Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Той өзін-өзі ақтасын десеңіз - Маман кеңестері

Той өзін-өзі ақтасын десеңіз - Маман кеңестері

Дүркіретіп той өткізгісі келетін қазақстандықтар агенттіктер мен ұйымдардың көмегіне жүгініп, ақшасын аямай, тойды жоғары деңгейде өткізуге тырысады. 300-400 адамға дейін шақырып, миллиондаған ақша жұмсайды. Бірақ ол шығын ақтала ма? Әлде той иелері керісінше ұтыла ма? Той өз шығынын жапты дегенді аса ести бермейтініміз рас. Той жасағанда еш шығынға батпаған және керісінше тойдың өзін-өзі ақтамай, біраз шығын келтірген отбасылар Tengrinews.kz тілшісіне өз тәжірибелерін айтып берді.
Таяуда отбасылы болған алматылық Дәулет пен Айсұлу той жасаудан ұтылмауға болатынын айтады.
"150 адамдай шақырдық. Өте аз адам сияқты көрінеді. Тек жақын туыстарымыз келді. Аса араласа бермейтін алыс туған-туыстарды шақырмауды ұйғардық. Соның арқасында шығынға батпаған шығармыз", - деп күледі Айсұлу, - Сондай-ақ, біз мейрамхананы қаланың шет жағынан алдық. Ол орталықта орналасқан мейрамханалардан әлдеқайда арзан болып шықты.
Мейрамхананың әкімшісімен келісімшартқа отырдық, онда әрбір үстелдің шығыны нақты көрсетілді, артық ештеңе алынып немесе қосылған жоқ. Ең бастысы біз жеміс жидектерді, шұжықты, алкоголь өнімдерін өзіміз алып келдік. Бірақ ішімдік бізде аз болды. Олар диджей, музыкант, шоумен, сиқыршы деп әрқайсының қызметін ұсынады. Біз тек асаба мен диджейді алдық". Сондай-ақ Айсұлу мейрамхананың ішін өзіміз безендірдік дейді.
Айтуынша, достарына көмектесіп, өз фантазияларымен түрлі түсті шарлармен, ленталармен, гүлдермен безендірген. Осы ретте жас отбасы той жасау кезінде үнемдеуге мүмкін болатын әрбір детальға назар аударуға кеңес береді. Дегенмен той бизнесінде жүрген event-менеджер Лаура Мырзабекованың айтуынша, той өзін-өзі ақтайтын жағдайлар өте сирек кездеседі. "Той қонақтары той шығынын жабатын жағдайлар өте сирек. Көзім жеткені халық той шығынын ақтау үшін емес, өздері үшін, яғни ұятқа қалмау үшін жасайды. Сондықтан тойға бар ақшасын береді. Өзімнің тәжірибеме сүйенетін болсам, қомақты сомадағы ақшаны тек жастардың ата-аналары береді. Ал жақын деген туыстар кейде тіпті ақшалай емес, техника бұйымдарын немесе зергерлік бұйымдарды сыйлап жатады. Мұндай жағдайда тойдың ақталмайтыны сөзсіз. Бірақ кез келген той иелері кімнің шамамен қанша ақша беретінін біледі ғой. Сондықтан барлығын алдын ала ойластыру керек. Әрине, біреуді шақырып, екіншісін шақырмай қойған ұят. Дегенмен шығын көп болмасын десеңіз, сондай шешім қабылдауға тура келеді. Бірақ бұл той өз шығынын жабады деген сөз емес", - дейді Лаура.
Тараздық Мұхтар мен Еркемде де, той ұйымдастырушысы айтқандай, шығыны мүлде қайтпаған. Жастардың айтуынша, тойға барлығы 6 миллион теңгеге жуық ақша кетті. 
"Үйлену тойымызға 300 адам шақырдық, бірақ 400 адам келді. Қазақтардың әдеті сол, еш таңғалмадық. Әрине, бұл жағдайда шығын ешқалай да ақталмайды. Шығын ақталды дегенді естімеппін де. Себебі қазіргі таңда мейрамханаларда бір адамға орташа есеппен 7 000 - 10 000 теңге алады. 3-5 мың теңгелік орындар да болады, бірақ онда дастарқан бос болып қалады. Той қонақтарының тізімін жасап, әрбір отбасынан көп болса екі адамды шақырдық. Бірақ олар екі адам болып емес, 4-5 адам болып келді де, әрқайсы бар-жоғы 10 000 теңге береді. Біз де тек екі адам келсін деп айта алмаймыз ғой. Сондықтан біздің тойымыз да мүлде ақталмады. Екі миллион теңгеден аса ақшаны өзіміз қосқан болып отырмыз", - дейді тараздық жастар.
Еске салайық, маман мұның алдында кредитсіз әрі үнеммен той жасаудың жолдарын айтып берген болатын. Еvent-менеджердің айтуынша, тойдың безендірілуіне, қалыңдық көйлегіне және түрлі шоу-бағдарламаларға ақша үнемдеуге болады. Сондай-ақ, маман той алдында қазақстандықтардың көбі шығынды алдын ала есептемей, ақшаның қайда жұмсалып жатқанын түсінбей жататынын айтады. Салдарынан ақша жетпей, қарызға батады дейді. 
tengrinews.kz

27 шілде 2019 ж. 1 076 0