"Жас құтқарушылар" – жаңа жасын
Арал ауданындағы №292 орта мектебінде оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгерту мақсатында «Жас құтқарушылар» сыныбы ашылды. Шараға Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова, Арал ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Айдос Сыдықов қатысып, оқушыларға ізгі тілектерін білдірді. Арнайы сынып қатарына қабылданған 9-10 сынып оқушылары салтанатты түрде ант қабылдап, оларға арнайы куәліктер табысталды.Оқушылар төтенше жағдай кезінде әрекет етуге бағытталған практикалық жаттығуларды орындап, арнайы киімдерді белгіленген уақытта кию бойынша шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар патриоттық бағыттағы әдеби-музыкалық композициялар ұсынылып, мектеп оқушылары әннен шашу шашты.
«Жас құтқарушылар» сыныбы – өскелең ұрпақты батылдыққа, тәртіпке, жауапкершілікке, отансүйгіштікке және өзгеге көмек көрсетуге баулитын маңызды бастама. Жоба аясында оқушылар төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуді үйреніп қана қоймай, азаматтық қорғау саласындағы мамандықтармен танысып, кәсіби бағдарын айқындауға мүмкіндік алады.
Салтанатты рәсімнен кейін арнайы сыныпта «Ерлік сабағы» ұйымдастырылды. Сабақ барысында құтқарушы мамандығының маңызы мен жауапкершілігі, төтенше жағдайларда батылдық танытып, шұғыл шешім қабылдаудың қажеттілігі түсіндірілді.
Кездесу аясында қайсарлық қасиетінен бөлек адам өмірін сақтаудың маңыздылығы туралы тағылымды әңгімелер өрбіп, оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Танымдық сабақ жасөспірімдердің елге қызмет етуге, қиын сәтте өзгеге қол ұшын созуға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға деген жауапкершілігін арттыруды көздеді.
Осындай тағылымды бастамалар жас ұрпақтың бойында батырлық пен ізгілік, елжандылық қасиеттерін қалыптастырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне жол ашады. Мектеп қабырғасынан бастап-ақ осындай мүмкіндікке ие болған оқушылар алған білімдері мен дағдыларын игі істерге жұмсап, ел қауіпсіздігіне үлес қосатын саналы азамат болып қалыптасатынына сенім мол.
Венера СӘДУАҚАСОВА,
№292 мектептің бастауыш сынып мұғалімі










