Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім: өзгерістер қаншалықты өзекті?

Білім: өзгерістер қаншалықты өзекті?

Биыл елімізде 380 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған. Оқу жылының аяғында 227 мың түлек мектепті тәмамдайды. Ал жылдың жаңалығы оқу пәндерінің қатарына "Конституция негіздері", "Заң мен тәртіп" курстары енгізіліп, Жасанды интеллект оқытылатын болды. Жалпы жаңа оқу жылы оқушылар мен ата-аналар үшін бірқатар өзгеріспен басталды. Бағалау жүйесі жаңарып, сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойылады, мектеп бағдарламасына жаңа курстар қосылып, профилактикалық медициналық тексеру тәртібі өзгермек. Осы жайлы тарқатып айтуды жөн санадық.
Бұл жаңашылдықтардың мәнін түсіну үшін мәселеге тек ереже тұрғысынан емес, оның оқушыға, мұғалімге және ата-анаға әсері тұрғысынан қарау қажет. Ол үшін білім саласының басы-қасында жүрген мамандардың пікірлерін алға тарта отырайық.
Өзгерістер жайлы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті басқармасының басшысы Асыл Түймебаев:
– Білім беру саласындағы кез келген өзгерістің түпкі мақсаты – баланың сапалы білім алуына жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа оқу жылындағы өзгерістерді бір-бірінен бөлек қарауға болмайды. Бағалау жүйесінің жаңаруы да, жаңа оқу курстарының енгізілуі де, мектептегі тәртіпке қатысты талаптардың өзгеруі де ортақ мақсатқа бағытталған. Бүгінгі оқушының алдында кешегі баладан әлдеқайда көп ақпарат бар. Бірақ ақпараттың көп болуы білімнің көп болғанын білдірмейді. Керісінше, қазіргі мектептің міндеті – баланы ақпаратты дұрыс қабылдауға, оны талдауға және қорытынды жасауға үйрету. Сондықтан білім сапасын арттыру үшін оқушының тек соңғы нәтижесіне емес, оның оқу барысындағы ілгерілеуіне де назар аудару маңызды, – дейді.
Расында маманның сөзінен бүгінгі қоғамның айқын көрінісін аңғаруға болады. Ақпараттың көптігі білімге жетудің басты бағыты емес. Себебі ақпараттардың нақтылығы мен шынайылығына бала өз бетінше көз жеткізе алмайды. Мектеп қабырғасындағы оқушыға осындай сәтте бірінше кезекті мұғалім – басты бағдар беруші. Мыңдаған, тіпті миллиондаған мәліметтердің арасынан қажеттісін қабылдап, оны ары қарай тереңдету үшін ұстаздардың алатын орны ерекше.
СМАРТФОНҒА САЛЫНҒАН ТЫЙЫМ
Бұл сөзімізге осы салада еңбек келе жатқан №292 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсем Ембергенова мектептегі өзгерісті ұстаз жүзеге асырады дейді.
– Расында ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: "Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі" дегендей білім – адамға берілген қуатты құрал. Ал сол құралды қалай пайдалану адамның тәрбиесіне, санасына, жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан бүгінгі білім саласындағы басты мақсат тек оқушыға білім беру емес, оны саналы, тәртіпті, жауапты тұлға етіп қалыптастыру болуы тиіс.
Қазіргі білім беру жүйесі заман талабына сай өзгеріп келеді. Цифрлық технологиялар сабақтың мазмұнын жаңартып, ақпаратқа қолжетімділікті арттырды. Жасанды интеллект, электронды оқулықтар, онлайн платформалар – мұның бәрі білім алушыға жаңа мүмкіндік береді. Алайда әр мүмкіндіктің өз шегі бар. Технология адамға қызмет етуі керек, адам технологияның жетегінде кетпеуі тиіс.
Осы тұста мектеп оқушыларының смартфон қолдануы мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Бүгінде телефон баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бір жағынан, смартфон – ақпарат іздеуге, білім алуға, байланыс жасауға мүмкіндік беретін пайдалы құрал. Екінші жағынан, оны бақылаусыз пайдалану оқушының сабаққа деген зейінін төмендетіп, уақытын тиімсіз өткізуіне, әлеуметтік желілер мен ойындарға тәуелді болуына әкелуі мүмкін.
Сабақ үстінде мұғалім жаңа тақырыпты түсіндіріп жатқанда, оқушының назары телефон экранына ауып кетсе, білім сапасы туралы қалай сөз қозғауға болады? Бір сәттік хабарлама, қысқа бейне немесе ойын баланың назарын сабақтан бөліп әкетуі ықтимал. Ал зейін бөлінген жерде терең білім қалыптаспайды.
Сондықтан смартфонға мектеп қабырғасында белгілі бір шектеу қоюды тек тыйым ретінде емес, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеудің бір жолы ретінде қарастырған жөн. Мәселе телефонды баланың қолынан тартып алуда емес, оны қай кезде және қандай мақсатта қолдану керектігін үйретуде.
Қағаздағы кез келген реформа мектепке келгенде нақты жұмысқа айналады. Ал оны жүзеге асыратын – мұғалім. Мектеп директоры мен орынбасарлары үшін жаңа оқу жылының басты міндеттерінің бірі – жаңа талаптарды педагогтерге дұрыс түсіндіру, оқу процесін жүйелеу және оқушыға қолайлы орта қалыптастыру. Телефон қазіргі баланың өмірінің бір бөлігіне айналды. Сондықтан оның мектепте қолданылуына қатысты талаптың мақсаты – технологиядан алыстату емес, оны орнымен пайдалануға үйрету.
Сабақ кезінде мұғалім мен оқушының тікелей қарым-қатынасы, пікір алмасу, тапсырманы өздігінен орындау – баланың зейінін арттырудың маңызды тетіктері. Бұл ретте ата-ананың қолдауы да қажет. Мектептегі тәртіп үйде де жалғасқанда ғана нәтиже болады, – дейді.
Расында «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген нақыл бар. Мектеп – білім беретін ғана емес, баланы қоғамдық ортада өмір сүруге дайындайтын тәрбие ошағы. Сондықтан оқушы сабақ уақытында мұғалімді тыңдап, сыныптастарына кедергі келтірмей, оқу үдерісіне жауапкершілікпен қарауды үйренуі керек.
Әрине, смартфонды толықтай пайдасыз құрал деуге болмайды. Кейбір сабақтарда интернеттен ақпарат іздеу, арнайы білім беру қосымшаларын пайдалану қажет болуы мүмкін. Мұндай жағдайда телефон оқу мақсатына қызмет ете алады. Демек, мәселе смартфонның өзінде емес, оны пайдалану мәдениетінде. Білім саласындағы өзгерістердің ең маңыздысы да осында болуы керек деп ойлаймын. Біз балаға тек «мына нәрсені істеуге болмайды» деп шектеу қоймай, неліктен болмайтынын түсіндіруіміз қажет. Тыйыммен қатар сана қалыптасуы тиіс. Өзін-өзі басқара алатын, уақытын бағалайтын, технологияны орынды қолданатын бала – нағыз заманауи тұлға. Ақыл-парасатының өміршеңдігімен қазақтың бас ақыны атанған Ұлы Абайдың сөзі бізге бір ақиқатты еске салады. "Білімнің құны оны қандай мақсатта пайдаланғанымызбен өлшенеді" дегендей мектепте білім мен тәрбиені қатар алып жүру, цифрлық мәдениетті қалыптастыру, сабақ үстіндегі смартфон қолдануды реттеу – уақыт талабы.
БАҒАЛАУ – ЖАЗАЛАУ ЕМЕС, БАҒДАР БЕРУ
Ал бағалаудағы жаңалық жайында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Аида Мейірқұлова:
– Жаңа бағалау – жаңа көзқарас. Бағалау жүйесінің өзгеруі – жаңа оқу жылындағы ең маңызды мәселелердің бірі. Бағаны тек оқушының білімін өлшейтін сан ретінде қарастыру жеткіліксіз. Шын мәнінде, бағалау – баланың қай деңгейде тұрғанын және келесі қадамда не істеу керектігін анықтайтын құрал. Мұғалім оқушыға «сенің жауабың дұрыс емес» деп қана қоймай, «неге дұрыс емес?» деген сұраққа жауап беруге бағыттауы тиіс. Бұл жерде кері байланыстың маңызы артады. Оқушы өз қатесін түсінсе, оны түзету жолын білсе, бағалау өзінің негізгі міндетін атқарады. Сондықтан жаңа тәсілдің түпкі мәні – баланы баға үшін оқыту емес, білім алу үшін ынталандыру. Бұл мұғалімнен де жаңа әдістемелік ізденісті талап етеді, – деп ашып көрсетті.
Анығында солай. Баға – баланың өлшемі емес. Білім саласын зерттеген ғалымдар бағалаудың мақсаты оқушыны жақсы немесе нашар деп бөлу емес, оның оқуына көмектесу екенін алға тартады. Зерттеушілер Пол Блэк пен Дилан Уильям қалыптастырушы бағалаудың маңызын зерттей отырып, мұғалімнің бағалау нәтижесін келесі оқу қадамын анықтау үшін қолдануы керектігін көрсеткен. Яғни бағалау «сен қанша алдың?» деген сұрақпен аяқталмауы керек. Керісінше, «сен нені білесің, нені әлі меңгеруің керек және оған қалай жетесің?» деген сұрақтарға жауап беруі тиіс. Бұл жерде Джон Хэттидің кері байланыс туралы зерттеулері де маңызды. Оның пайымынша, оқушыға қойылған бағаның өзінен гөрі, оның жұмысын қалай жақсартуға болатынын түсіндіретін нақты кері байланыс әлдеқайда пайдалы. Бала өзінің қателігін көріп қана қоймай, оны түзетудің жолын білуі қажет. Міне, Аида Мейірқұлованың жаңа оқу жылының жаңалығы туралы айтқан пікірі дәл осы ұстанымға негізделіп отыр.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ҮЙРЕТЕДІ
Тек білім саласындағы ғана емес, соңғы уақытта еліміздегі негізгі басым бағыттың бірі Жасанды интеллект туралы болып отыр. Оның мектеп қабырғасында оқытыла бастауы оқушыларға қандай пайда алып келеді? Бұл сауал жайында ІТ маманы Данабек Қалиаждаров:
– Смартфоннан қашпаймыз, оны дұрыс қолдануды үйренеміз. Цифрлық технологияның дамуы мектеп өмірін де өзгертті. Бүгінде смартфон – байланыс құралы ғана емес, ақпарат іздеу, білім алу, түрлі цифрлық сервистерді пайдалану құралы. Алайда кез келген технологияның пайдасы оны қалай қолдануға байланысты. Сабақ кезінде әлеуметтік желіге алаңдау мен білім алу үшін цифрлық ресурсты пайдалану – екі түрлі нәрсе. Сондықтан мәселе смартфонның өзінде емес, оны пайдалану мәдениетінде.
Бұл мәселе жасанды интеллектіге де қатысты. Қазір оқушы кез келген сұраққа бірнеше секунд ішінде жауап ала алады. Бірақ дайын жауапты алу мен сол жауапты түсіну – екі бөлек дүние. Жасанды интеллект баланың орнына ойламауы керек. Оқушы оның берген ақпаратын тексеріп, салыстырып, қажет болса түзете білуі тиіс. Демек, болашақтағы цифрлық сауаттылық дегеніміз – технологияны қолдану ғана емес, оның мүмкіндігі мен шектеуін түсіну" – дейді.
САУАЛ ТУЫНДАЙДЫ, ЖАУАП БІРЛІКТЕ
Дәл осы тұста "Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра ма?" деген сұрақтың туындауы заңдылық. Бұл сұрақ алдағы жылдары да жиі қойылатыны анық. Бірақ мектептегі білім беру процесіне қарасақ, жасанды интеллект мұғалімнің орнын толық баса алмайды.
Өйткені ұстаз тек ақпарат бермейді. Ол баланың көңіл күйін байқайды, қабілетін таниды, қиналған кезде қолдау көрсетеді, тәрбие береді, сыныптағы қарым-қатынасты қалыптастырады. Жасанды интеллект есеп шығарып бере алады. Мәтін құрастыра алады. Ақпаратты жинақтай алады. Бірақ баланың бойына жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру – адамның міндеті. Сондықтан болашақ мектебінде технология мен ұстаз бір-біріне қарсы қойылмайды. Керісінше, бірін-бірі толықтырады.
Ал смартфонға қойылған шектеу қаншалықты тиімді? Бұл жерде де бір маңызды мәселе бар. Телефонды шектеу – мәселенің бір бөлігі ғана. Егер бала мектептен шыққан соң смартфонды бірнеше сағат бойы бақылаусыз пайдаланса, мектептегі шектеудің әсері шектеулі болуы мүмкін.
Сондықтан цифрлық тәрбие мектеп пен отбасының ортақ міндетіне айналуы қажет. Ата-ана баланың экран алдында қанша уақыт өткізетінін ғана емес, оның не көріп отырғанын, қандай ақпарат тұтынатынын да бақылауы керек. Бұл бақылау жазалау түрінде емес, түсіндіру мен сенімге негізделгені жөн.
МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ
Жаңа оқу жылындағы өзгерістердің бірі – профилактикалық медициналық тексеруге қатысты. Баланың денсаулығы оқу үлгерімінен бөлек қарастырылмауы керек. Көру қабілеті, есту, дене қалпы, жалпы физикалық жағдай – оның мектептегі белсенділігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан профилактикалық тексерудің негізгі мәні – мәселе асқынғаннан кейін емдеу емес, оны ертерек анықтау.
Бұл жерде де ата-ананың жауапкершілігі де маңызды. Мектеп пен медицина мамандары қандай да бір өзгерісті байқаса, ата-ана оған немқұрайлы қарамауы керек.
Себебі бұл да сараланып, мектеп оқушыларының профилактикалық тексерулері цифрлық диагностикалық жабдықтарды пайдалану арқылы жүргізіліп, тексеру нәтижелері цифрлық медициналық жүйелерде тіркелетін мектеп медицинасының жаңа моделін жүздеген маман талқылаудан өткізіп, қабылдаған шешім. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қағаз түріндегі тексерулерден денсаулықты цифрлық мониторингілеуге дейін жаңа модельдің негізгі элементтерінің бірі – мектеп оқушыларының профилактикалық тексерулерін цифрландыру екенін айтып өтті. Тексеру жүргізу кезінде заманауи цифрлық диагностикалық құрылғыларды пайдалану, ал алынған нәтижелерді ақпараттық жүйелерде автоматты түрде тіркеледі. Бұл баланың денсаулық жағдайы туралы неғұрлым толық мәлімет қалыптастыруға және оның өзгерістерін динамикада бақылауға мүмкіндік береді. Егер оқушыда белгілі бір қауіп факторлары немесе денсаулық көрсеткіштерінде өзгерістер анықталса, ақпаратты одан әрі бақылау, қосымша тексеру жүргізу немесе медициналық көмек көрсету үшін мамандарға жедел жіберуге болады.Осылайша, мектеп медицинасы бір реттік профилактикалық тексерулерден баланың денсаулығын жүйелі түрде цифрлық сүйемелдеуге біртіндеп көшеді. Бұл жаңа модель профилактикалық бағытты күшейтуді көздейді. Негізгі міндет – денсаулықтағы ықтимал бұзылыстар мен қауіп факторларын ерте кезеңдерде анықтау. Бұл кезде уақытылы профилактикалық шаралар барынша тиімді нәтиже бере алады.
АУДАН ЖАҢАЛЫҚҚА ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЙЫН?
Еліміздің әр өңіріндегі мектептің жағдайы әртүрлі. Сондықтан жаңа талаптардың Арал ауданы үшін де өзіндік маңызы бар. Аудан аумағы кең, ауылдар мен елді мекендер бір-бірінен шалғай орналасқан. Сондықтан ауыл оқушысының сапалы білімге қолжетімділігін арттыру – маңызды міндет.
Бұл жерде цифрлық технология үлкен мүмкіндік бере алады. Онлайн ресурстар, электронды кітапханалар, қашықтан білім алу мүмкіндігі ауыл баласының білім көкжиегін кеңейте алады.
Осы ретте айта кетейік. ҚР Президентінің 2025 жылғы 6 қарашадағы АҚШ-қа сапары қорытындысымен ОреnAI компаниясының ChatGPT Edu  арнайы лицензияларын ұсыну туралы меморандумға қол қойылған болатын. Меморандум аясында еліміздегі білім беру ұйымдарына ChatGPT Edu жасанды интеллект платформасына 100000 арнайы лицензия бөлінді. Қазіргі уақытта ҚР Оқу-ағарту Министрлігінің тарапынан, Арал ауданы бойынша 18 мектептен 500 мұғалімге қолжетімділік қамтамасыз етілді.
Алдын-ала жоспар бойынша 2026 жылдың тамыз айынан бастап қамтылмаған 22 мектептегі 500-ге жуық педагогке  Wonk Labs жасанды интеллект платформасына қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Ағымдағы жылдың 12 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Жоспар аясында жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен ендіру жоспарланған.
Бірінші кезең  (2026 жылғы 1 қыркүйек – 26 қазан) – Павлодар және Қызылорда облысының 10 шағын жинақты мектебі ендіріледі.
Қызылорда облысынан бірінші кезеңге енгізілген 5 шағын жинақты мектептер арасында Арал ауданындағы №227, №22, №58 мектептер бар. Аталған мектептерде ана тілі, математика, цифрлық сауаттылық, жасанды интеллект пәндері бойынша жүргізіледі, педагогтер алдын-ала дайындықтан өтеді.
Екінші кезең  (2026 жылғы 3 қараша – 23 желтоқсан) – республика бойынша 50 мектеп енсе, үшінші кезең  (2027 жылғы 8 қаңтар – 24 мамыр) – республика бойынша қосымша 440 мектеп енеді.
Кешенді жоспарда мектептердің цифрлық және инфрақұрылымдық дайындығын дамыту; педагог кадрларды даярлау; білім беру процесінде ЖИ шешімдерді қолдану көзделген.
Республика бойынша пилоттық жобаға 500 мектеп, оның ішінде 250 шағын жинақты мектеп, 150 жалпы білім беретін мектеп, 100 «Келешек мектептері» қамтылады. Олардың арасына Біздің ауданнан Арал қаласындағы №62 мектеп-лицейі, қаладағы №292,  Сексеуіл кенті №294 Келешек мектептері, аудандағы №227, №22, №58 шағын жинақты мектебіенді.
Педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығы әзірлеген «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промпт-инжиниринг өнері» тақырыбындағы онлайн курс бойынша аймақ 2382 педагог біліктілігін арттырып, 100 пайыз әзірлік жасаса, «DarynUstaz» біліктілікті арттыру орталығы әзірлеген «USTAZGA-AI: жасанды интеллект мұғалімнің көмекшісі ретінде» курсынан –2733 педагог өтті.
Астана қаласында өткізілген Daryn AI жобасының екінші кезеңі, яғни Педагогикалық Хакатонға ауданымыздан 3 педагог қатысты.                
Оған қоса, 2026 жылы жасанды интеллектіні қолдану және ЖИ құзыреттерін дамыту бағытында 50 педагогтың біліктілігін арттыруы жоспарлануда.
Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бағытында, 2025 – 2026 оқу жылына арналған Қызылорда облыстық білім басқармасының «Қызылорда облысының білім беру саласына жасанды интеллектіні ендіру және дамыту бойынша іс-шаралар жоспары» бекітіліп, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл шаралар педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттырумен қатар, ЖИ құралдарын жауапкершілікпен әрі этикалық тұрғыдан қолдануға бағытталатын болады.
Жоғарыда айтқанымыздай аудандағы елдімекендердің шалғайлығы бұл жұмыстарға кедергі болмайды. Себебі барлық мектеп 100 пайыз кеңжолақты интернет жүйесімен қамтылған.
Түйін. Жаңа оқу жылындағы өзгерістерге сырттай қарасақ, олардың әрқайсысы бөлек-бөлек талап секілді көрінеді. Бағалау өзгерді, смартфонға шектеу қойылды, жаңа курстар қосылды, жасанды интеллект мектепке келе бастады, медициналық тексеру тәртібі жаңарды. Бірақ осының бәрінің астарында бір ғана мақсат жатыр. Мектепті бүгінгі өмірге бейімдеу.
Қазақстандағы 4,1 миллион оқушының барлығы бірдей жағдайда білім алмайды. Бірақ олардың құқығы бірдей. Сапалы білім алуға, қауіпсіз ортада оқуға, заманауи технологияға қол жеткізуге, өз қабілетін дамытуға құқығы бар. Сондықтан жаңа оқу жылындағы ең басты мәселе – өзгерістердің саны емес, сол өзгерістердің ең шалғай ауылдың баласына дейін жетуі. Өйткені бүгінгі оқушы – ертеңгі елдің болашағы.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
29 қыркүйек 2026 ж. 46 0