Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тіл – әрбір халықтың баға жетпес байлығы

Тіл – әрбір халықтың баға жетпес байлығы

Туған елім – тірлігімнің айғағы,Тілім барда айтылар сыр ойдағы,Өссе тілім, менде бірге өсемін,
Өшше тілім, мен де бірге өшемін! – деп, ақын Әбілдә Тәжібаев ағамыз жырлағандай тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары.
Халықтың тілі – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақтың бой тұмарына айналған ғажайып дүние. Әр халықтың тілі арқылы татулық пен тереңдікке, елдік пен егемендікке бастайтын алтын көпірі салынған. Сол көпірдің беріктігі, өміршендігі – байыпты болашақтың кепілі.
Дүние жүзіндегі халықтардың басты айырмашылығы да сөйлейтін тілдерінде емес пе? «Тіл туралы» заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір адамзатының парызы» – деп анық жазылған. Соған қарамастан, қазақ бола тұра, ұлт анасы саналатын қазақ тілін меңгере алмай жүрген ұлт азаматтарын көргенде қынжылатынымыз рас. Ата Заңымыздың жетінші бабының бірінші тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Біздің азаматтық парызымыз – тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асырып, қазақ тілінде сөйлеу.
Қазақтың ұлы перзентін бала Абайдан дана Абайға көтерген де – осы қасиетті тіл екені айқын. Көңілінде қазақы күй ойнаған, жүрегінде жауһардай жыр орнаған қалаулыларымыз тіл құдіретін мойындап, келте құбылыстарға кесек ойларын айта білді.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу мен іс қағаздарын жүргізу тілі, ол мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылады.
Өткен тарих пен дереккөздерге көз жүгіртсек, сотта орыс тілі кеңінен қолданыста болғандығын анық көреміз. Тәуелсіздік алып, егеменді ел болып, етек-жеңімізді жинағалы бері соттарда қазақ тілінің қолданылу аясы бірқалыпты жолға қойылды деуге негіз бар. Бүгін де, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының 2009 жылғы 27 ақпандағы №36 өкіміне сәйкес, республика соттарындағы іс-қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру барысы тұрақты қадағаланып келеді. Сондықтан, әрбір соттардағы кіріс-шығыс, құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің, қазақ тілінде қаралып жатқан істердің үлес салмағы, судьялар мен сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері арнайы бағамдар бойынша сараланып отыр.
Сотқа түскен істерді қа­ра­­ған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік Кодексінің 30-бабы мен Азаматтық процестік Кодексінің 14-бабына сәйкес, сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады делінген. Яғни, заң бойынша мемлекетімізде сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Қажет болған жағдайларда ғана, қазақ тілімен қатар өзге тілдер қолданылуы мүмкін. Қазіргі таңда соттарда ішкі құжат айналымын мемлекеттік тілге көшіру жолға қойылып, әрбір істі қазақ тілінде қарап, мемлекеттік тілде шешім шығаруға мүмкіндік мол. Сондықтан, еліміздегі әрбір сотта мемлекеттік тіліміздің мерейі үстем.
Тіліміздің бүтін бір мәселеге айналып отырғаны, еркін қолданысқа ене алмай жүргенінің бір ұшы адам баласының өзіне тіреліп отырғаны жасырын емес. Туған тілімізді ардақтап, абыройын асқақтату өз қолымызда. Сондықтан, өз елімізде өз тілімізді өгейсітпейік.
М.Нағашыбаев
Арал аудандық сотының
 жетекші маманы
13 қараша 2023 ж. 2 624 0