Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақтың бата беру дәстүрі жайлы не білуіміз керек?

Қазақтың бата беру дәстүрі жайлы не білуіміз керек?

Әр халық өзінің ұлттық құндылықтарымен ерекшеленеді және сонымен әлемге танымал болады. Ұлттық құндылықтар дегеніміз – атадан балаға мирас болып беріліп келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Яғни, біздің тіліміз, діліміз, салт-дәстүріміз, әдебиетіміз бен өнеріміз – біздің байлығымыз.

Қазақта салт-дәстүрлер өте көп. Олардың әрқайсысының өз маңызы бар. Қазақ халқының ежелден келе жатқан өзіндік орны бар дәстүрінің бірі - бата беру.

Бата беру - қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданысқа ие болып, ескірмей келе жатқан салттың бірі. Бұл дәстүр – тәрбиенің бастауы. Себебі қазақ қандай да бір істі бастамас бұрын үлкендердің алғысы мен батасын алған.

Халқымыз "Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер", "Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас", "Жақсы сөз – жарым ырыс" деп бекер айтпаған.

Қазақ халқы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан тойларда, отырыстарда және басқа да шараларда тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алған. Бұрын қазақта билерді, аузы дуалы ақса­қалдарды шақырып, қонағасы беріп, құрметтеп  батасын алған соң астарына ат мінгізіп, иығына шапан жапқан.

Батаны көпті көрген үлкен кісілерге берген. Ер адам отырған жерде әйел бата бермейді. Бата беруші қариялар халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан. Сондай-ақ халық арасында ғасырлар бойы сақталып келе жатқан баталар бар. Мысалы, Қарасай батырдың батасы:

Жақсы қыз – жағадағы құндыз,

Жақсы ұл – көктегі жұлдыз.

Жақсылап ұғып алыңдар!

Батыр туса – ел ырысы,

Жаңбыр жауса – жер ырысы,

Көпке салса, дұрысы, көнбесе болар ұрысы.

Алдымен еліңнің, жеріңнің қамын ойлаңдар, сөзіме терең бойлаңдар!

Бата қай кезде және кімге қаратылып айтылуына байланысты әртүрлі болады. Мысалы: ас батасы, сапар батасы, нәрестеге бата, ұлға бата, қызға бата, жас келінге бата, сүндет той батасы, Наурыз батасы, Ораза (Жарапазан) батасы, Айт батасы.

Мысалы, келінге берілетін бата:

Айналайын қарағым!
Алтыннан болсын тарағың.
Күмістен болсын жарағың.
Бақыт қонып басыңа,
Басталсын өмір парағың.

Ашық болсын есігің.
Ұлды болсын бесігің.
Қазаның жиі майланып,
Алладан болсын несібің.

Айналайын қарағым!
Ақылды болсын сыңарың.
Жаратқан Ием жар болып,
Алладан болсын тұмарың.

Айналайын қарағым!
Ашық болсын қабағың.
Бағың артып күн сайын,
Көктен болсын сыбағаң.

Мұң баспасын жүзіңді.
Құм баспасын ізіңді.
Жұлдызың тұрсын жарқырап,
Көктемдей қылып күзіңді.

Қазақ халқы бата арқылы өзінің жан-дүниесіндегі ізгі тілектерін жеткізген және бір адамның ғана емес, бүкіл халықтың тілеуін тілейтін болған. 

massaget.kz
30 қазан 2023 ж. 1 298 0