Парасатты поэзия фестивалі өтті

Қара өлеңнің кезегін алғашқы болып алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, ТҮРКСОЙ жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жиналған жұртшылықты жалынды жырмен желпінтсе, мұнан бөлек Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, ақын Светқали Нұржанов, жазушы, «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, бұқаралық журналының бас редакторы Нұрлыбек Сафин, ақын Мырзан Кенжебай, ақын, режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов, ақын Дүйсенбек Аяшұлы, Оңталап Базарәлі, Толыбай Абылаев, Қаршыға Есімсейітова, Ақжол Түменбай және Арал аудандық "Толқын" газетінің бас редакторы, ақын Айдар Сайлауовтар кештің көркін қыздырды. Аға буын мен жас ақындардың үйлесімді өнері қазақ әдебиетінің мэтріне баланған Әбеге арналған шараның деңгейін көтере түсті.
Шарада ақындардан бөлек жыршы Демеубай Жолымбетов қара домбыраның күмбірлеген үні мен жырдың жалауын көтеріп көріктендіре түсті.
Жақсы сөзді жарым ырысқа балайтын жұртшылық тағылымды кеште қуатты қалам иесінің өмір жолы мен шығармашылығы жайындағы есті естеліктерге тояттап, рухани азық алып тарқасты.


"Толқын" ақпарат