Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық жеймін десеңіз...

Балық жеймін десеңіз...

Арал десе балық деген сөз қоса айтылатын екеуі егіз ұғым болып кеткені қашан. Олай болуы заңдылық та. Өйткені біз теңізді өлке деген атқа ие, балық шаруашылығы халықтың ата кәсібіне айналған өңірміз. Уақыт көші ілгері жылжып, теңіз тартылса да халық балық шаруашылығынан қол үзген жоқ. Содан да болар, балық өнімдері Аралдың брендіне айналды. Алыстан келген қонақ та, сапарлап барған жеріміз де аралдықтардан балық өнімін ғана сұрайды. Бұл өздерінде жоқтықтан емес. Біздің өнімнің ерекше тәсілмен дайындалатын тіл үйірер дәмділігінен болса керек. Осыны ескерген Есекеева Асылзат балық өнімдерін дайындайтын асхана ашты.
Аралда кәсіпкерлік қарқынды даму үстінде. Заман талабына сай түрлі жылдам тамақтану орындары ашылу үстінде. Бірақ бұған дейін балық өнімінің асханасы болған емес. Теңізді өлке деген аты бар Аралда осындай тамақтану орны болса деген тілектен туған мақаланы бірнеше мәрте жариялаған едік. Ақжолтай жаңалықты естіп, кәсіп бастаған Асылзат Есекеевамен сұхбаттастық.
– Балық шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма 30 жылға жуық уақыт болды. Жолдасым Төрехан екеуміз балаларымызды ата кәсіптің арқасында елден кем қылмай жетілдіріп жеткіздік. Бұл біздің басты тіршілігіміз болды. Бірақ біз бұрын балықты өңдеумен ғана айналыстық. Теңізден келген балықты шикізат күйінде өңдеп, сырт қалаларға тасымалдап отыратынбыз. «Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» демекші, кейін балам балықшы болды. Содан ойлана келе балық өнімдерін дайындайтын асхана ашайық деген шешімге келдік, – деген кәсіпкер кәсібін бастау жолы туралы айтты.
Бұл отбасылық кәсіп десек те болады. Себебі Асылзат апайдың ұлы теңізден су маржанын сүзіп әкеледі, жолдасы Төрехан оны тазалап, өңдеп асханаға жолдайды. Ал асханадағы шаруаны Асылзат апай мен қызы Бота ұршықша үйіріп отыр. Қазір асханада балықтан дайындалатын бірнеше өнім түрлері бар.
– Асхананың ашылғанына аз уақыт болса да, естіп келіп жатқандар көп. Біз мәзірді тұтынушыларға ыңғайлы бағада әрі түрлі дәмнен тұратын етіп дайындадық. Мәселен, қуырылған балық, уылдырық, балық фаршынан котлет, түрлі дәмдеуіштер, аскөктермен ұсынылады. Сондай-ақ ұлттық тағам қарма, асылған балық сынды тағамдар да дайындалатын. Тек бір ескеретіні, ондай тағамдарға тапсырыс алдын ала жасалуы керек. Бұған қоса жеткізу қызметі де бар, – деген Бота ас мәзірімен таныстырды.
Асхана орталықта орын тепкен. Ішінде келушілерге жайлы жағдай жасалған. Бәрінен де қуырылған балықтың иісі тәбетіңді ашып, аңсарыңды аудырады. Кәсіпкердің айтуынша, мұнда балық ауланған бойда, балғын күйінде жеткізілетін болғандықтан дәмі де өз күйін сақтайды екен.
– Қазір аз уақыттың ішінде келушілер қатары күннен-күнге көбеюде. Әсіресе, түстік асқа келушілер көп. Бәрі де ризашылығын білдіріп кетуде. Әрине балықтан дайындалатын тағамдар бізге таңсық емес. Күнделікті үйдегі ас мәзірінде дайындай береміз. Бірақ қазіргі қарбалас уақытта көбі балықты тазалап, өңдеу, оның бабын келтіріп қуыруға, асуға уақыт таба бермейді. Біз де асхананы ашарда осыны ескеріп, аралдықтарға ұнамды ас ұсынуды мақсат еткен болатынбыз, – деді кәсіпкер.
Рас, мұндай асхананың болуы көңілге қуаныш ұялатады. Енді қуырылған балық немесе асылған балық пен қарма жегіңіз келсе, анасы мен қызының асханасына барып дәм татсаңыздар болады. Кәсіпкерлер алдағы уақытта асхананы үлкейтуді де жоспарлап отыр. Бәрі уақыт еншісінде.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
26 қыркүйек 2023 ж. 259 0