Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Науқанның шешуші сәті

Науқанның шешуші сәті

Сыр диқандары тағы бір жауапты маусымды аяқтауға жақын. Ерте көктемнен дала қосын дүбірге бөлеп, уақытпен санаспай жемісті еңбек етті. Осындай үлкен жауапкершілік арқасында бүгінде күміс дән қамбаға молынан құйылып жатыр. Бұл – елдегі ағайынның еселі еңбегінің мәуелі жемісі.Биыл өңірде 193 мың 700 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 91,2 мың, майлы дақылдар 9,6 мың, малазықтық дақылдар 75,9 мың, картоп, көкөніс, бақша 17 мың гектарды құрады.
– Мемлекет басшысының тапсырма­сы­на сәйкес күрішті оңтайландыруға мән берілді. Нәтижесінде ол бұрынғы жылдар­мен салыстырғанда 10 мың 900 гектарға азайтылды. Оның орнына суды аз қажет ететін жүгері егісінің көлемі ұлғайтылды. Атап өтерлігі, биыл диқандар аяқсудан тапшылық көре қойған жоқ. Жыл басында егінге 3,2 млрд текше метр су лимиті қаралды. Жылдан-жылға суды аз қажет ететін дақылдар алқабы ұлғая түсті. Сол арқылы майлы дақылдар 3 есеге артса, малазықтық дақылдар 75 мың 900 гектарға жетті. Жауапты кезеңде минералдық ты­ңайтқыш пен гербицид өз мөлшерінде қам­тамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы техникалары жөндеуден өткізіліп, күзгі егін жинау өз уақытында жүргізілуде. Ерте егілген дәнді дақылдар толық жиналды. Күріш, малазықтық, майлы дақылдар, кар­топ, көкөніс-бақша өнімдерін жинау жа­қын күндері мәресіне жетеді, – деді об­лыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дәулетбек Абдирасулов.
Оның айтуынша, қазірге дейін күріш­тің 64,8 мың гектары орылып, оның 60 па­йызы бастырылған. Нәтижесінде 294 мың 250 тонна өнім жиналды. Орташа өнім гектарына – 50,7 центнер. Сондай-ақ 11,5 мың тонна дәнді, 7,4 мың тонна майлы, 129 мың тонна көкөніс, 185 мың тонна бақша, 14,1 мың тонна картоп өнімі алынған.
– Елдегі еңбекшілер күріш сорттарына ерекше мән беруде. Олардың қатарында шетелдік және жергілікті сорттар бар. Ке­йінгі жылдары Ы.Жақаев атын­дағы Қа­зақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институты бұл үшін тың ізденіс жасады. Қазір шаруашылықтар тарапынан «Сыр сұлуы», «Ай-Керім», «Айсара», «Ару» сорт­­тары тәжірибеден өткізілді. Ендігі ке­зекте бұл сорттар кең ауқымда өндіріске енгізіледі деген жоспарымыз бар, – деді басқарма басшысының орынбасары.Алдағы жылдың егісіне 17,5 мың тонна күріш тұқымын дайындау межеленген. Қазір қолда бары – 12,7 мың тонна. Тұқым құю, тазалау жұмыстары жалғасуда. Кү­ріш жинау науқанын қазан айының екінші онкүндігінен кешіктірмей аяқтау меже­ленген. Айта кетсек, облыста сыйым­ды­лығы 539 мың тоннаны құрайтын 200 сақ­тау қоймасы бар. Бүгінде онда алдын ала дератизация жұмыстары жасалып, астық қабылдауға толықтай дайындалған.
Мемлекет басшысы еліміз бойынша жыл сайын жаңадан 150 мың гектарға дейін су үнемдеу технологиясын енгізу жө­нінде тапсырма берді. Сондай-ақ ауыл шар­уашылығына инвестиция тарту міндеті тұр. Осы мақсатта су үнемдеу техноло­гиясын мемлекеттік қолдауға биыл 10 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде су үнемдеу технологиясын пайдалану кө­­ле­­мі былтырмен салыстырғанда 2 есе арт­ты. Қазір мұндай алқаптар 14 мың 200 гек­тар­ды құрайды.
Облыста егін шаруашылығын әрта­рап­тандыру және су үнемдеу үшін нақты жоспар жасалған. Сол арқылы өңірде құ­ны 122 млрд теңгені құрайтын ірі ин­вестициялық жобалар іске асырылуда. Оның ішінде Жалағаш ауданында швейца­риялық «Харвест Груп» компаниясы жү­гері, соя, техникалық қарасора егу ісін қолға алды. Бұл 21 мың гектар суармалы алқапта агрокластер құруға жол ашады. Оған қоса Шиелі ауданында «Центр семеноводства» серіктестігі 10 мың гектарға жүгеріні жаңбырлатып суару әдісімен егуді қолға алса, «Таң ЛТД» серіктестігі бұл дақылды 3 мың гектарға тамшылатып суару арқылы егуде. Ал «Қызылорда крахмал-сірне за­уыты» ЖШС жүгері өңдеу зауыты жо­басын жүзеге асырады. Нәтижесінде жы­лына 150 мың тонна дән жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік туады. Жобаның бірін­ші кезеңінде жақын арада 20 мың тонна астық сақтау қоймасы мен астық кептіргіш іске қосылады. Алдағы уақытта өндіріс орнының сұранысына орай жүгері егісінің көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.
– Биыл облыста аграрлық секторды мемлекеттік қолдауға 35,9 млрд теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Оның ішінде субсидиялау бағ­дарламаларына 25,7 млрд теңге қарал­ды. Облыста сегіз ай ішінде аграрлық сек­торда 89,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. «Кең дала-2» жобасы ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін үлкен қолдау болды деп айта аламыз. Бағдарлама шеңберінде 91 шаруашылыққа 9,9 млрд теңгеге жеңіл­детілген несие берілді, – деді Дәулетбек Жәнібекұлы.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
08 қазан 2026 ж. 49 0