«Цифрлық ата, цифрлық әже» тақырыбында ардагерлерге арналған киберқауіпсіздік бойынша семинар өтті
Қазіргі таңда интернет пен цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты аға буын өкілдерінің де цифрлық сауаттылығын арттырып, интернеттегі қауіп-қатерден сақтану жолдарын түсіндіру маңызды.Осы бағытта «Цифрлық ата, цифрлық әже» тақырыбында ардагерлерге арналған киберқауіпсіздік бойынша семинар өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне интернеттегі алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы түсінік беріп, күмәнді қоңыраулар мен хабарламалардан сақтану жолдарын үйрету.
Семинарға партия филиалының төрағасы Қанатов Талғат Мырзағұлұлы және Арал аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Мырзағалиев Дулат Қуанғалиұлы қатысты.
Кездесу барысында полиция қызметкері ардагерлерге соңғы уақытта кездесетін интернет-алаяқтықтың түрлі тәсілдері туралы айтып, бейтаныс адамдардың қоңырауы кезінде жеке мәліметтерді, банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін кодтарды және басқа да құпия ақпараттарды бермеу қажеттігін түсіндірді.
Сонымен қатар күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу және банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде хабарласқан адамдардың сөзіне бірден сенбеу керектігі ескертілді. Ардагерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, алаяқтық жағдайларында қайда және қалай жүгіну керектігі жөнінде қажетті ақпарат алды.
Қанатов Талғат Мырзағұлұлы өз сөзінде аға буын өкілдерінің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтіп, цифрлық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталды.
«Цифрлық ата, цифрлық әже» семинары ардагерлердің заманауи технологияларды қауіпсіз пайдалануына және интернет кеңістігіндегі алаяқтықтан сақтануына бағытталған пайдалы ақпараттық кездесу болды. Мұндай түсіндіру жұмыстары азаматтардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосады.












