Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тойдағы даңғазалық пен жөнсіздік жайы сөз болды

Тойдағы даңғазалық пен жөнсіздік жайы сөз болды

Арал аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында той мәдениеті, жаназа рәсімдеріндегі ысырапшылдық пен қоғамда қалыптасқан орынсыз жөн-жоралғылар мәселесі кеңінен талқыланды.

Той қазақтың болмысында қуаныштың ғана емес, бірліктің, берекенің, сыйластық пен тәрбиенің көрінісі. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүріміздің талай озық үлгісі осы той үстінде дәріптеліп, үлкеннің батасы мен кішінің ізеті сабақтасып жататын. Алайда бүгінгі қоғамда сол бір қасиетті ұғымның қадірі кей тұста арзандап, тойдың мазмұнынан гөрі даңғазасы алға шығып бара жатқандай.
Тойдың сәні шашылған қаржы мен жайылған дастарқанның молдығында емес, айтылған ақ тілекте, көрсетілген құрмет пен жарасымды әдепте. Бір-бірінен асып түсуге ұмтылу, елден қалмауды ойлау, мүмкіндігіне қарамай несие алып, дүркіретіп той жасау белең алуда. Мұндай бәсекенің берекеден гөрі берекесіздікке бастайтыны анық.

Бұған қоса, той мәдениетіне қатысты тағы бір өзекті мәселе бар. Ол уақытқа деген құрметтің жоғалуы. Белгіленген уақытта басталуы тиіс тойдың сағаттап кешігуі қалыпты жағдайға айналып барады.

Тойдың тізгінін ұстаған асабалардың да жауапкершілігі осы тұста айрықша. Асаба жай ғана микрофон ұстап, жұртты күлдіретін адам емес, ол көпшілік алдында сөз сөйлейтін, белгілі бір деңгейде орта мәдениетін қалыптастыратын тұлға. Сондықтан оның әр сөзі мен әр әрекетінің салмағы болуы керек.

Той адамның абыройын сынайтын алаң емес, қуанышын бөлісетін орта. Ендеше, асабаның шеберлігі жұртты ыңғайсыз жағдайға қалдыруымен емес, орынды сөзімен, тапқырлығымен, әдептілігімен өлшенуі тиіс. Қонақты құрметтеу оны ойынның нысанасына айналдыру емес, қадірлі орын ұсынып, көңілін көтеру.

Осы мәселелер аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында арнайы қозғалды.

Талқылау барысында аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, білім саласының ардагері Нұралы Оспанов пен Арал аудандық көше комитеттерінің төрағасы Аманжол Жолмағамбетов сөз алып, мәселенің қоғам үшін өзектілігін атап өтті. Ардагерлер орынсыз даңғазалық пен жөнсіз әрекеттерге тосқауыл қою, ұлттық тәрбиенің өзегін сақтап, той мәдениетін қалыпқа келтіру бағытындағы бастамаларды қолдайтындарын білдірді.

Жиында көтерілген ойлардың түйіні біреу: тойдың сәні сән-салтанатта емес, салт пен санада. Той иесі де, қонақ та, асаба да ортақ мәдениетке жауапты. Белгіленген уақытта басталып, уақытылы аяқталатын, мазмұны мәнді, сөзі өнегелі, әзіл-қалжыңы әдептен аспайтын той ғана шынайы жарасымын табады.
04 қараша 2026 ж. 66 0