Шектен тыс діни жоралғыларды шектеу керек

Осы мәселе төңірегінде өткен отырысқа Арал аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, дін саласындағы республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Каюпов Ислам Маратұлы, облыстық дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, "Сыр дидары" газетінің бас редакторы Алдашбаев Сәкен Мінуарұлы, Арал аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің алқа мүшелері, ауданға қарасты ауылдық округтердегі ардагерлер кеңестері мен қоғамдастық кеңестердің төрағалары, Арал аудандық орталық мешіттің бас имамы мен ауданға қарасты ауылдық жерлердегі мешіттердің имамдары, Арал қаласының көше комитеттері, аудан ардагерлері және қоғам белсенділері қатысты. Басты мәселе аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында көтерілген діни салт-дәстүрлердегі ысырапшылдық мәселесі туралы еді. Қоғамдық кеңес отырысына аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жоланов төрағалық етіп, мәселенің қазіргі таңда өзектілігін айтып өтті.
Жиында Арал аудандық орталық мешіттің бас имамы Қ.Қабылғазиев сөз сөйлеп, өз беттерінше пәтуа шығарып, өлік жөнелту ісінде ысырапшылдыққа жол беріп жататын ағайынға шариғат талаптарын қатаң ұстанып, ас та төк ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін тілге тиек етті. Айтуынша, бүгінде той мен қазаның айырмашылығы болмай бара жатырғандай. Бұл мәселеге қатысты «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген түсінік қалыптасып қалған. Нәтижесінде жайнаған дастарқан, жан басына берілетін жыртыс пен жаулық, қайтарым мен бума-бума ақша. Айналып келгенде, мұның барлығы қазалы үйге ауыртпалық түсіреді. Ысырапшылдық сөзсіз осындай жағдайлардан соң туындайды.
Мұнан соң Арал аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Қызылорда облысының құрметті ардагері Н.Оспанов сөз сабақтады. Рулық және ағайындық қуаныш-тойларда төбе көрсетіп жүрген ардагердің де айтпағы қазіргі алмағайып заманда қыршын пен кәрінің бақилық сапарға аттанардағы жөн-жоралғысының бірдей деңгейде орындалатындығы. Бұл мәселеде де ысырапшылдыққа жол бермеудің маңызы зор. Тіпті қазалы шаңыраққа қайырлы болсын айта барып, қалта-дорбаны қолтығына қыса келетіндер әлі де сиремеген. Мұның соңы қазан мен дастарқанға шабуыл жасаумен аяқталып жатады. Ардагердің айтуынша, мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу маңызды.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты пікір білдіру үшін сөз облыстық дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, «Сыр дидары» газетінің бас редакторы С.Алдашбаевқа берілді. Діни рәсімдер мен жөн-жоралғылардың қазақ тұрмысында қолданылу аясын терең зерттейтін журналистің бұл тақырып жөнінде айтқан кесек-кесек ойлары көп көңіліндегі мәселені дөп басқандай болды. Мәселен, жыртыс жырту. Бұл үрдіс әрине қазалы жағдайдан алыс емес. Яғни ертеде тосыннан келген қайғылы хабарды туысына естірткенде неше түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Сондайда басу айтқан жандармен болған арадағы арпалыста киім жыртылуы мүмкін. Сол жыртықты қайта жамау мақсатында жыртыс жыртып, оны тарату үрдісі қолданылған. Ал бұл жағдай бүгінде тұтас бұйым немесе киім таратуға ұласып жатқан жайы бар. Бұл мәселені С.Алдашбаев жиналғандарға жан-жақты саралап, тұшымды жеткізе білді.
Ысырапшылдыққа ауылдық жерлерде жол беріліп жататын жағдайлар жиі кездесіп жатады. Бұл мәселеде сөз Жақсықылыш кенті мешітінің имамы М.Әбішевке берілді. Қазіргі таңда кент бойынша мұндай жағдайларды бақылауда ұстау, ысырапшылдыққа мейлінше жол бермеу мәселесі бір ізге түскен. Дей тұрғанмен, барын көрсеткісі келіп рияшылдыққа бой алдырып жататын жандар да кездесіп жатады. Мұндайда көпшілік қолдаған қандайда бір үндеудің қолданысқа тезірек енгізілгені жөн. М.Әбішев осы мәселені белгілі бір негізге сүйену арқылы жолға қоюға болатындығын айтты.
Жиында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жоланов күн тәртібіндегі мәселені талқылай келе, діни салт-дәстүрлердегі ысырапшылдық мәселесі туралы Арал аудандық қоғамдық кеңесінің, Арал аудандық орталық мешітінің және аудан ардагерлер кеңесінің аудан тұрғындарына арналған бірлескен үндеуінің жобасын жұртшылық назарына ұсынып, жиын барысында айтылған ұсыныс-пікірлер сараланып, үндеуге енгізілетінін жеткізді.
«Толқын» ақпарат