Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік тіл – елдігіміздің тірегі

Мемлекеттік тіл – елдігіміздің тірегі

Тіл - халықтың рухани байлығы, елдің баға жетпес қазынасы. Әрбір халықтың өзіндік болмысын, тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін танытатын басты құндылықтарының бірі – ана тілі. Сондықтан мемлекеттік тілді құрметтеу, оның мәртебесін арттыру және күнделікті өмірде кеңінен қолдану - баршамыздың ортақ міндетіміз.
Халықтың тілі – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақтың бой тұмарына айналған ғажайып дүние. Әр халықтың тілі арқылы татулық пен тереңдікке, елдік пен егемендікке бастайтын алтын көпірі салынған. Сол көпірдің беріктігі, өміршендігі – байыпты болашақтың кепілі.
Дүние жүзіндегі халықтардың басты айырмашылығы да сөйлейтін тілдерінде емес пе? «Тіл туралы» заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» – деп анық жазылған. Соған қарамастан, қазақ бола тұра, ұлт анасы саналатын қазақ тілін меңгере алмай жүрген ұлт азаматтарын көргенде қынжылатынымыз рас.
Қазақтың ұлы перзентін бала Абайдан дана Абайға көтерген де – осы қасиетті тіл екені айқын. Көңілінде қазақы күй ойнаған, жүрегінде жауһардай жыр орнаған қалаулыларымыз тіл құдіретін мойындап, келте құбылыстарға кесек ойларын айта білді.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу мен іс қағаздарын жүргізу тілі, ол мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылады.
Өткен тарих пен дереккөздерге көз жүгіртсек, сотта орыс тілі кеңінен қолданыста болғандығын анық көреміз. Тәуелсіздік алып, егеменді ел болып, етек-жеңімізді жинағалы бері соттарда қазақ тілінің қолданылу аясы бірқалыпты жолға қойылды деуге негіз бар. Бүгінде соттардағы кіріс-шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің, қазақ тілінде қаралып жатқан істердің үлес салмағы, судьялар мен сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері арнайы бағамдар бойынша сараланып отыр.
Жалпы бүгінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытында маңызды жұмыстар атқарылып келеді. Білім беру, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік басқару және қоғамдық қызмет салаларында қазақ тілінің маңызы артып отыр. Дегенмен мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту тек ресми құжаттар мен заң талаптарына ғана байланысты емес. Ол әр азаматтың тілге деген құрметінен, күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілін қолдануынан және жас ұрпаққа тілдің қадірін түсіндіруінен көрінеді.
Сондықтан тіліміздің бүтін бір мәселеге айналып отырғаны, еркін қолданысқа ене алмай жүргенінің бір ұшы адам баласының өзіне тіреліп отырғаны жасырын емес. Туған тілімізді ардақтап, абыройын асқақтату өз қолымызда. Сондықтан, өз елімізде өз тілімізді өгейсітпейік.
М.Нағашыбаев,
Арал аудандық сотының
жетекші маманы.
16 қазан 2026 ж. 51 0