Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Имамдар да атаулы әлеуметтік көмек алады

Имамдар да атаулы әлеуметтік көмек алады

Табысы төмен болса, имамдар да атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Астанада дәл қазір өтіп жатқан имамдар форумына келген вице-премьер Бердібек Сапарбаев осылай деп айтып қалды деп хабарлайды stan.kz 

Дәстүрлі жиында діни қызметкерлер атқаратын рәсімдердің тізімі, мұсылманның тұғырнамасы тақырыбы, өзге де мәселелер қаралуда. 
Мұндай форум биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. 500-дей имам қатысуда. Қаралып жатқан тақырып ауқымды. Мәселен, осы салаға жауапты ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мешіт қызметкерлерінің жалақысына қатысты пікір білдірді.  Өйткені Конституцияға сәйкес, дін мемлекеттен бөлек. Сондықтан оларға бюджеттен қаржы қарастырылмайды екен. Қазір арнайы қайырымдылық қоры құрылып, соның есебінен дін өкілдерінің еңбекақысын көбейту мәселесі қолға алынуда.
"Мемлекет діни адамдарға органдарға жалақы төлей алмайды. Себебі, діни мәселе мен мемлекеттік екі бөлек нәрсе. Зайырлы мемлекет. Фонд бар, сол арқылы қолдауды қарастырып жатырмыз", - дейді Дәурен Абаев. 
Форумдағы негізігі тақырыптың бірі - дін өкілдерінің атқаратын рәсімдерінің тізімі. Қазіргі таңда сәбиге ат қою, жаназа шығару, неке қию, дем салу секілді 45 қызметтің түрі бар. Алайда, бұл қызмет түрлері бойынша нақты бекітілген тариф жоқ. Оны ешкім қадағаламайды.
"Бірақ діни рәсімді өткізу кезінде оның ешқандай да оның қызмет ақысына, яки болмаса көрсеткен қызметіне ешқандай да ақы алмауы тиіс. Бәрі тегін болуы керек. Ең бастысы түпкі мақсаты тегін өткізу діни адамның міндеті", - деді ҚМДБ төрағасы Серікбай Қажы Ораз.
Ал премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, имамдардың табысы төмен болса атаулы әлеуметтік көмек ала алады.  
Айтпақшы, әлеуметтік көмек демекші, мүфтият ғимаратының маңындағы көліктерге қарасаң форумға қатысушылардың жағдайы жаман емес сияқты. Ал, имамдар үшін діни тақырыптағы әңгімелер қызық емес пе, әлде алыс жолдан шаршап келді ме, кейбіреулері қалғып отырды. Қазіргі таңда елімізде 4 мыңнан аса имам бар. Ал 9 медресе-колледжде 1682 студент білім алуда. Жақында астанада тұңғыш рет қыздар медресесі ашылған болатын.
24 қазан 2019 ж. 729 0