Есірткісіз болашақ – қоғам үні
Болашақ – бүгінгі ұрпақтың қолында. Әрбір жас өз арманына жетіп, ата-анасының үмітін ақтап, еліне пайдасын тигізуді қалайды. Алайда жарқын болашаққа кедергі келтіретін өзекті мәселелердің бірі – есірткі. Бұл тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның тағдырына әсер ететін үлкен қауіп.
Мен колледж студенті ретінде жастардың дені сау, білімді әрі саналы болғанын қалаймын. Өйткені адам өміріндегі ең қымбат құндылықтар – денсаулық, отбасы және болашақ. Кейбір жастар қызығушылықпен немесе достарының ықпалына еріп, қате таңдау жасауы мүмкін. Бірақ әрбір әрекеттің өз салдары бар екенін ұмытпаған жөн. Өзгенің сөзіне еріп, өз болашағыңа қауіп төндіру – үлкен қателік.
Есірткімен күресу үшін тек тыйым салу жеткіліксіз. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спортқа, өнерге, білімге қызығушылығын арттыру қажет. Бұл бағытта ата-ана мен ұстаздың қолдауы ерекше маңызды. Сонымен қатар әрбір жас интернеттегі күмәнді ұсыныстардан сақ болып, өз өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Менің ойымша, есірткісіз қоғам құру – баршамызға ортақ міндет. Әрбір жас саналы таңдау жасап, салауатты өмір салтын ұстануы керек.
Болашаққа тілегім – жастардың арманы есірткімен емес, біліммен, еңбегімен және жетістігімен өлшенсе екен! Себебі еліміздің ертеңі – дені сау, білімді ұрпақтың қолында!
Сұлтанбекқызы Аяна
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық
жоғары колледжі,
«Филология» бөлімі, 1-курс студенті











