Тұрғындар талабы: мәселенің шешімі қандай?

Иә, жер астынан шығып жатқан судың айналасы жоғарыда айтып өткеніміздей малдың су ішетін аймағына айналған. Жаз маусымы кезінде суат іздеген ірі қара малдан бастап, уақ малға дейін суға ағылатын. Ал, ойын қуған балалардың малдардың жатқан жерінде шомылуы тіпті тазалыққа сәйкес келмейді. Ересектердің өзі бұған мән бермей, жиналған судың басына барып, «дем алатын» кездері де өте көп кездеседі.
Сынған шынылар, су басындағы шу, балалардың лас аумақта ойнауы көпшілікті алаң етіп келген. Тіпті десеңіз, жиналған су айналасындағы тұрғын үйлердің жанына дейін жетіп, қара жерге сіңген судың кесірінен әжетхана қазуға да мүмкіндіктері болмайтындай дәрежеге жетті.
Осының барлығы қала азаматтарының назарында болып, көше комитеттерінің төрағасы А.Жолмағамбетов пен аудандық мәслихат депутаты А.Асанбаев қала әкімі Б.Махатовтың тарапына хат та жазды. Аудан басшысы да бұл қиындықтан хабардар болды.
Халықтың ұсынысы қашан да билік тарапынан тыс қалған емес. Міне, бұл мәселе де жақында шешімін тауып, тұрғындардың көптен бергі сұрағы қанағаттандырылды.
Нақтырақ тоқталар болсақ, жер астынан шығып жатқан ағын судың жиналып, сорланып кеткен аумағы толықтай қоршалып, судың көзінен бастап 1 шақырым қашықтыққа дейінгі жерге қала әкімдігі мен «Арал тынысы» мекемесінің жұмысшылары арнайы арық қазды.

Бардық, көрдік. Көңілден шықты. Көп жылдар бойы көлге айналып жататын аумақтың орнындағы су тартылып, қазылған арықты қуалай ағып жатыр. Жолдың астынан жүргізілген темір құбыр арқылы теңіздің кепкен табанына кетіп жатқан суды көргенде, тұрғындар талабының қанағаттандырылғанына қуанып-ақ қалдық.
Тағы бір айта кетерлігі, арық пен су айналасының тазалығы да жіті қадағалауға алынған. Осы уақытқа дейінгі қиындықты түбегейлі жоюға бағытталған жұмыстар нәтижесінде тазалықты сақтауға 2 қоғамдық жұмысшы арнайы бекітіліпті.
«Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» демей ме?! Олай болса, қала халқының көкейіндегі сауалына шешімін тапқан азаматтарға біздің де алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Оңталап ЖОЛДАСОВ