Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Той қуалайтын емес, ой қуалайтын уақыт

Той қуалайтын емес, ой қуалайтын уақыт

Иә, біз бұған дейін де қазақтың тойы туралы, ондағы ысырапшылдық пен шектен тыс дәстүрлер мен жөн-жоралғылар жайында бірнеше мәрте қалам тербеген болатынбыз. Расында, қазақтың бүгіні мен болашағын тек тоймен елестету қиын. Қазір қарап тұрсаңыз, той тоқтағалы көптеген халықта оған деген айтарлықтай наразылық жоқ. Керісінше, «тоқтату керек» деген пікірді көбі қолдап жатыр. Ұлт зиялылары да бұл мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салып, қазаққа аста-төк ысыраптың, не болса соны тойлаудың керегі жоқтығын айтуда.
А.Бисенов

«Тойдың арқасында қаншама адам жан бағып отыр – даяшылар, аспаздар, фотографтар. Әр адам өзінің көрпесіне қарай көсілуі керек қой. Кредит алып, ұлан-асыр той жасап жатқандарды ешкім күштеп, мәжбүрлеп жатқан жоқ. Бұл – әр адамның өзінің қабылдап отырған шешімі. Тойдың арқасында әртістер күн көріп отыр. Қазақ той жасаса, қашанда асаба, әншіге жүгінеді, сондықтан бұл қанда бар қасиет. Той, былайша айтқанда, бір отбасының халықтың алдында есеп беруі ғой» – депті Қайрат Әділгерей деген актер.
Айтса айтқандай, тойдың арқасында күн көріп отырғандар бар. Алайда тойға ғана ән жаздырып, одан қалтасын қампайтып, өздерін жұлдыз санап жүрген желөкпелер қаншама?! Мұның бәрі әрине біздегі бақталастық пен даңғазалықтың кесірінен болып тұр. Тойға миллиондап ақша шашып, қымбат киімдер мен ақшаға әртіс пен әнші шақырып, өзінің деңгейін көрсеткісі келетін кеудемсоқтар көбейіп кеткен. Солар аман болсын деп, санаулы сағатта қалтасын қағып кететін әншілер бүгінде тойда билейтін әндер жазып, сұраныс жинауды дағдыға айналдырып алды. Мұны өз басым өнерге жатқыза алмаймын. Бұл – өнерді – пұлға, арды – абыройға сату. Міне, осы сынды жөнсіздіктер мен дарақылықтар біздегі той мәдениетінің деңгейін түсіріп жіберді. Қазір елімізде не көп, тойхана көп. Хан сарайындай ғимарат тұрғызып, оған той өткізу арқылы шытырлатып ақша санап отырғандар бүгінде өздерін кәсіпкер санайды. Басқалардан бәсі жоғары болғандықтан, тойдағы мәдениет пен қазақы құндылықта шаруасы жоқ. Әйтеуір аптасына ақша айналымын жасап отырса болғаны. Қайсыбірін айтайық. Тек бір белгілісі, қазақтың бүгінге дейін баламның қуанышы деп жасап келген тойы есебін тапқанға бизнеске айналып кетті. Біз енді мұның бәрінен арылып, таза әрі шынайы елге еңбек етіп, өндіріс пен экономиканың дамуына басымдық беруіміз керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі еліміздегі «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деген еді.
Анығында, қай елдің болмасын осы бір күрделі кезеңнен өзінің күшімен өтетін кезі келді. Алауыздық пен құр даңғазалыққа бой алдырған елдің экономикасы тоқырап, табысы азаяды. Мұның соңы халықтың жағдайына тікелей әсер етіп, мемлекеттің тұғыры шайқалуы мүмкін. Ендігі жерде біз осы жағына көбірек мән беруіміз керек.
Әрине мүлдем той болмасын деуден де аулақпыз. Алайда оны әркім өз шамасына қарап жасаса деген ой. Бұрынғыдай 200-300 адам шақырмай-ақ, өздерінің ағайын-туысы арасында өткізсе, соның өзі той. Сондай-ақ сүндет той, шілдехана, туған күн мен тұсаукесер сынды салт-дәстүрге негізделген құндылықтарды дүркіреген тойға айналдыру да бізге опа бермейді. Одан біз ештеңе ұтпаймыз. Керісінше, әрбір жанның қалтасын қағып, қарызға батырады. Мұндай тойды әркім өз үйінде өзіне жақын жандармен өткізуі керек. Мәселен, сүндет тойда ауыл үлкендері келіп, батасын берсе болды. Шілдеханаға әжелер жағы келіп, баланы бесікке салып, өзіне тән жөн-жоралғысын жасайды. Бұрынғының біз білетін ізі осылай болатын.
Сөзімізді қорыта айтсақ, қазаққа күнде той жасап, ас ішіп, аяқ босату дағдысынан арылатын кез келді. Оның орнына әркім өзі үшін еңбек етіп, елдің жағдайын жақсартуға үлес қосуы керек. Бұл – қазіргі заманның бізге белгілеп берген басты талабы. Онсыз қай ел болмасын құрдым қақпасына жол ашады. «Той – қазақтың қазынасы». Ол рас. Жөнімен жасалған қуаныш отбасында ғана аталып өтілуі тиіс.
14 шілде 2020 ж. 927 0