Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Поэзия төріндегі парасат

Поэзия төріндегі парасат

Таяуда А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Оңталап Базаралының құрметті еңбек демалысына шығуына орай «Поэзия төріндегі парасат» атты шығармашылық кеші өтті.
Тағылымды кешке зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, өнер қайраткерлері, ардагерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемұлы ақынның мерейлі жасына лебізін білдіріп, аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізді.
Айтар болсақ, биыл  ақын Оңталап Базаралының еңбегі дараланып, Қызылорда облысы әкімінің әдебиет және мәдениет саласы өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығымен марапатталды. «Игілік бастаулары», «Санадағы сәулелер», «Армысыңдар, арулар!», «Ақсұңқар», «Алау» атты жыр жинақтары мен «Толыбай батыр» атты кітабы шыққан. Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып келеді.
Кештің құрметті қонақтары қатарында бірқатар зиялы қауым өкілдерімен бірге облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов, Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмасбек Молжігітов, белгілі жырау Демеу Жолымбетов, ақын, сазгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Талғат Тілеулесов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Толыбай Абылаев, сатирик, «Арал әлемі» газетінің бас редакторы Ерғали Абдулла да қатысып, ақынға деген ерекше құрмет көрсетті.
Кеш барысында ақынның жаңа жыр жинағы – «101 өлең» кітабының тұсауы кесіліп, өлеңқұмар оқырманға жол тартты. Ақынның сезімге толы сырлы жырларында ең алдымен адами қасиет, өмірдің қилы жолы мен ұлттық құндылықтар көрініс табады.
Сонымен қатар кеште ақынның өмірі мен шығармашылығы да сөз болып, ақын поэзия сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленді. Ақынның жырлары оқылып, ізгі тілектер айтылды. Көрерменнің ілтипаты мен қошеметі зор болды.
Бір сөзбен айтқанда, өлеңді өмірінің өзегіне айналдырып, оқырман жүрегіне жол тапқан Оңталап Базаралының шығармашылық жолына арналған бұл әдеби кеш – жас ұрпақтың ақын шығармашылығынан шабыт алып, өміршең өлеңдерімен сусындап өсе беретінінің дәлелі.

К.ЗДЕНОВА
03 қараша 2026 ж. 56 0