Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ тойына реформа қажет

Қазақ тойына реформа қажет

     Құдайға мың да бір шүкір. Не көп, той көп. Тойдың болғаны жақсы. Бала теңін тауып, отау құрып жатса, тұсаукесер, тілашар, сүндет той жасалып жатса, мәртебеміздің өскені. Негізінде той құндылықтарын қадірлеп-қастерлеу, ұлттық дәстүрлерді сақтау және той иесін сыйлау, сөздің құнын түсірмеу де қажет. Дегенмен қазір тойдың да көңіл тоймайтын сәттері көбейіп кетті. Таза өнер ғана тойдың сәні. Қазір қай тойға барсаңыз да, қайталана беретін көріністер. Осыған ой жіберіп қарасақ, бәрі де бірі-біріне ұқсас дағдыдан асып кете алмайды. Той кеш басталады. Шақырған қонақтар сол дағдыға үйренген. Екі-үш сағат кеш келеді. Кейде үйленуші жастар да машинамен серуенін ұзартып жіберіп, қаншама халықты күттіріп қоятын жайлар да кездесіп жатады. Тойдың сәнді де мәнді өтуі асабаларға байланысты екені анық. Кейде жарамсыз сөздерді өлеңге қосып, талғамсыз оймен елді әурелеу де кездесіп жатады. Сонан соң асаба шапалақ сұрай бастайды. Кейбірінің дөрекі сөздерін де естіп жүрміз. Мынаны қараңыз, "қол шапалақтамаған адамның үйіне ұры түссін, қол шапалақтаған адамның қолына ақша түссін. Қол шапалақтамаған адамды үйіне бара жатқанда ит қапсын" деген сөз мәдениеттің төмендігін білдірмей ме?! Тағы басқа мұндай келеңсіз көпірмені есітіп, қалай шыдап отырасың. Үзілістің бір уақытын тауып, асабаға ренішімізді айтқан уақыт та болды. Егер асаба ұлағатты, әсерлі, салауатты сөздерімен халықты өзіне қарата алса, тойшы қауым ризашылығымен өздері-ақ қол шапалақтап, қошеметтеп, қоштап отырады емес пе?!
       Асаба мәдениетті, халыққа өнеге боларлықтай сөздерді айту арқылы тойшы қауымды өз аузына қарата білу қажет сияқты. Барлық асабаға топырақ шашудан аулақпын. Мысалы, Абай, Самат, Қыдырбай, тағы басқа асабалармен қатар, төретамдық Дәулет атты асабалардың той жүргізуіне біршама қанағаттанамыз. Тағы бір айтарым, тойдағы музыканың дауысы жер жаратындай деуге болады. Үстел жиегінде отырған тойға келушілер не жеп, не ішіп отырғанын да білмей қалатындай шамадан тыс шыққан музыканың дауысынан әңгімелесуден қаламыз. Және сол мейрамханаға жақын орналасқан тұрғындардың да мазасы болмайтын шығар. Өйткені тойдың соңы түнгі екі-үш те аяқталып жатса, елдің ұйықтайтын мезгілі  екені де белгілі. Тойдың кеш басталып, кеш аяқталуы біз сияқты қарияларға обал-ақ. Себебі сол әулеттің үлкені болғандықтан, той салтанатының беташарын ашып беру, сонан соң тойдың соңында бата беретін болғандықтан амалсыздан отырып, тойдан шаршап-шалдығып қайтуға тура келеді.
   Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы twitlr-дегі парақшасында еліміздегі той өткізу форматын жаңарту туралы пікірталастарды қолдайтынын, қазіргі қазақ тойында қалыптасқан қасаң көзқарасты өзгертіп, көз бояушылық, даңғазалық, ысырапшылдықтан арылу қажеттігін айтқан болатын. Расында, той өткізу мәдениетін ұлттық ұлы ұлағаттарға, озық салт пен дәстүрге сай биіктету ортақ парыз екені баспа беттерінде де жиі жариялануда. Тіпті, өнегелі өткен тойлар насихатталып, бейәдеп өткен тойлар сыналса деген де ой бар. Жалпы, бәсеке үшін, дақпырт үшін тойдағы тамақ түрлерін көбейтіп, ысырапқа жол беру қасиетті Құран талаптары мен өркениетке де, мәдениетке де қайшы келетінін айтып та, жазып та жүргеніміз белгілі. Тойдың уақытында басталып, уақытында аяқталғанын көпшіліктің ойы мазалайтынын естіп те жүрміз. Кешке той сағат 6-7-де басталып, түнгі 11-де аяқталса, тойға шақырған қонақтарды уақытында келуін қалыптастырсақ. Олай істеуге де толық мүмкіндік бар ғой. Барлығы өзімізде. Сондықтан ортақ келісімге келу жолын көпшілік болып шешкеніміз дұрыс. Ортақ мәселені аудандық «Алқа билер» құрамымен, қала ақсақалдарымен және мейрамхана иелерімен бірігіп кездесу жасап, бір пәтуаға келген де дұрыс шығар. Тіпті, тойға шақыру билетіне «той кешкі сағат 6-да немесе 7-де басталып, түнгі 11-де аяқталады», – деп те жазып жіберсе, артық болмас еді. Ал дастарқанға арақ-шарапты қоюдың қажеті жоқ болып бара жатқан сияқты. Қазақтың ұлттық сусындарымен де тәп-тәуір тойлар өтуде. Олай болса, ішімдіксіз өткен той тамаша дер едім. Той барысында қазақы ойындар – «Асық ату», «Ләңгі тебу, «Қалау-қалау, кімді қалау» ойындары ойналса деген ой бар. Бірде бір тойда Абай Бектұрғанов деген азамат асабалық жасағанда асық аттырып, ләңгі тепкізіп, жігіттерді жарыстырғаны тойшы қауымды бір желпінтіп тастағаны бар. Ал біздің де жастық шағымыз есімізге түсіп, делебеміз қозып, бір марқайып қалдық.
   Тағы бір айтарым, келін түсіріп, қыз ұзатқандағы ысырапшылдық бастысы – кит атау. 30-дың үстінде кит аталынады. Оған жұмсалатын қаржы шашетектен. «Көрпеңе қарай көсіл» демекші, той иесі шамасы келмесе де, киттерді алу үшін қарызға батады. Соңынан оны өтеу деген тағы бар. Сондықтан китке жұмсалатын қаржыны сол тойдың қажетіне жұмсаса деген ой мазалайды. Сол аталған китке разы болмай, арада өкпе де болатыны анық. Биыл немеремді ұзаттым.  Құдаларымызбен келісе отырып, ортада кит болған жоқ, өкпе-қақпа да болған жоқ. Той өз мәнінде өтті. Жалпы, шашуға әкелген қаржы немесе бұйым сол көмекке беріледі емес пе? Бүгін маған, ертең саған дегендей. Сондықтан әркім өз көрпесіне қарай көсілген дұрыс болар еді.
    Келесі айтарым, мәйітті (қайтыс болған адамды) соңғы сапарға шығарып салған соң, ағайын-туыс, жекжаттарға иіс деп кілемдер, сөмке-сөмке заттар, жағалы бұйымдар таратылып жатады. Ағайын-туыс, жекжаттар қазалы болған үйге жәрдем ретінде бата оқуға қаржылай, заттай жәрдемдесіп жатады. Бұл дұрыс нәрсе. Сол әкелген нәрселеріне сәйкес жоғарыда аталған  кілемдер, сөмке-сөмке заттарды тарату дұрыс болар ма екен? Қайтыс болған адамның үйі 40 күндік садақасына дейін 3-4 апта бойы бейсенбілік, жұмалықтарына дастарқан жайып жатады. Бұл да үлкен қаржы. Ал 3-4 аптдан соң 40 күндік садақасы, артынша 100 күндік садақаларын жасағанда да қаржыға тіреледі. Бұл –  бақи болған адамды еске алу құрметі. Сондықтан иіс беруге тыйым салсақ деген ой келеді. Әрине, әркімнің өз ойы бар, бұл менің жеке пікірім.
    Шижаға елді мекеніндегі ақсақалдардың пәтуасы ойға оралады. Қайтыс болған үйде сол ауылдың тұрғындарына дастарқан жайылып, шай берілмейді екен. Бірден ет тамағын беретін болып келіскеніне бірнеше жыл болды. Бұл да құптарлық нәрсе. Қайтыс болған адамның үйіне үлкен көмек десе болады. Ал сырттан келетін ағайын-туыс пен жекжаттарға дастарқан жаяды екен.
     Тойдағы олқылықтарды, кемшіліктерді түзетуге талғампаздықты, тағылымды арттыруға атсалысу бәрімізге міндет. Мәселен, көрші мемлекеттерде той туралы заң немесе жергілікті өкілетті органдарда ережелер қабылдаған екен. Осы мәселелерді бізде ойластырған абзал. Өйткені бұл – жұрттың көкейінде жүрген әңгіме десе болады.
Аманжол Жолмағамбетов,
ардагер ұстаз,
Арал қаласы.
17 қыркүйек 2019 ж. 1 555 0