Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Ақбоз үйге сүйеніп...»

«Ақбоз үйге сүйеніп...»

Жаңа сөздің мағынасын біліп, жаңа бір ырымды үйренген сайын, оның қызығы мен мән-мағынасы ерекше ыстық әрі қазақы тәрбиенің көзі екенін түсінудемін. Жалпы тек қазақта ғана емес, бүкіл әлемде өзіне тән ым-ишара бар. Үнсіз ғана жасалған ишараның дыбыссыз-ақ берер ұғымы ұшан-теңіз. Бізге «жаман болады» деп үйреткен саусақ шошайту, жағын ұстау, есікке керілу сынды істің бәрі де осы ым-ишара түріне жатады. Соның бірі – үйге сүйену. Кішкентай кезімізде үйге сүйенсек, «ішіңе күйік түсті ме, сүйенбе» деп ұрысатын еді әжем. Сонда балалықтан «күйген адам ғана сүйенеді үйге» деп ойлайтынмын.
Жақында кітаптан «Баянауыл» әніндегі:
Баянауыл басында балалы құр,
Бір сөз айтам, ей, қалқа, мойныңды бұр.
Ауылыңның тұсынан ән салғанда,
Ақбоз үйге сүйеніп қара да тұр, – деген жолдарын оқыдым. Содан қызығып, ізденсем, үйге сүйенудің мағынасы – аңсау, сағыну, зарығу сынды адам көңілінің қимастығын білдіреді екен.
Міне қызық, дедім ішімнен. Ертедегі ауыл алыс, жер шалғай уақыттағы екі жастың, қос ғашықтың бір-біріне сезімін білдіретін бұл ишара неткен ғажап еді. Сөзіме дәлел, Нұржан Наушабайұлының «Көкенай» әнінің қайырмасындағы:
Көкен-ай, қиылған қас екен-ай.
Ақбоз үйге сүйенген,
Біздің де қалқаш екен-ай, – деген жолдар.
Мінекей, қазақы болмыстың өрнегі. Иә, бір қарағанда, қызға тек қана жігіт ғашық сияқты көрінеді. Дегенмен ақ соз үйге сүйенген қыздың өзі жүрегінің аңсары ауып, жігітті өзі де зарыға күткенін, сағынғанын білдіріп тұрған жоқ па?! Қазіргі қазақ қызындай түрлі бағдарлама мен желі жағалап «бай іздеймін» деп емес, ерекше бір болмыспен ер адамға қанша ғашық болса да, оны ашық жария етпей ішіне бүккен. Қыз болмысының қадірі де осылай сақталған, биіктігін жоғалтпаған. «Қыздың үндемегені – келіскені» деген қазақтың сөзі де осындай іште жатқан ыстық сезімнің сөзбен емес, қыз әрекетінен байқалып, ұғындырғанын білдіреді.
Қыздың өзінде көңілі барын жігіт те соншалықты мақтанышпен жеткізеді. Қолы жеткен аруды сол паң мінезінен түсірмей, ел алдындағы абыройын қадірлеп, бір ғана қылығын айтып екінші жанның құпия сезімін ашып береді. Осылайша айдай ару мен сүйген жігіттің алғашқы диалогы осылай өріледі.
Көпке таныс, жыл сайын теледидардан үзбей көрсетілетін «Қыз Жібек» фильмінде дәл осы сөзіміздің негізгі көрінісі бар екенін білесіз бе?!
«Шектіні шауып кел десем, бір шүйкебасына алданып келіпсің» деп Базарбай ұлына разылығын бермеген сәтте, үйде жападан-жалғыз жатқан Төлеген бәріміздің санамызда. Сол сәтте кадрда шаңырақтан ұшып бара жатқан қаздарды көреміз. Оның бәрі режиссер идеясында Төлегеннің Жібекпен кездесуін тағатсыздана күткенін білдіреді. Осыдан соң Жібектің ақ боз үйге сүйене, алысқа көз салып, зарыққан бейнесін көрсетеді. Бұл сәтте біршама уақыт тапжылмай кадрда ұсталып, қыз Жібектің бірнеше мәрте күрсінгенін де көруге болады. Міне, осылай екі жастың сезімі тілсіз-ақ қапысыз көрсетіледі.
Иә, бүгінде бұл ишара да, өлең сөздері де ескіліктің жұрнағы болып жатыр. Махаббат туралы әнді тек қана турасынан түсініп, оны кафе мен мейрамханада тыңдап өсіп келеміз. «Заманында қалып қойған» әндерден бүгінгі әндеріміз әлдеқайда биіктеп кеткендей. Әуен сазындағы мың қатпарлы сыр бүгінде жаңа ритмге көшіп, қазақылық сарын біз үшін құпия шежіреге айналып бара жатқандай...
Г.САҚТАПОВА
Сурет: ашық дереккөз 
12 наурыз 2024 ж. 880 0