Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала тазалығы алдымен өзімізге керек

Қала тазалығы алдымен өзімізге керек

Тоқсан жылдық тарихы бар «Толқын» газетінің соңғы санында «Толқын» тыңдап тұр...» деген айдармен бір мәселе көтеріліпті. «Сырт көз – сыншы» дейді ғой қазақта. Расында, кемшілігімізді бетімізге басқандай болған екен. Сана өзгермей нәтиже болмайтын істе құр даурығып қажеті жоқ. Негізгі кемшілік өзімізде деп ойлаймын. Көптің есінде болса, осыдан біршама уақыт бұрын Арал қаласы әкімшілігі әлеуметтік желіге көшеге қар үймеуге байланысты ескерткен болатын. Онда халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арал қаласы әкімінің аппараты тарапынан тапсырыс беріліп, «Арал тынысы» ЖШС уақытпен санаспай, күні-түні халық көп шоғырланатын жерлер мен қар, жаңбыр суы жинақталатын тар көшелердің қарын сыртқа тасымалдау жұмыстары жүргізілгендігі айтылған. Сонымен қатар кейбір қала тұрғындары ауласына түскен қарды көшеге үйіп, жолдың бойына төгіп, автокөлік қозғалысына кедергі келтірсе, екіншіден, қаламыздаң көркін кетіріп, тазалығына кері әсерін тигізетіндігі жазылыпты. Мұндай жағдайдың соңы айыппұл арқалаумен шектелетіндігі айтпаса да түсінікті шығар. Алайда оны ескеріп жатқан тұрғын жоқ. Көктемдегі осы жағдайдың боларын алдын ала сезген олар ештеңеге қарамастан, көшелерді төбе-төбе қарға толтырып тастады. Енді, міне, нәтижесін көріп отырмыз.
Иә, кім не айтса да туған жерінің гүлденуін көздейтіндігі белгілі. Алайда іске келгенде кері тартатын қыңыр мінезіміз кейде өзімізге соққы болып тиіп жатады. Жарық көрген әлгі мақала соған нақты айғақ болып тұр. Әні-міне дегенше дәстүрге сай аудан әкімінің өкімімен аудандық деңгейде елді мекендерде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру іс-шараларының екі айлығы өткізіледі. Осы науқанға қала тұрғындарын белсене қатысып, өз ауламызды, көшемізді таза ұстауға шақырамын. Қаламыздың тазалығы алдымен өзімізге керек, жерлестер!
Ә.Елеуов,
зейнеткер
03 наурыз 2020 ж. 925 0