Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бата – тәрбиенің бастауы

Бата – тәрбиенің бастауы

Бата – қазақ халқының дінімен біте қайнасқан дәстүрінің көрінісі іспеттес. Қасиетті дінімізде Жаратушыдан дұға арқылы медет тілесе, дәстүрімізде бата арқылы жақсы ниет, ықылас білдіреді және тілек айтылады. Бата беретің адам- көпті көрген, ортасына сыйлы, аузы дуалы, батагөй қариялар болуы тиіс болған.Қазақтың бата сөзінің шығу тарихы туралы этнограф ғалымдардың пікіріне жүгінсек: «Ата –бабаларымыздың өсиет батаның шығу тарихы әлі терең зерттелген жоқ. Алайда бірқатар тіл мамандары: «Бата – арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі»,- дейді екен. Яғни, бата- фатекенің мағынасы: алғыс айту, ақ ниет, ақ тілек білдіру. Ақ бата – ұлтымыз үшін теңдесі жоқ асыл сөз болып табылады.
Бата сөзі тек қазақ жұртында емес, түркі-монгол халықтарына бағзы заманда дәстүрге айналған. Бурят елі мұны «юролы», алтайлықтарда «алқышы», немесе «алқыш сос», монғолша «еролы» деп атаған. Батагөйлер әр өлең өлшемін дәлме-дәл сақтай отырып, әсем жеткізген. Қазақтың бата  сөздері  XIX ғасырда алғаш рет жиналып, жариялана бастаған.
«Жаңбырмен жер көгерер,
          Батамен ел көгерер» - деген мақал–мәтелі батаның қандай кұндылыққа ие екенін көрсетсе керек.
Қазақ  дәстүрінде  бата мен қоса тілек айту дәстүрі бар, осы бата мен  тілектің айырмашылығы қандай? Бұл туралы филология ғылымының кандидаты  Ақеділ Тойшанұлы былай деп жазған екен:
«Тілек пен батаның ерекшеліктерін айта кетейік. Ақ батаны екінің бірі емес, тек қана батағөй ақсақал арқалы топтың атынан қалыптасқан  формулалы өлеңді пайдалана отырып беретін болса, керісінше кез келген қарапайым адам қандай бір істің үстіне тап келгенде оң ниетің   білдіру мақсатында жаттап алған тілек сөздерін есіне түсіріп,шама-шарқынша айтатын әдет бар. Батаның көлемі недәуір  үлкен, құрылымы  күрделі  болса, тілектің көлемі қысқа, бір екі жолдан құралған  ырғақты  қара сөз  немесе тақпақтан тұрады. Бата аяқталғанда  қалың қауым  бір ауыздан «Амин.
Айтқаныңыз келсін!»  деген сөздерді айтып қошамет-қолдау білдірсе, ақ тілекті естіген адам оған қарымта жауап қайтарып, көңіл-күйін жедел білдіруі тиіс болған. Бір сөзбен айтқанда тілек екі адамның екі адамның диалогі ретінде орындалады.Тілек тұрақты қайталанатын қасан тіркестерден тұрады. Оның мағынасы  сол атқарылып жатқан іспен тікелей үйлесіп тұруы қажет болған».
            Қазақ халқымыз  батаны берілетін жағдайына қарай бірнеше түрге бөлген. Олар: нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата,сапар бата, жастарға бата, сүндет той батасы, Наурыз батасы, Ораза айт батасы, жарапазан батасы және тағы да басқалары.
Жалпы батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Сол арқылы халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне қарай халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт – бағдар беріп, тәрбиелеп отырған дейді зерттеушілер.
Қорыта келгенде, батаның маңыздылығы оның рухани күшінде. Батаның адам санасына әсер ететін үлкен күші бар. Халық бата жасалған  жерде жақсылыққа сеніп, ынтымақ, береке болады деп ырымдаған.

А.Жұмағұлова
29 қараша 2022 ж. 1 171 0