Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балықтың да батасы бар

Балықтың да батасы бар

Тарих сабақтастығы өмір сүру қалпымыздан әркез мен мұндалап тұрады. Салт-дәстүрдің бұлжымас қағидаттары астарында ұлттық-әлеуметтік шарттылық сақталғаны баршаға мәлім. Дастархан басындағы қарапайымдағдылардың өзінен тағылым төрелігін табасыз.
   Алайда, уақыт үні кейбір солқылдақ көзқарастарға үлкен пйыаммен қарау қажеттігін есті құлаққа сыбырлауы тектен-тек емес. Қолға су құю жөнінде күлкіге жеңдіретін, желөкпелеу пікірге сұрақ белгісімен қараушы көп. Дастархан батасына байланысты жеңіл топшылау және кеселейді.
  Біздің бұл ретте әлеуметке құлаққағыс жасағымыз келгені – ұлттық ас мәзіріндегі балықтың құндылығы жөнінде. Қазақтың қара қазаны төрт түліктің қай түрінен болсындайындалатын ет тағамдарына от лаулатуға дайын. Әлімсақтан мал бауыздарда бата жасалатыны жадымызда жаттаулы. Осы кілтипан жұғымына, дәміне келгенде етке ғана кезек беретін балықтан жасалатын тағамдарға байланысты әділетсіздікпен еріксіз айтыстырады. Расында балық асылған, қарма дайындалған дастархан басында бата күтпей үдере көтерілуге көзіміз үйренген. Неге солай? Балықтың батасы жоқ деген сыңаржақ ұғым қайдан шыққан? Кез келген жағдайда шәй-су ішкен мұсылман баласы бет сипап, ішкен-жегенінің жұғымын тәуба тұтпайтын ба еді?!
 Осы үйлесімдік көне дәуір сабағынан төрелік іздетті. Атақты Жетес бидің қыр қазақтарына туған өңірінің ең байлығы – теңізі, дариясы, көлімен мақтанып, мейманасы тасуы сол балықтың арқасында арқасында емес пе екен?
   Сыр бойынан ұзатылған қыздың бөгде жерде бекіренің бес кеспесін аңсауы, оны ет тәттісі– бағлан қозының дәміне айырбастамайтын уәжі тектен-тек ел аузында сақталмаған шығар.
  Жағалау бойын мекендеген бейнетқор халық қашанда несібесін судан күткен. Мұхит маңайындағылар китімен күпсіңсе, Арал өңіріндегі бекіресі мен жайыны, қаязы мен сүгені, сазаны мен ақбалығы, тістісі мен тыранын бүгінгідей тауық етін малданған жаһандану жұтымына ешқандай айырбастамас еді. Шегінген теңізіміз шекарасын кеңейтіп, байырғы дәмі бал татыған су маржандарын төл айдынына қайта оралта бастады. Демек, дастарханымыздан балықтан жасалатын тағам ойып орын алатын каркалази кезеңге тіптен жақын тұрмыз.
  Бір толқынды екінші толқын ауыстыруы – өмір заңы. Дастархан басынан жасаулы ет табағы алынуы кезінде ет тураған пышақтың қоса сыдырылуын жақтырмайтын көзқарасты теріске шығарушылар табылмауға айналды. Түбінде ер қаруы, тұрмыс қажетінде орны бөлек пышақты дастархан үстінде жатсыну қолданыстан шығып қалатыны ақиқат. Сол тәрізді аналар мен келіндер, арулардың епсекті қолымен дайындалатын балық тағамының кез-келген түріне бата күтілуі тіптен де ерсі емес. Әрі-беріден соң, бұл қажеттілік ұрпақ тәрбиесі үшін керек үрдіс.
  Ежелгі заманның жаршылары, бүгінгі ақсақалдар біздің бұл назымызды бөтен көрмес. Әлі де ұлттық ұстанымға байланысты аға буыннан көптеген ақыл-кеңес, өмірлік тәжірибе дағдыларын бойымызға сіңіруге тиіспіз. Балық қадіріне байланысты жағалаудың көрнекті қарты Жанықұл баласы Файзулла ағадан сыр тартқанбыз. Бүкіл Әлімге, исі қазаққа аты жайылған Сасықбай бақсы туралы деректерді қуалай отырып, өз атам Бекмырза баласы Махан ата жайында тосын мәлімет жүректі шым еткізді. Үшшоқы түбіндегі Әтенбек бейітінде Махан атамның мәңгі тыныстап жатқанын шежіреге бай ақсақал тебірене әңгімеледі. Ұзын бойлы, сәл еңкіштеу кейіпте үстінен түйе жүнінен жасалған шапанын тастамай, шапшаң қозғалыспен ауыл-аймақты шолып өтетін көпшіл қасиетін даралады. Көңілінің қошы келгенде, ұйқасты сөз құрап, өлеңдетіп жіберетін машығы да болыпты.
 Жағалаудың батагөй тұлғасы қуғын-сүргін жылдары өмірден өткен. Ұжымдастыру дүрмегімен желіде мал қалмаған. Махан ағаның жаназасын теңізден ауланған бір шелек тортаны қайнатып, соның сорпасын талғажу етумен шығарыпты. Мұндай мысал қаншама! Ашыршылық және зұлмат жылдарында талай босқынға нәр жүгірткен қылағай торта кеспесі мен сорпасының өзі не тұрады. Осыдан кейін балықта бата жоқ, дұға тіленбейді деген тоқшылық пәлсапасымен қалайша келісуге болады?! Әбзелінде, Жаратушының несібемізге ұсынған есепсіз де шексіз байлығы балықты дастархан басында бөтенсіптей, қазан қадірін кетірмей, батасын біржолата бет бұрғанымыз абзал. Аңыздардың айбаты су патшасы Сүлеймен рухымен де санасайық. "Өзен жағалағанның өзегі талмайды"– деген мәтел мазмұны да әділет айналасына тік қаратады.
Жаңабай Кемал    
13 қазан 2026 ж. 48 0