Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Арал ауданында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Бүгін №71 орта мектебінде ерлікпен қаза тапқан полиция аға лейтенант Қозыбаев Талғат Есентайұлының құрметіне арналған «Жас сақшы» полиция бағыты сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шарада қатысушылар алдымен қызметтік борышын өтеу барысында ерлікпен қаза тапқан батыр полиция қызметкері Талғат Қозыбаевты бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шарада алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев, жаңа полиция сыныбының ашылуымен құттықтап, жас шәкіреттерге сәттілік тіледі.
«Баршаңызды алдымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Қазақтың даңқты батыры, белгілі жазушы Бауыржан Момышұлы бабамыз: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп текке айтпаған. Себебі, бүгінгі шара – біздің жас буын, жас ұрпақты елжандылыққа, отансүйгіштікке баулуда үлкен рөл атқарады деп есептеймін. Қазіргі таңда ауданда білім беру саласында осындай мазмұнды, тәрбиелік мәні зор бастамалар көптеп қолға алынуда. Бұл – ең алдымен ұлағатты ұстаздарымыздың ерен еңбегінің, оқушы мен ата-ана арасындағы нәтижелі байланыстың жемісі. Бүгінгі киелі білім ордасында өскелең ұрпақтың бойына адалдықты, тәртіптілік пен патриоттық рухты дарытуға бағытталған «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылуымен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін. Талғат Қозыбаевтай ерлердің ерлігі – ұрпаққа өнеге, «Жас сақшы» — сол ерліктің жалғасы болсын»- деді.
Сондай-ақ, қазақы дәстүрмен Т. Қозыбаевтың әкесі Есентай Қозыбаевқа аудан әкімінің арнайы сый-сыяпатын табыстады. Өз кезегінде марқұмның әкесі аталған бастаманы қолға барша азаматтарға батасын беріп, жас жеткіншектерге жүрекжарды лебізін білдірді.

Жаңа сыныптың қатарына қабылданған 7-сынып оқушылары саптық дайындықпен ортаға шығып, «Жас сақшы» қатарына қабылданып, салтанатты түрде ант қабылдады.

Салтанатты рәсім барысында Қызылорда облысы полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі М. Сүлейменов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Н.Әлтай оқушыларға «Жас сақшы» куәліктерін табыстады.

Мұнан соң, Қызылорда облысы Полиция департаменті Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры А. Балқожаев «Жас сақшы» полиция сыныбының құру мақсатына тоқталып, ант қабылдаған оқушыларға азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқықтық тәртібін қорғайтын білікті маман иесі атануына сәттілік тіледі.

Аудан абыройын асқақтатып жүрген өнерлі оқушылар рухты көтеретін патриоттық әндер орындап, әскери-патриоттық үйірмелердің қатысуымен саптық жаттығулар көрсетілді.

Іс-шара соңында аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Ә. Нұрсұлтан мен аудандық білім бөлімінің басшысы С. Жанназарова арнайы меморандумға қол қойды. Одан соң, жаңадан ашылған «Жас сақшы» полиция сыныбының материалдық-техникалық базасы мен оқу бағдарламасы таныстырылды.

Аталған бастама – жас буынға әскери-патриоттық тәрбие беруді, құқық қорғау саласына деген қызығушылықты арттыруды, сондай-ақ оқушылардың кәсіби бағдарын айқындауды мақсат етеді. Қазіргі таңда білім ордасындағы жаңа сыныпқа 20 оқушы қабылданды. Оларға құқық қорғау органдарының атқарар қызметі тереңдетіле оқытылатын болады. Алдағы уақытта бұл бастаманы аудан көлеміндегі өзге де мектептерде енгізу көзделуде.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Фото: Арал ауданы әкімдігі

13 мамыр 2025 ж. 118 0