Игі бастамаларда бірлігімізді көрсетейік
Қазір көп адам екі мәселенің бірін әкімдікке артып қоятын болды. Әлбетте, жергілікті биліктің мүлтіксіз атқаруы тиіс міндеттері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Алайда көппен бірге бітетін жұмыстардың барын да ескеруіміз қажет-ақ. Мәселен, көше тазалығы, көгалдандыру акцияларына бір адамның баласындай атсалыссақ, біздің бірлігіміз бен қалаға деген жанашырлығымызды көрсетер едік. Көктем келе кейбір көшелер қар суының кесірінен жүруге қолайсыздық тудырып жатады. Осыған байланысты «Арал тынысы» ЖШС қызметкерлерінің қыста қарды шығарып, көктемде де суды тасып, күндіз-түні тынымсыз тірлік істегенін көзбен көрдік. Мекемеге ол үшін алғысымыз зор. Дегенмен дегбірі қашқан кей тұрғындар шыдамсыздық танытып, еңбекті жоққа шығарып жатқанын құлағымыз шалды. Алайда мәселенің екі жағы барын ойлап көрдік пе? Бұл мәселеде кінәні өзімізден де іздеп көргеніміз жөн шығар. Себебі қыс бойы қарды көше бойына лақтырып, қозғалысты қиындатамыз. Ал жиылған қардың көктемде суға айналатыны түсінікті. Сондықтан тұрғындар көктем жақындағаннан қарды қала сыртына шығарып тастағаны дұрыс деп есептеймін. Бұл өзіміз айтып жүрген көшелерді су басу мәселесін шешудің бір жолы деп қарастырған дұрыс. Әлбетте, қазір жер аяғы құрғады. Дегенмен алда ескерілуі қажет секілді. Бұл «Толқын» газетінің өткен санындағы «Толқын» тыңдап тұр...» айдарында көтерілген мәселеге байланысты ойым еді. Енді алда тазалық, көгалдандыру жұмыстары басталады. Осы игі бастамаларда қала тұрғындарын ұйымшылдықпен атсалысуға шақырамын.
А. БАҚТЫГЕРЕЙ,
қала тұрғыны