ТӨРТ ТҮЛІГІ ӨРІСКЕ ТОЛЫ ҚОЖАЛЫҚ

«Сапақазған» базы Әжіғұловтар әулетінің берекелі өңіріне айналғалы Зейнет ағамыздың ойынан қазақтың ақбас сиырын өсіріп, одан өнім алу мақсаты күні кешеге дейін бір шыққан емес. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, сол бір қадамға бірден аяқ басқысы да келеді. Десе де, үкіметтің көмегіне иек артатын ол аз-кем ойланып, райынан қайтып қалатын. Міне, сол бір ұзаққа созылған ойдың іс жүзінде жүзеге асар сәтін де өткен жылы келтірді. Кәсіптің көзін тапқан жан тағы да сол аталған шағын несие ұйымы арқылы тәуекелге бел байлап, ет бағытындағы қазақтың ақбас сиырының басын ұлғайтпақ ниетпен жылжымайтын мүліктерін кепілге қойып, несие алды. Бұл жолғы несиенің жалпы көлемі алғашқыдан екі есе көп. Есесіне, бұл қожалықтың меншігінде бүгінде асыл тұқымды ақбас сиырлар бар. Соның арқасында Зейнет ағамыз осы жылы қазақтың ақбас асыл тұқымды бұқасын өзгеге сататын жағдайға жетіп отыр. Еліміздің беріп отырған осындай мүмкіндіктерін алға тартқан кейіпкеріміз Зейнет Қайыңбайұлы:
–Қазіргі заманда жұмыс жасап, тұрмыс түзеймін деген жандарға мүмкіндіктер толып жатыр ғой. Мәселен, мен де бір кездері бір айлыққа күнім қараған қарапайым жұмысшы едім. Бүгінде жұмыс берушімін. Қазір шүкір. Осы төрт түліктің арқасында бала оқытып, оларды құтты орындарына қондырып жатырмын. Өзіне сенімді, қолға алған кәсібін одан әрі дөңгелетіп кете алатын жандарға «Арал ырысы» сынды шағын несие ұйымдарының берер көмегі мол болып отыр. Бүгінде сол аталған серіктестік 100-ден астам шаруаларға қажетті мөлшердегі қаражатын аздаған пайызбен беріп отыр. Біз елімізде мұндай мүмкіндіктердің барына дән ризамыз. Бастысы, ниет керек екен. Қазіргі уақытта екі балам да өз алдарына еңбек етіп, үкімет берген сол мүмкіндіктер арқылы өз алдарына мал бағып, тіршілік етпек. Ерінбей еңбек еткен жанға Алла несібесін молынан береді, – дейді.
Иә, «Мал-жаның аман ба?» дейтін қазаққа мұнан асқан аталы сөз болмаса керек-ті. Міне, сондай тілекпен таң атырып, кеш батыратын Зейнет ағамыз үнемі мал-жанының амандығын бір Алладан тілеп отырады. Осы шаруаға бетбұрыс жасағалы, дастарқанынан да ақ үзілген емес. «Келінім түйе сауған құрлы сауғандай болмайсың, мардымды сүт шықпайды деген соң, өткен жылы Қарақалпақстаннан әр басы 700 мың теңге тұратын 3 бас сүтті аруана сатып әкелдім. Бүгінде олардың әрқайсысы күніне 5 литрден сүт береді» – дейді қожалық төрағасы.
Шынайы еңбек әр кез адамды абыройға бөлері анық. Қай заманда болмасын береке малда. Мұны қазақ халқы ерте заманнан ұққан.
А. ҚАРАСАЙ.