Тек қолма-қол ақшамен есеп айырысуды талап ету заңды ма?
Қазіргі таңда мобильді аударымдар бақыланатыны туралы жаңалықтан кейін көптеген кәсіпкер сауданы тек қолма-қол ақшаға жасасатын болған. Сатушының бұл талаптары заңды ма? Бұл сұраққа Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары жауап берді.
"Жеке кәсіпкерлер өткізген тауарлары (көрсетілген қызметтері) үшін қолма-қол ақша төлеуді талап етіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту жағдайлары да кездеседі. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз, себебі "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған (25-бап)", - делінген комитет мамандары таратқан баспасөз релизінде.
Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлердің төлем карталарын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы).
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы мемлекеттік кірістер органдарына хабарласу керегі айтылады.
"Сонымен бірге Салық кодексі микро және шағын бизнес субъектілеріне оңайлатылған салық салу жағдайы жасады, атап айтқанда: салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты 1%-дан 4%-ға дейін. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін таңдай алады – патент (салық мөлшерлемесі 1%); оңайлатылған декларация (салық мөлшерлемесі 3%); бөлшек салық режимі (салық мөлшерлемесі 4%)", - делінген релизде.
Салық және әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептелетін және төленетін e-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы салық салу режимін таңдауға болады екен.
Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкермен олардың жұбайы декларация тапсыруы тиіс, сондықтан кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді дұрыс көрсету өте маңызды. Кейінгі жылдары мүлікті сатып алған жағдайда бұл кірістер салық салу мақсатында есепке алынады.
Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
Фото: kaz.nur.kz