, «таратылу салық есептілігінің» табыс етілуі, бюджет алдында берешектердің болмауы, кассалық аппарат бар болған жағдайда, оны есептен шығару туралы салықтық өтініштің ұсынылуы. Сондықтан да электронды түрде өтініш берместен бұрын, осы талаптардың орындалуы шарт. Егер де, осы талаптар орындалмастан өтініш берілген жағдайда, бағдарлама «таратылу салық есептілігінің» болуын, кассалық аппараттың есептен шығарылуын, берешектің болмауын автоматты түрде тексеріп, таратылу салықтық өтінішіне «өңдеуден бас тартылды» мәртебесі тағайындалады. Ал, осы талаптар толығымен орындалған жағдайда өтінішке «құжат өңделді» мәртебесі беріліп, 10 жұмыс күні ішінде тиісті іс-шаралары жүргізіле отырып, салық төлеуші дара кәсіпкер ретінде тіркеуден шығарылады. Осы ретте, дара кәсіпкер электронды түрде ұсынылған өтініштің толық өңделуіне мән беруі тиіс. Яғни, тиісті талаптар орындалмаған жағдайда ДК жабылмайтынын ескеруі шарт.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
05 ақпан 2024 ж. 2 643 0