«Адам саудасына жол жоқ»: Қызылорда облысында профилактикалық кездесу өтті
Kyzylorda-news.kz Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде адам саудасының алдын алу және еңбек қанауы құрбандарын анықтау мәселелеріне арналған “Адам саудасына жол жоқ” тақырыбында профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараға Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының, мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, сондай-ақ адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымның өкілдері қатысты.
Кездесу барысында студенттер мен оқытушыларға адам саудасының алдын алу, адамдарды заңсыз әкету, әкелу және сатуға қарсы күрес шаралары, бала еңбегін заңсыз пайдаланудың жолын кесу бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар адам саудасының негізгі белгілері, күмәнді жұмыс ұсыныстарынан сақтану тәсілдері және құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі түсіндірілді.
Сондай-ақ облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны, оның әлеуметтік салдары, есірткінің таралу жолдары, заңнамада көзделген жауапкершілік пен қатаңдатылған жаза түрлері туралы баяндады.
Бұдан бөлек, интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен олардан сақтану жолдары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамдағы өзекті қауіптердің алдын алуға бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Фото: polisia.kz









