Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық реформасы: есептілік азайды, бақылау күшейді

Салық реформасы: есептілік азайды, бақылау күшейді

Қазақстанда салық заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер азаматтар мен кәсіпкерлер үшін бірқатар маңызды жаңашылдықтарды қамтиды. Әсіресе көлік құралдарына, жер және мүлікке салынатын салықтарға қатысты түзетулер салық жүктемесін оңтайландыруға және есептілік рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған. Бұл туралы Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ағыбаев Асылбек Қуанышбайұлы кеңінен баяндап берді.Жаңа өзгерістерге сәйкес, пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын жеңіл автомобильдер үшін көлік салығын есептеу кезінде төмендетілген коэффициенттер қолданылады. Атап айтқанда, 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктерге 0,7 коэффициенті, ал 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 коэффициенті белгіленген. Бұл норма ескі автокөлік иелеріне салықтық жеңілдік береді.
– Сонымен қатар, шаруа және фермер қожалықтары бір пикап көлігі үшін көлік салығын төлеуден босатылды. Тағы бір маңызды өзгеріс – көлік құралдарын бұрынғыдай түріне (джип, пикап, фургон) қарай емес, енді жүргізуші куәлігінің санаттарына (A, B, C, D) сәйкес жіктеу қарастырылған.
2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстан аумағына әкелінген немесе өндірілген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдерге қатысты жоғары мөлшерлемелер де алынып тасталды, – дейді Асылбек Ағыбаев.
Заңды тұлғалар үшін де оң өзгерістер бар: көлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебін тапсыру міндеті жойылып, енді тек жыл қорытындысы бойынша декларация ұсынылады.
Жеке тұлғалар үшін көлік салығын төлеу мерзімі – есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс. Белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап берешегі 1 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтардың ісі сот орындаушыларына жолданады.
Бұл өз кезегінде банктік шоттарды бұғаттауға, мүлікке тыйым салуға, ал берешек 40 АЕК-тен асқан жағдайда шетелге шығуға шектеу қоюға әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, қарыз сомасына қосымша 25 пайызға дейінгі өндіріп алу ақысы қарастырылған.
Жер салығына қатысты өзгерістер де есептілікті жеңілдетуге бағытталған. Енді заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер ағымдағы төлемдер бойынша есеп тапсырмайды, тек жылдық декларациямен шектеледі.
– Егер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер елді мекен шекарасына енгізілгенімен, бұрынғыдай ауыл шаруашылығында пайдаланылып жатса, салық бұрынғы ауыл шаруашылығы ставкалары бойынша есептеледі.
Алайда жерді мақсатсыз немесе заң талаптарын бұза отырып пайдалану жағдайында салықтық жүктеме айтарлықтай артады. Мұндай учаскелер бойынша базалық салық мөлшерлемесі 40 есеге дейін ұлғайтылуы мүмкін, – дейді ол.
Бұл талап жерді тиімді әрі мақсатты пайдалануды ынталандыруға бағытталған.
Мүлік салығына қатысты да әкімшілік жүктеме азайтылды. Егер салық сомасы 300 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, салық төлеушілер ағымдағы төлемдер бойынша есеп тапсырмайды. Олар тек жыл қорытындысы бойынша декларация тапсырып, тиісті төлем жүргізеді.
Мүлік салығының базасы ғимараттар мен құрылыстардың орташа жылдық баланстық құны негізінде анықталады. Бұл ретте мүлікті қайта бағалау кемінде әр үш жыл сайын жүргізілуі тиіс.
Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер салық жүйесін оңтайландыруға, есептілікті жеңілдетуге және салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар, заң талаптарын бұзған жағдайларда жауапкершілік күшейтіліп отыр. Сондықтан әрбір азамат пен кәсіпкер салық міндеттемелерін уақытылы орындап, заңнамалық өзгерістерді жіті қадағалауы тиіс.


Н. МАРАТҚЫЗЫ
30 наурыз 2026 ж. 66 0