Жыл соңына дейін үшінші қуатты суперкомпьютер пайдалануға беріледі
Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстан цифрлық экономиканы құруға міндетті екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.«Өз мүмкіндіктерімізді шынайы бағалай отырып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін жаңа технологиялардың барлық озық жетістіктерін тиімді пайдалануымыз керек. Digital Qazaqstan кешенді стратегиясын жүзеге асыруға қажетті негізгі инфрақұрылымның құрылысы басталды. Екі суперкомпьютер іске қосылды, ал жыл соңына дейін үшінші қуатты суперкомпьютер пайдалануға беріледі», деді Мемлекет басшысы.
Қазір Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмыстары аяқталды. Президент деректерді өңдеу орталықтары салынып жатқанын атап өтті.
«Бұл – елімізді цифрлық трансформациялау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Біз жаңа технологиялық даму кезеңіне бастайтын ұзақ жолдың басында тұрмыз. Заман ағымынан қалмау үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге басымдық беру қажет. Алайда әзірге ісімізден гөрі сөзіміз көп екенін мойындауымыз керек. Кейде шынайы цифрландырудың орнына қолданыстағы үдерістерді автоматтандырумен немесе түрлі іс-шаралар өткізумен шектеліп жатамыз. Цифрландыруды практикалық құндылығын түсінбестен, қымбат бағдарламалық өнімдерді сатып алумен ғана шектеуге болмайды», деді Президент.
Сурет: ашық дереккөз










