Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа инфрақұрылым, білікті маман және бала өміріне жауапкершілік

Жаңа инфрақұрылым, білікті маман және бала өміріне жауапкершілік

Фото: ашық дереккөзден алынды

Ана мен баланың денсаулығы – мемлекеттің әлеуметтік дамуы мен медициналық жүйесінің сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіш. Әрбір сәбидің аман-есен дүниеге келуі, баланың дені сау өсіп, ананың жүктілік пен босану кезеңінен қауіпсіз өтуі – медицина мамандарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені ұлттың болашағы бүгінгі балалардың денсаулығымен тығыз байланысты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше мән берілуі адам капиталын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды көрінісі. Мемлекет басшысы медициналық инфрақұрылымды кеңейту, заманауи нысандар салу, алғашқы медициналық көмекті жетілдіру және медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру жөнінде тапсырмалар берді.
Жолдауда келтірілген деректерге сәйкес, елімізде жеті миллионға жуық бала бар, бұл халықтың 34 пайызын құрайды. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Мұндай демографиялық өсім медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды талап етеді.
Осы мақсатта сегіз заманауи перинаталдық орталық, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасын, сондай-ақ Астанада тағы екі медициналық нысан салу жоспарланған. Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеру тапсырылды. Бұл 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл бастамалардың түпкі мақсаты – жаңа ғимараттар тұрғызумен шектелмей, жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және балаларға уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету.
Әлемдік тәжірибе
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ, БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры және халықаралық серіктестердің 2025 жылы жариялаған бірлескен есебіне сәйкес, 2023 жылы әлемде жүктілік пен босануға байланысты алдын алуға болатын себептерден шамамен 260 мың әйел қайтыс болған. Бұл – тәулігіне 700-ден астам ана немесе орта есеппен әр екі минут сайын бір әйелдің өмірден өтуі. Ана өлімінің басым бөлігі табысы төмен және ортадан төмен елдерде тіркелген.
ДДСҰ дерегінде 2000-2023 жылдар аралығында әлем бойынша ана өлімінің коэффициенті шамамен 40 пайызға төмендегені көрсетілген. Алайда 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарына жету үшін бұл бағыттағы жұмысты жеделдету қажет.
Жапония мен Финляндияның тәжірибесі жүйелі медициналық бақылаудың, ерте диагностиканың және нәрестелерге мамандандырылған көмек көрсетудің маңызын дәлелдейді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2025 жылғы есебінде 2021–2023 жылдары ұйымға мүше елдердегі нәресте өлімінің орташа көрсеткіші мың тірі туған балаға шаққанда төрт жағдай болғаны, ал Жапония мен Финляндияда бұл көрсеткіш екіден төмен болғаны айтылады.
Әлемдік тәжірибе жоғары технологияның өзі барлық мәселені шеше алмайтынын да көрсетеді. Ауылдағы жүкті әйел дәрігерге уақытында жете алмаса немесе шұғыл көмек көрсететін маман болмаса, медициналық жабдықтардың тиімділігі төмендейді. Сондықтан Қазақстан үшін халықаралық тәжірибені зерделегенде технологиямен қатар медициналық көмекті ұйымдастырудың тиімді үлгілерін енгізу маңызды.
Елдегі жетістіктер мен шешімін күткен міндеттер
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесі айтарлықтай жаңғырды. Босандыру ұйымдарының мүмкіндігі кеңейіп, жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету технологиялары дамыды.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі 2026 жылғы 23 сәуірде жариялаған мәліметке сәйкес, тәуелсіздік кезеңінде елімізде ана өлімі алты есе, нәресте өлімі шамамен 87 пайызға төмендеген. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмекті жаңғырту аясында 366 педиатриялық бөлімше және баланың дамуы мен ерте араласуына арналған 370-тен астам орталық ашылып, оларда 72 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілген.
Бұл жетістіктермен қатар, кадр тапшылығы, өңірлердегі медициналық қызмет сапасының әркелкілігі, ауыл тұрғындарының мамандандырылған көмекке қол жеткізуі және ауруларды ерте анықтау мәселелері өзекті болып отыр.
Қазақстан аумағының кеңдігі мен елді мекендердің шалғай орналасуы медициналық қызметті ұйымдастыруға қосымша талап қояды. Әсіресе жүктілік кезінде асқыну қаупі бар әйелдерді мамандандырылған орталықтарға уақытылы жеткізу, шұғыл көмек көрсету және дәрігерлердің үздіксіз бақылауын қамтамасыз ету маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларын салу – қажетті бастама. Алайда олардың тиімділігі құрылыс сапасымен ғана емес, қажетті жабдықтармен қамтылуымен, білікті мамандармен жасақталуымен және тұрақты қаржыландырылуымен бағалануы тиіс.
Жаңа ғимараттан жоғары сапалы көмекке дейін
Жүктілік пен босану кезеңінде медициналық көмектің сапасы ана мен баланың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан жоспарланған сегіз перинаталдық орталық күрделі жағдайларды анықтау, шала туған нәрестелерді күту және жаңа туған сәбилерге реанимациялық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуі керек.
Орталықтардың тиімділігі заманауи жабдықтардың санымен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – тәулік бойы көмек көрсететін акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, неонатологтар және басқа да мамандардың жеткілікті болуы.
Сонымен бірге перинаталдық орталықтар аудандық медициналық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Қауіпті белгілер ерте анықталып, жүкті әйел тиісті орталыққа уақытында жеткізілуі үшін бірыңғай бағыттау тәртібі, жедел байланыс және медициналық ақпарат алмасу жүйесі жолға қойылуы тиіс.
Әйелдің босанғаннан кейінгі денсаулығы да назардан тыс қалмауы керек. Бұл кезеңде медициналық бақылау, психологиялық қолдау және нәрестені күту жөніндегі кеңес маңызды. Демек, жаңа орталықтар ана мен балаға көрсетілетін көмектің барлық кезеңін қамтитын жүйенің бір бөлігіне айналуы қажет.
Әр баланың өміріне мүмкіндік
Жолдауда жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланғаны айтылды. Бұл бастама балаларға мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Балалар ағзасының ерекшелігіне байланысты ауруларды анықтау мен емдеу арнайы тәсілдерді қажет етеді. Жүрек-қан тамырлары аурулары, туа біткен даму кемістіктері, тыныс алу жүйесінің ауыр сырқаттары және шала туған нәрестелерге көмек көрсету үшін арнайы жабдықтар мен білікті мамандар қажет.
Даму ерекшеліктерін ерте анықтау балаға қажетті қолдауды уақытында ұйымдастыруға жол ашады. Президент Жолдауында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, маман тапшылығын азайту және диагнозды ерте анықтау мәселелеріне назар аударылуы медициналық көмектің әлеуметтік қолдаумен де тығыз байланысты екенін көрсетеді.
Аурудың алдын алатын негізгі буын
Учаскелік дәрігерлер мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандары жүкті әйелдерді есепке алып, балалардың дамуын қадағалайды, профилактикалық тексерулер жүргізеді және қажет болған жағдайда бейінді мамандарға жолдайды.
Президент Жолдауында жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейту, алғашқы медициналық көмекті қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту және учаскелік қызмет мамандарының жалақысын 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеру тапсырылды.
Бұл шешім медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тәжірибелі мамандарды салада ұстап қалуға және жас дәрігерлерді тартуға ықпал етуі мүмкін. Дегенмен жалақыны көтерумен қатар, жұмыс жүктемесін оңтайландыру, қағазбастылықты азайту, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету және кәсіби біліктілікті жетілдіру де маңызды.
Жүктілікті жоспарлаудан басталатын қамқорлық
Қазақстанда әйелдерді жүктілікке жауапкершілікпен дайындауға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылуда. Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы желтоқсандағы мәліметіне сәйкес, бағдарлама аясында жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде 12 базалық медициналық тексеруден өту мүмкіндігі қарастырылған. Анаға қамқорлық медициналық тексеруден ғана басталмайды. Ол отбасындағы жауапкершіліктен, салауатты өмір салтынан және дәрігер кеңесіне уақытында жүгінуден қалыптасатыны осы жерден-ақ түсінікті болып отыр.
Халықаралық сарапшылар не дейді?
2026 жылғы сәуірде Астанада ДДСҰ мен ЮНИСЕФ қатысқан балалар денсаулығын қорғаудың заманауи стратегияларына арналған халықаралық конференция өтті. Оған халықаралық ұйымдардың өкілдері мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысқандығын білеміз.
ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директорының міндетін атқарушы Октавиан Бивол балалардың саулығын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау жүйесі, отбасы және серіктестер бірлесіп әрекет етуі керектігін атап өтті.
Оның пікірінше, әрбір баланың дені сау болып өсіп, қажетті қолдау алуы үшін заманауи сын-қатерлерді бірлесе еңсеру маңызды.
Конференцияда келтірілген мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда балалардың дамуындағы бұзылыстарды анықтау көрсеткіші 21,5 пайызға өскен, үй жағдайындағы балалар өлімі 22 пайызға азайған, пренаталдық скринингпен қамту 8 пайызға артқан. Бұл деректер медициналық көмекті ерте ұйымдастыру мен жүйелі бақылаудың маңызын көрсетеді.
Қоғамдық жауапкершілік және медициналық мәдениет
Ана мен бала денсаулығын қорғауда ата-аналар қауымдастығы мен қоғамдық ұйымдардың да рөлі ерекше. Олар халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға және медициналық қызметтің қолжетімділігіне қатысты мәселелерді көтеруге үлес қоса алады. Сондай-ақ, балалардың денсаулығы туралы ақпарат вакцинация, профилактикалық тексеру, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, психологиялық саулық және ерте диагностика жөніндегі ғылыми негізделген деректерге сүйенуі тиіс.
Ата-аналар баланың сырқат белгілерін байқаса, өз бетінше емдеумен шектелмей, маманға жүгінгені жөн. Ал медициналық ұйымдар азаматтарға тексеру мен емдеу тәртібін түсінікті жеткізуі керек. Өзара сенім қалыптасқанда профилактикалық жұмыстардың нәтижесі де артады.
Аудандағы ауқымды жұмыстар
Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасында ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаңа бөлімшелер ашылып, білікті мамандар қатары толықтырылып, балаларды ерте диагностикалау мен оңалту қызметтері жетілдірілуде. Бұл жайында Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері С.Артықбаев:
– Жолдауды тыңдадық. Ауқымды мәселелер айтылды. Соның ішінде медицина саласының мамандырына жауапкершілік те жүктелді, қолдау да берілді. Осы турасында айтар болсам, Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасында Президент айтқан қызметтер амбулаториялық және стационарлық деңгейде ұйымдастырылған. Негізгі мақсат – ана мен баланың денсаулығын сақтау, медициналық көмектің сапасын арттыру, аурулардың алдын алу және демографиялық көрсеткіштерді жақсартуға үлес қосу.
Аурухананың перзентхана бөлімі 40 төсек-орынға арналған. Оның 19-ы – босану бөлімшесіне, 10-ы – гинекологияға, 8-і – жүктілік патологиясы бөлімшесіне, 3-і – жаңа туған нәрестелердің интенсивті терапия палатасына тиесілі.
Мұнда асқынбаған жүктілігі бар, жүктіліктің 32 аптасынан бастап мерзімінен бұрын босану қаупі туындаған, сондай-ақ перинаталдық патология тәуекелі орташа жүкті, босанатын және босанған әйелдерге стационарлық акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетіледі.
Ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында кадрлық әлеуетті нығайтуға да басымдық берілген. 2026 жылы резидентураны тәмамдаған жас мамандар қатарынан әйелдер консультациясына бір акушер-гинеколог, перзентханаға бір акушер-гинеколог және бір ультрадыбыстық зерттеу дәрігері, жылжымалы медициналық кешенге бір педиатр жұмысқа қабылданды.
Жүктілік кезеңінде әйелдің денсаулығын тұрақты бақылау, ықтимал қауіптердің алдын алу және болашақ аналарға кәсіби кеңес беру мақсатында 2025 жылғы 18 қарашада ауданда әйелдер консультациясы ашылды. Орталық А.Байтұрсынов атындағы емхана ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Бүгінде әйелдер консультациясында үш акушер-гинеколог, бір терапевт, бір ультрадыбыстық зерттеу дәрігері және төрт акушер қызмет көрсетеді. Сонымен қатар тіркеу, емшара және отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді.
Жаңа туған нәрестелер бөлімшесінде сәбилерге күтім жасау, ана мен баланың бірге болуын қамтамасыз ету және емшек сүтімен қоректендірудің маңызын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар нәрестелер арасында туа біткен ауруларды ерте анықтау, қауіпті белгілердің алдын алу және ата-аналарға қажетті кеңес беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Бөлімшеде фенилкетонурия мен туа біткен гипотиреозды анықтауға арналған скринингтік зерттеулер, жүректің туа біткен ақауына күдік болған жағдайда пульсоксиметрия, аудиологиялық скрининг жүргізіледі. Нәрестелерге В гепатиті мен туберкулезге қарсы екпелер салынады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 25 тамыздағы № ҚР ДСМ-91 бұйрығына сәйкес жаңа туған және ерте жастағы балалардың туа біткен ақаулары мен даму ерекшеліктерін ерте анықтауға бағытталған скринингтік тексерулер де ұйымдастырылған.
Балалардың денсаулығын бақылау мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы кезеңдерде де жалғасады. Қолданыстағы талаптарға сәйкес 0–17 жас аралығындағы балалар хирург, офтальмолог, отоларинголог, эндокринолог, невропатолог, стоматолог және жалпы практика дәрігерлерінің қатысуымен профилактикалық тексерулерден өтеді. Мұндай шаралар ауруларды бастапқы кезеңінде анықтап, дер кезінде емдеу мен алдын алу жұмыстарын жүргізуге жол ашады.
Баланың денсаулығы тек медициналық тексерумен шектелмейді. Оның жасына сай дамуы, психологиялық жай-күйі және әлеуметтік ортаға бейімделуі де маңызды. Осыны ескере отырып, аурухана мен емханада балаларды ерте анықтау, дамыту және қолдау бағытындағы қызметтер жолға қойылған.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету аясында үш психолог, екі әлеуметтік қызметкер және 42 патронаждық мейірбике балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс істейді. Мамандар өзара бірлесе отырып, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтап, отбасыларға қажетті кеңестер береді.
2025 жылғы қарашада 0–5 жас аралығындағы балалардың психофизикалық дамуын бағалау және денсаулығын нығайту мақсатында «Даму және ерте араласу орталығы» ашылды. Орталықта педиатр, дефектолог және невропатолог мамандар жұмыс істейді. Мұнда баланы дамыту, патронаждың әмбебап-прогрессивті моделі, аудиология және ресурстық кабинеттер қарастырылған, – дейді.
Сондай-ақ С.Артықбаевтың айтуынша, аудандағы маңызды бастамалардың бірі – балаларды медициналық оңалту қызметін дамыту. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2025 жылғы 18 тамыздағы №703/1 бұйрығы негізінде Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасының базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды.
Орталық 20 төсек-орынға арналған. Оның 15-і тәулік бойғы стационарға, бесеуі күндізгі стационарға бөлінген. Сонымен бірге амбулаториялық-емханалық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
Мұнда балаларды оңалтуға қажетті мамандардан құралған команда жұмыс істейді. Оның құрамында бір реабилитолог, бір педиатр, бір дефектолог, бір логопед, екі эрготерапевт, бір психолог және емдік дене шынықтыру бойынша он нұсқаушы бар. Мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында олар Астана қаласындағы Ұлттық балалар оңалту орталығында білімдерін жетілдірген.
Оңалту шаралары әр баланың жеке ерекшеліктері мен денсаулық жағдайына қарай жоспарланады. Қозғалыс дағдыларын дамытуға арналған заманауи технологиялар, арнайы техникалық құралдар, тренажерлер, медициналық аппараттар және аппараттық-бағдарламалық кешендер қолданылады.
Орталықта церебралды сал ауруы мен тірек-қимыл аппараты бұзылыстары кезінде қозғалыс функцияларын қалпына келтіруге, сондай-ақ травматологиялық, неврологиялық, нейрохирургиялық және кардиохирургиялық аурулардан кейінгі оңалтуға бағытталған қызметтер көрсетіледі.
Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау үшін орталықтың кабинеттері де қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Шунгит және тұзды бөлмелер, интерактивті және сенсорлық кеңістіктер, бальнеотерапия, емдік дене шынықтыру, эрготерапия, физиотерапия және механотерапия кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар логопед пен дефектолог кабинеттерінде балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға және түзетуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
Аурухананың балалар бөлімшесінде диспансерлік есепте тұратын және мүгедектігі бар балаларға арналған бес оңалту және қалпына келтіру төсек-орны да қарастырылған. Бұл ерекше күтімді қажет ететін балаларға медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтеді.
Түйін. Ана мен бала денсаулығына қамқорлық жасау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір сәбидің өмірін сақтау, баланың дені сау өсуіне жағдай жасау және ананың амандығын қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты болып қала береді. Сондықтан мемлекет, медицина мамандары, отбасы және қоғам бірлесе әрекет етуі керек. Әрбір жүкті әйел сапалы медициналық көмекке қол жеткізіп, әрбір сәби өмірінің алғашқы күндерінен бастап бақылауда болып, әрбір бала қажетті қолдау алуға тиіс. Өйткені анаға көрсетілген қамқорлық – баланың болашағына жасалған инвестиция. Ал дені сау ұрпақ – қуатты мемлекеттің, орнықты қоғамның және жарқын келешектің негізі.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
03 қараша 2026 ж. 54 0