Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жатын бөлмеге айна ілуге бола ма?

Жатын бөлмеге айна ілуге бола ма?

Ассалаумугалейкум! Жатын бөлмеде айна ілініп тұрса, періштелер ол бөлмеге кірмейді деген сөз рас па?
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Құрметті сауал жолдаушы, жатын бөлмеде болсын, үйдің басқа жерінде болсын, айнаның ілініп тұруы – періштелердің кіруіне кедергі емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадисінде, сурет бар үйге, ит бар үйге және ғұсыл құйынбаған адам бар үйге періште кірмейтіндігін айтқан[1]. Алайда, айна бұлардың қатарына жатпайды.
Мұндай пікір қайдан туындаған?
Айна тұрса періште кірмейді деген сөздің астарында: "айнада көрінген адамның бейнесі де сурет іспетті, сондықтан, сурет тұрған жерге періште кірмейтіні сияқты, айна тұрған бөлмеге де періште кірмейді" деген пікір жатса керек. Мұндай пікір шындыққа жанаспайды. Айнада көрінген бейнені суретпен тең көру қисынсыз.
Немесе мұндай пікір, кейбір ұлттардың сенімінен әсерленіп туындаған болуы да мүмкін. Мысалы, феншуй философиясында: «Жатын бөлмеде айна тұрса, ұйықтап жатқан адамның оңтайлы энергиясын ұрлап алады» дегенге сенеді. Сол себепті, олардың пайымынша жатын бөлмеге айна қоймау керек екен. Бұндай сенім де негізсіз.
Қорыта айтқанда, Ислам дінінде айнаны қолдануға да, үйдің қалаған жеріне іліп қоюға да болады. Үкімі - мубах (рұқсат). Алла елшісі (с.а.у.) айнаға қарайтын. Тіпті, Пайғамбарымыз айнаға қарағанда оқылатын арнайы дұғасын да үйреткен[2]. Ал, айна тұрған бөлмеге періште кірмейді деген сөздің негізі жоқ.
Ең дұрысы - Аллаға мәлім!
islam.kz
20 қыркүйек 2020 ж. 868 0