Той өткізу тәртібі түзелсе екен…
«Той десе, қу бас домалайды» дейді қазақ. Бұл сөздің астарында елдің көңіл көтеруге, қуанышты бірге бөлісуге деген ынтызарлығы ғана емес, тойдың ұлт болмысындағы орнының тереңдігі жатыр. Алайда бүгінгі қоғамда «той» ұғымы өзінің бастапқы мәнінен алыстап, кейде тіпті тек мақтан мен ысыраптың, дарақылық пен тексіздіктің көрінісіне айналып бара жатқандай әсер қалдырады.Көшпенділердің тұрмысында той – бүкіл ауыл-аймақтың, ру-тайпаның бірлігі мен ынтымағын нығайтатын ортақ оқиға болатын.
Мысалы, бесікке салу, тұсаукесер, атқа мінгізу сынды салттар – баланың өсу жолындағы белгілі бір кезеңдерін атап өту ғана емес, халықтық ұстаным мен тәрбиенің көрінісі. Осындай тойларда өмірлік қағидалар айтылып, ұл мен қыздың бойына ұят, иба, намыс, жауапкершілік сияқты қасиеттер сіңірілетін.
Ескі қазақта үйлену тойы – ел болып жұмылатын ерекше рәсімдердің бірі еді. Ең алдымен, қыз айттыру, қалың мал, сырға тағу сынды сатылы өтетін дәстүрлер арқылы екі жақ танысып, терең араласып, болашақ құдалықтың берік негізі қаланатын. Той – туыстық қатынасты нығайтып, ел ішіндегі татулықты тереңдететін үлкен рухани белес болатын.
Қыз ұзату – қызды қимай шығарып салып, оның жақсы тәрбие алғанын елге танытатын рәсім болды. Келін түсіргенде ауыл ақсақалдары батасын беріп, ал қыз жағынан әке-бата мен ана-сәлем жолданып, жастарға бағыт-бағдар көрсетілетін.
Беташар – келінге сол елдің тарихын, дәстүрін таныстыру, оны жаңа ортамен табыстыру, жауапкершілігін ескерту дәстүрі еді. Қазір беташар тойды бастау үшін жасалатын шоуға айналғанын көріп, әттеген-ай дейсің.
Қазақ тойы – жыр мен күйдің, терме мен айтыстың мектебі болған. Бір тойда бірнеше ақын айтысып, шеберлер күмбірлетіп күй төгіп, қобызбен бабалар сарын оятатын. Ол – өнерпаздар мен тыңдаушылардың рухани шыңдалуына, елдің эстетикалық тәрбиесін көтеретін рухани іс-шара болатын.
Ал ас беру немесе наурыз мерекесі тәрізді салтанаттарда тек ішіп-жеу емес, рухани азық алу мақсаты көзделді. Халық тойдан ғибрат алу үшін жиналатын. Жасы үлкендер бата беріп, жастарға үлгі-өнеге айтылып, ұрпақ сабақтастығы бекемделетін.
Қазір той – той емес, шоуға айналды. Бұрынғыдай сабырлы, салтқа негізделген қуаныштың орны бір-бірінен асып түсуге тырысқан жарыс басты. Шыны керек, тойлардың көпшілігі несие алып жасалған бір күндік абыройдың сахнасы. Ата-аналар баласының қуанышын көтерем деген желеумен қарызға батады. Келешегін ойламай, несиенің торына түсіп, жарқыраған той жасауды парыз көреді.
Алайда бір күнге арналған салтанат үшін бірнеше жылға қарызға бату – ақылға қонымсыз. Жұрттың көзіне жақсы көріну үшін тойды шектен тыс сән-салтанатқа айналдырып, экономикалық жағдайына қарамай шашылатындар жеткілікті. Мұндайда той ауыртпалыққа айналады. Мәдениетсіз асабалар, қаптаған мейрамханалар, жалтыраған көйлек пен от шашулар қалтаға – салмақ, ділге – дақ.
Қазақстанда орташа тойдың шығыны – 5–10 миллион теңге шамасында. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір тойға шақырылатын адам саны орта есеппен 150–300 аралығында.
Қаржы ұйымдарының мәліметінше, той жасау үшін несие алатындардың үлесі соңғы 5 жылда 2,5 есе артқан. Kaspi.kz және басқа банк деректері бойынша, тұтынушылық несие алушылардың шамамен 17 пайызы қаражатты той жасауға жұмсайды екен.
Ысыраптың үлкен бір көрінісі – тамақтың артылып, тіпті төгілуі. Аста-төк тағам үстелде несімен бірге тойдың сәнін келтіргенмен, оның біразы той соңында еш кәдеге жарамай қалады. Бұл – бір жағынан обал, екінші жағынан ойланарлық жағдай.
Ертеде асаба – ауылдың сөзге жүйрік ақыны, жыршысы, сал-сері іспетті парасатты тұлға болатын. Оның әр сөзі өсиетпен өріліп, мысалмен түйінделетін. Бүгінде тойдың сәні саналатын асабалар, өкінішке қарай, мәдениетсіздік пен дарақылықтың деңгейін көрсетіп жүр. Қонақтарды орындарынан тұрғызып, орынсыз ойындар ойнату, ел алдында арсыз әзіл айту – той мәдениетіне мүлде жат нәрсе. Тіпті, кей асабалар ел ішіндегі ақсақалдар мен үлкендердің қадірін кетіріп, жастарды күлкі үшін пайдаланатын дәрежеге жетті.
Жастарды сахнаға шығарып, еркелікті ерлікке айналдыру, еркектерді билету, таныс емес қонақтардың арасында «махаббат ойынын» ұйымдастыру – мұндай әрекеттер бұрынғы қазақтың түсіне де кірмеген болар.
Ойын кезінде ер мен әйелдің бір-бірінің үстіне отырып, ерсі қимылдар істеуі, экранда көрсетілген түрлі суретті қайталап, бірінің денесін бірінің жанасуы, қарттармен әзілдесіп, оларды жас қыздармен би жарысқа шығару – бәрі қазақтың менталитетінде жоқ нәрсе. Әлеуметтік желі ашсақ күн сайын жаңа видео таралып жатады. Барлық жерде осы жат қылық бар. Тіпті кейбірінде киімдерін киіп-шешу ойыны да көрсетілген.
Иә, той көңіл көтеретін орта. Алайда қазіргі кейбір жастардың биі – «биледім» деуге де келмейтін, тіпті шектен шыққан қимылдарға толы. Бұрынғы қазақы ортада жігіттер шектен тыс қимылмен билемейтін, ал қыз баланың биі – нәзіктік пен ибалықтың айнасы еді.
Бірде видео тарады. Онда шалбарын шешіп, іш киіммен билеген жігіт тойда өзінің көрбес қимылымен жұртшылықты таңғалдырғанымен, желі қолданушыларының ашуына әбден тиді. Одан бөлек, жас қыздың етегінің ашылғанына қарамай бар өнерін салғаны бар. Жастар үлгі алу керек аға-әпкелер ұйымдастырған тойда көрсеткен «қылығыңа» қарап, бас шайқаймыз. Міне, бұл қазақ тойының көрінісі.
Қазіргі кейбір жастар TikTok-пен тәрбиеленгендей, шетелдік үрдісті көшіріп, қазақы ортада қабылданбайтын әрекеттерге баратын көрініс көбейді. Бұл тойдың тәрбиелік маңызын жоғалта бастағанын көрсетеді.
Тіпті «той сағат алтыда басталады» деген – жай ғана сөз. Қонақтар үшін бұл «сегізде бара беруге болады» дегенге айналып кеткен. Бұрын үлкендер «тойға ерте барсаң – құрмет, кеш барсаң – әдепсіздік» деп білген. Қазір бұл ұғым көмескі тартып, той иесін күттіріп қою қалыпты жағдайға айналды. Уақытты бағаламау – бір-бірімізге деген құрметтің кемігенін көрсетеді.
Оның бір себебі қанға сіңген менталитет болса, кейбір елдімекенде үй тіршілігі себеп. Төрт түлік бағатын, кішкентай балалары бар немесе әулет үлкендерімен тұратын отбасылар тойға 22:00-де әзер дайын болады. Және таңға дейін тойланады. Оған өздері де әбден үйренген, десе де кей қонақтар үшін ол уақыттың босқа кетуі. Әрі үлкендер қатысатын мерекелерде кешігіп келудің денсаулық мәселесіне де бір бұрышы тиеді.
Ал жастардың боянуы, той алдында кортеж жалдап қыдыруы бөлек әңгіме. Осы тұста той иелері тойды ерте, уақытылы бастауы керек. Немесе қонақ шақыратын уақытты өзгерткені жөн.
Бүгінде тойханалар да той үшін емес, ақша үшін жұмыс істейтін орынға айналды. Көптеген мейрамханаларда қызметкерлердің білімі де, әдебі де жетіспейді. Қонақты қарсы алу, ас ұсыну, залды безендіру – бәрі формалды, сапасыз. Дастархан жайылғанымен, ниет жайылмаған.
Кейбір кезде тағам суып келеді, не болмаса жетпей қалады. Ол бүкіл рәсімнің берекесіне көлеңке түсіреді.
Қонақ – Құдайдың өзі дейтін қазақпыз. Бірақ қазір қызметкерлердің кейбірі келушіге қабақ шығатын, айтқаныңды естімейтін, дөрекілік танытатын хәлге жеткен.
Мейрамханалар табысқа құнығып, салт-дәстүрге бейжай қарайды. Тіпті кейбір орындарда арақ-шарап ішіліп, бұзақы қонақтар төбелес шығаратын жағдайлар жиі кездеседі. Той – тәрбиенің төрі болуы тиіс еді, бүгінде кейбір тойханалар – тәрбиесіздіктің театрына айналып жүр.
Қазақ «Тойың тойға ұлассын!» деп тілек айтады. Бірақ сол тойымыз ұлтқа ұлағат па, ұят па – осыны ойланатын уақыт жетті. Той – бір күндік қуаныш емес, ол – ұрпаққа үлгі болатын өмір мектебі. Біз той арқылы ұрпаққа не беріп жатырмыз? Салт па, сән бе? Саналы тәрбие ме, санасыз дарақылық па?
Қазір асабаларға мәдениет курстарын, тойханаларға сапа мен қауіпсіздік бойынша қатаң стандарттар енгізу керек-ақ. Тойдың ұзақтығы мен уақытына нақты регламент жасалса, сыйластық артар. Ал тамақ қалдығын кәдеге жарататын қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргізіп немесе несиеге той жасаудың алдын алатын әлеуметтік бағдарламалар жасалса, халық қалтасына біршама жеңілдік болар еді.
Нағыз қазақы той – көркемдік пен кісіліктің көрінісі. Соған қайта оралайық.
Гүлмарал САҚТАПОВА








