Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Асылбек АҒЫБАЕВ: Қолма-қол ақшасыз төлем – заң талабы мен заманауи қызмет көрсетудің кепілі

Асылбек АҒЫБАЕВ: Қолма-қол ақшасыз төлем – заң талабы мен заманауи қызмет көрсетудің кепілі

Салық жүйесіндегі жаңашылдықтар – бүгінде кәсіпкерлерді де, қарапайым тұрғындарды да мазалайтын басты тақырыптардың бірі. Заңнамадағы өзгерістерден қалып қоймай, өз міндеттемелерін уақытылы әрі дұрыс орындау әрбір азамат үшін маңызды. Осы орайда, салық саласындағы соңғы жаңалықтардың мән-жайын білу, халық арасында жиі қойылатын сұрақтарға нақты жауап алу үшін біз Арал аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Қуанышбайұлы Ағыбаевты әңгімеге тартқан едік.
– Асылбек Қуанышбайұлы, соңғы уақытта кәсіпкерлер арасында POS-терминал орнату мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл талаптың негізгі мақсаты қандай?
– Мемлекет кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударып отыр. Осы мақсатта «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жекелеген қызмет түрлерімен айналысатын кәсіпкерлер өз қызметін жүзеге асыратын орындарда төлем карточкалары немесе жедел төлемдер жүйесі арқылы төлем қабылдауға мүмкіндік беретін POS-терминал немесе соған теңестірілген төлем құрылғыларын орнатуға міндетті. Бұл – заң талабы.
– POS-терминал орнату міндеті барлық кәсіпкерлерге бірдей қатысты ма?
– Жоқ. Бұл талап Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №457 қаулысымен бекітілген қызмет түрлеріне қолданылады. Олардың қатарында көтерме және бөлшек сауда, автокөлік сату және жөндеу, қонақүй және мейрамхана бизнесі, медицина, білім беру, сақтандыру, туризм, фитнес клубтар, кинотеатрлар, жүк тасымалдау және басқа да қызмет көрсету салалары бар.
Ал заңда көрсетілген кейбір ерекшеліктер де қарастырылған. Мысалы, өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін немесе акваөсіру өнімдерін сататын кәсіпкерлерге, сондай-ақ байланыс желісі жоқ елді мекендердегі стационарлық емес сауда орындарына бұл талап қолданылмайды.
– Кейбір кәсіпкерлер сатып алушылардан тек қолма-қол ақша талап етіп жатады. Мұндай әрекет заңға сәйкес пе?
– Әрине, жоқ. Егер кәсіпкер заң бойынша қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға міндетті болса, онда сатып алушының банк картасымен немесе QR арқылы төлем жасау құқығын шектей алмайды. Қазіргі таңда азаматтардың басым бөлігі қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды пайдаланады. Сондықтан мұндай мүмкіндік міндетті түрде қамтамасыз етілуі қажет.
– POS-терминал болмаған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 195-бабына сәйкес, алғаш анықталған жағдайда кәсіпкерге ескерту жасалады. Егер дәл осындай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайта қайталанса, онда әкімшілік айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
– Мемлекеттік кірістер органдары қандай бақылау жұмыстарын жүргізеді?
– Қазіргі таңда бақылау негізінен камералдық бақылау арқылы жүзеге асырылады. Оның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді жазалау емес, заң талаптарын өз еркімен орындауға мүмкіндік беру.
Бақылау екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – кәсіпкерлік қызметтің салық органдарында тіркелуі. Екіншісі – алынған кірістердің толық көрсетілуі.
Егер қандай да бір сәйкессіздік анықталса, салық төлеушіге арнайы хабарлама жіберіледі. Ол кәсіпкерге заң бұзушылықты өз еркімен түзетуге мүмкіндік береді. Егер азамат анықталған алшақтықпен келіспесе, растайтын құжаттарын ұсына отырып түсініктеме беруге құқылы.
– Кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, кәсіпкерлік қызметке арналған арнайы бизнес-шоттарды пайдаланып, барлық төлемдерді заң талаптарына сәйкес қабылдауға кеңес береміз. Сонымен қатар әрбір сауда немесе қызмет көрсету кезінде сатып алушыға міндетті түрде фискалдық түбіртек берілуі қажет. Себебі фискалдық түбіртек – тұтынушы құқығын қорғайтын негізгі құжаттардың бірі. Оны беруден бас тарту да әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескерген жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Н.БАҚЫРАН
30 маусым 2026 ж. 28 0